Сыр  перзенті

165

0

Сырын ішіне бүккен Сыр өңірі саналы өмірін еліміздің түлеп түрленуі жолында тер төгіп, аймақтың абыройын асқақтатуға аянбай үлес қосқан аяулы перзенттерін әрдайым мақтан етіп келеді және бұл құптауға тұрарлық құндылық.  

Атам қазақтың қадым заманнан-ақ ішкі және сыртқы саясаты да, экономикасы да, алыс-беріс сауда саттық саласы да, тіпті ел басына күн туа қалған жағдайдағы әскери технологиясы да кең даланы еркін жайлаған төрт түлікке, мал шаруашылығына тікелей байланысты да, тәуелді болғаны белгілі. Сондықтан да сол төрт түліктің жылдың төрт мезгіліндегі табиғат құбылыстарымен тайталаса жүріп бар жағдайын – ішіп-жемі жайылымын, қыс қыстауы мен жаз жайлауының қарбалас кезіндегі көшіп қонуын, түз тағысының тырнағына тап болмауын, тіпті төрт түліктің әрқайсының өздеріне тән кесел-дерттерінің дауасына дейін зер салып, табиғаттан тін тартқан асқан біліктілікпен ем-домына дейін қадағалап отырған. Бастысы, ол нәтижелі болған. Тіпті тәуелсіздікке дейінгі кеңестік кезеңдегі көнекөз үлкендердің өздері жылқы малының маңқасы мен сақауын, түйе малының обасын, сиырдың қарасан, өттеу, сарыпын, қойдың топалаңын тағысын тағы жан-жануарлардың өздеріне ғана тән есепсіз кеселдеріне орай қандай амал-тәсіл, ем-шара қолданатынын да тап басып айтып отырушы еді.

Ал сананы цифрлық технология он орап алған бүгінгі заманда ата-бабаларымыздың асқан қиыншылықпен жүзеге асырып отырған жанкешті тірлігін жеңілдетудің мың сан жолдарын жаңа заманның жаңа жетістіктерімен қаруланып, жүзеге асырып жүрген, оқыған тоқығанын ел экономикасының өркендеуі жолында аянбай жұмсап жүрген жалынды жастары да жетерлік. Сондай жас академик-ғалымның бірі –Сыр өңірінің төл перзенті, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қаратаев Болат Шайзадаұлы.

Болат Шайзадаұлы 1974 жылы Тереңөзек ауданы, Шаған кеңшарында өмірге келді. Әкесі Қаратаев Шайзада мен анасы Нұрышқызы Қайыркүл де оқыған-тоқығаны мол, еліне елеулі, халқына қалаулы болған, лауазымды қызметтер атқарған танымал адамдар болатын. Шайзада Қаратаевтың өзі туып-өскен өңірдің, Шаған ауылының өркендеуі жолында сіңірген еңбегі ескерусіз қалмай, Қызылорда қаласы іргесіндегі Ақсат ауылдық округіне қарасты Наурыз шағын ауданында есіміне көше берілуін де ол кісінің туған өлкесіне жасаған қызметінің өтеуі ретінде бағалауға болады.

Еңбек өнімділігі орасан зор қиыншылықпен, көп жағдайда қол еңбегімен жүзеге асатын сол бір сынақты кезеңдерде ауылшаруашылығына тікелей тәуелді болған Шаған ауылында ұзақ жылдар бас агроном болып ауылдың экономикалық ахуалын көтеруге үлес қосқаны үшін, одан кейін Сырдария ауданы Киров кеңшарында директор болып, теріс көрсеткішке кеткен ауылды алдыңғы қатарлы ауыл сапына көтергені ескеріліп, КСРО-ның үздік марапаттарының бірі – «Еңбек» орденімен және медальдармен марапатталуын еңбегінің еленгені десек жарасады. Әкеміз шын мәнінде осындай құрметке лайық жан еді. Ал ұстаздықты ұстаным етіп, мектеп қабырғасынан қаншама буын жас өскінді білім нәрімен сусындатып, түлетіп ұшырған анасы Қайыркүл Нұрышқызының да марапаттары ауыз толтырып айтарлық. Осындай халыққа белгілі, өмір тәжірибесі мол, көпті көрген тағлымды жандардың отбасында өсіп-өніп, тәрбие алған бала Болат кішкене күнінен-ақ ен даладағы төрт түліктің жай-жағдайының қыр-сырын, олардың кең даладағы жер жағдайына бейімделу барысын зердесіне түйіп жетілді.

Әсіресе төрт түліктің сұлтаны, Қамбар ата тұқымына, соның ішінде жал-құйрығы төгіліп сар даланың самал желімен жарысқан асыл тұқымды жылқы атаулыға қызығушылығы тым ерекше еді. Жылқының бабын жасап жаратып, кәнігі атбегілерден естіген-білгенін кәдеге асырып, орнымен қолдана білгенінің арқасында, таң асырып бәйгеге қосқан тұлпарлары аудандық, облыстық дүбірлі додаларда мерейін үстем етіп жүлделі орындарға ие болып жүрді.

Болат екеуміз 1991 жылы Сырдария ауданы Аманкелді кеңшарындағы №42 орта мектепті бірге бітіріп, екеуміз де малшаурашылығы саласында бір жыл жұмыс істедік. Келер жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, ветеринариялық медицина факультетінде бес жыл бірге оқыдық. Айта кетейік, біздің институттың атау 1996 жылы сәуір айында Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді, кейіннен ұлттық университет статусын алды.

Болаттың жас күнінде-ақ оқу-білімге деген құштарлығы орасан болатын. Ауылда жүргенде қоршаған ортаның, оның ішінде ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан кәнігі кәсібіміз төрт түліктің жай күйіне деген қамқорлыққа қоса қызығушылықтың әсері сапалы білім ордасына келгенде университеттің толып жатқан үйірмелеріндегі қосымша құнды да, пайдалы дәрістеріне ұштасты. Ал білімге деген бұл құмарлық, ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігін одан сайын бекемдей түсті. Бала күнінен атадан балаға аманатталып келе жатқан, ұлтымыздың тұрмыс тіршілігімен біте қайнасқан төрт түліктің жай-жағдайын жақсартсам деп өзі алдына мақсат етіп қойған арманы орындалып, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдап, мал дәрігері мамандығын иеленді.

Сапалы білімге сатылап қол жеткізуге мақсаткерлікпен кіріскен Болат Шайзадаұлы 1998 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (ҚазҒЗВИ) аспирантурасына қабылданды. Ғылымның даңғыл жолындағы еселі еңбек пен төккен тердің алғашқы өтеуіндей 2001 жылы «Жылқы сақауын анықтауға арналған эритроцитарлық антигендік диагностикум» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, алдына қойған мақсатына бір табан болса да жақындай түсті. Жан-жағыңа қарауға оңайлықпен мүмкіндік бермейтін инновациялық ой-санаға негізделген жаңа заман ағымының сұранысының тегеурінді талабымен қаржылық сауаттылығын да жетілдіруді жөн көріп, 2005жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінен қаржы және несие мамандығын иеленді. Ғылыми қызмет саласында төрт түліктің ішінде жылқылар мен түйелердің жұқпалы патологиясы, сонымен бірге диагностикумдарды, емдік дәрмектер мен вакциналарды зерттеп, өндіріске ұсына жүріп, 2007 жылы «Жылқы сақауы мен пастереллезіне қарсы ғылыми негізделген іс-шаралар» тақырыбында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, еліміздің ең жас докторы атағына ие болды.

Осы тұста арнайы атап айта кетерлік бір жайт, Болат Қаратаевтың таңдаған ғылыми бағыттары еліміздің малшаруашылығындағы бүгінгі күннің ең өзекті деген мәселелерін қамтыды. Мысалы, ойсылқара тұқымы – түйелер арасындағы аса қауіпті деп саналатын оба індетіне қарсы вакцинаның тиімді мөлшерін орнымен қолдану тәсілі түйе шаруашылықтарының дамуына айтарлықтай ықпалын тигізсе, жылқылар арасында кеңінен таралған сақау ауруына қарсы үлкен еңбекпен зерттеліп табылған вакцинасы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары тиімділікпен осы уақытқа дейін кеңінен қолданылып келеді.   

Егер ғылым басқышының алғашқы сатысына аяқ басқаннан бері Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының ЕМК жылқы және түйе аурулары зертханасының ғылыми қызметкері, одан соң аталған зертхананың аға ғылыми қызметкері, докторанты, «ҚазАгроИнновация» АҚ ҒЗВИ жылқы және түйе жұқпалы аурулары зертханасының аға ғылыми қызметкері, «ҚазҒЗВИ» ЖШС жылқы аурулары зертханасының меңгерушісі, бактерология бөлімінің бас ғылыми қызметкері қызметтерін абыроймен атқарды. Нақты кезеңде жерлесіміз «ҚазҒЗВИ» ЖШС-нің бас ғылыми қызметкері.  

Б.Қаратаев жылқы, түйе малының және құстардың ауруына қарсы бірқатар вакциналық, диагностикалық, емдік дәрмектердің авторы және бірлескен авторы. Бұған қоса, ветеринариялық микробиология, иммунология, эпизоотология және ауыл шаруашылық жануарларының жұқпалы патология саласында 130-дан астам ғылыми еңбегі жарияланды. Оның ішінде 21 инновациялық патент, 2 патент, 1 Евразиялық патент, 2 монографияның авторы бола тұра, білген үстіне біле түссем деген мақсатта Индияның Хайдарабад қаласындағы ауыл шаруашылығын дамыту институтында, Германияның Штутгард университетінде біліктілігін арттырып келді.  Ветеринариялық ғылым саласында жеткен жетістіктері үшін талантты жас ғалымдарға арналған стипендияның екі мәрте иегері атануының өзі жерлесіміздің жас күнінен таңдаған бағытындағы ерік-жігерінің мықтылығын байқатады.

Міне, бүгін біз білетін Болат Шайзадаұлы ердің жасы 50-ге толып отыр. Сыр елінен шыққан ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, академик, еліміздің ауылшаруашылығы саласына елеулі үлес қосып жүрген зиялы азамат – жан әлемін жақсылыққа арнаған жан. Өз саласын жетік меңгерген ғалымның ел экономикасын өркендетуге, ветеринария саласын соны биіктерге көтеруге атсалысып, абырой биігінен көріне беретініне сеніміміз кәміл.

Дәулет ИБРАГИМ,

Ветеринария ғылымдарының кандидаты,

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария

институты «Оңтүстік Қазақстан

ғылыми-зерттеу станциясы»

филиалының аға ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<