Ана тілді арқау еткен жыр бәйге

80

0

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде «Тілім – тірегім, Қызылорда – жүрегім» тақырыбында жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Ана тілін арқау еткен жыр бәйгесінің ашылу сәтінде ұлт ұстазы, қазақ тіл ғылымының атасы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың дүниеге келген күніне орай тағдырлы өмір тарихынан сыр шертетін қысқаша бейнебаян көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік шарада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов көрермен қауымды атаулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ жыр бәйгесінде бақ сынағалы келген жас ақындарға сәттілік тіледі.

– Әр мерекенің өзінің мәні, маңызы бар. Сол секілді ұлттық, кәсіби  мерекелердің қатарында Қазақстан халқы тілдер мерекесінің де алатын орны ерекше. Тілге құрмет, ол – елге құрмет.

Қазіргі заманның талабына сәйкес кім қанша тіл білем десе де ешқандай шектеу жоқ. Өйткені бүгінде әлемдік ақпарат кеңістігі ұлғая түскен. Білімді, ғылымды түпнұсқадан үйренуге мүмкіндік мол. Алайда ана тіліміздің орны әрдайым оқшау тұруы тиіс! Сондықтан аталған мереке аясында аймақта ұйымдастырылып отырған осындай іс-шаралардың идеологиялық мәні зор, – деді Ж.Тәжмаханов.

Жыр мүшәйраның шарты бойынша қатысушылар «Тілім – тірегім, Қызылорда – жүрегім» тақырыбы аясында ана тілін және туған жеріміз – Қызылорданы  жырға қосуы керек. Үміткер 10 ақын осы талап деңгейінде шығармашылық туындыларын көпшілік назарына ұсынып, қошеметіне бөленді.  Ал жыр додасына ақындар Ғазиза Әбілда, Ақжол Түменбай, Ұлықбек Бекұзақұлы қазылық етті.

Қорытындысында бас жүлдеге Қармақшы ауданынан келген Нұркелді Өтепберген лайық деп танылды. Ал І орынды жас кітапханашы Нұргүл Төлеубай, ІІ орынды облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі-сайт маманы Аружан Оралбай иеленсе, ІІІ орын жас талапкер Меруерт Тілеубайға бұйырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<