Асқақ рухты арландар

131

0

Паралимпиада мүмкіндігі шектеулі адамдар арасындағы ең ірі халықаралық спорттық шара. Мұнда спортшылар тек нәтиже көрсетіп қана қоймайды, қоғамдағы мүгедектік туралы түсінікті өзгерту арқылы мыңдаған жанның өмір салтына қуат береді.

Парижде өтіп жатқан XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына 182 елден 4400 спортшы қатысуда.

Ертең, 8 қазан күні жабылатын бұл додалы бәсекеде ел спортшылары медаль нәтижесі бойынша 34-орынға шығып отыр.

Ел намысын қорғаған атлеттеріміз екі бірдей алтынға қол жеткізді. Бұл Қазақстан үшін паралимпиада тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Бірінші алтынды пауэрлифтингтен 54 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Давид Дегтяров алды. Ұзыннан жайылған тақтай төсеніште жатып 188 келі зілтемірді екі қолымен сығымдай көтеруге қандай күш пен жүрек керек екенін ойлай беріңіз. Дегтяров бұл сыннан мүдірмей өтіп, Куба мен Қытай мықтыларын артқа тастады. Ол бұған дейін Токио паралимпиадасында да топ жарған болатын.

Ел қоржынына екінші алтынды парадзюдошы Ақмарал Науатбек салды. 48 келі салмақта белдескен Ақмарал франциялық Сандрина Мартинені жеңді.

Мерген Еркін Ғаббасовтың күміс медалі Қазақстан қоржынына түскен  паралимпиаданың алғашқы жүлдесі болды. Нысана көздеуден сынға түскен Еркіннің шеберлігі кәнігі мергендігімен ешкімді оздырмаған кореялық спортшыдан екі ұпай ғана аз бағаланды.    

Ал паражүзу бойынша Нұрдәулет Жұмағали 100 метрге брасс әдісімен  бақ сынап, екінші күміс медальді еншіледі. Сонымен бірге ол өз санатында жаңа паралимпиада рекордын жасады. Дәл осы әдіспен жүзуден тағы бір қазақ спортшысы Әмір Мұратбеков мәреге жете алмады.

Ядро лақтыру түрінен Дастан Мұқашбеков қола жүлде иеленді. Оның нәтижесі – 16 метр, бұл да Азия құрлығындағы жаңа рекорд саналады. Қарағандылық спортшының жеңіс сәтіндегі қазақтың шапанын киіп, көк туымызды жамылып жүгірген көрінісі күллі елді қуантты.

Отандастарымыздың бұл жеңістері еліміздегі параспортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі екені белгілі.

Көк туымыз желбірей берсін, рухымыз асқақ болсын!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<