Болмысы бөлек тұлға

58

0

Ол өте сабырлы жан болатын. Мамандығы – мал дәрігері. Былайша қарасаң, әдебиетке еш қатысы жоқ мамандық. Бірақ ол адам жанына үңілуді, оның психологиясын тереңнен зерттегенді қалайтын. Адамға шарасы кең, ойлы көзімен байыппен қарайтын Сәкең – Сейтхан аға мен жұмыс істейтін «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясына жиі болмаса да, оқта-текте соғып кететін. Аман-саулық сұрасып болып, редакторға жолығуға кіретін. Өйткені оның жергілікті баспасөзбен байланысы бақандай жарты ғасырға созылды.

Сәкеңнің бақилық болғанына да бес жылдың жүзі болыпты. Оның жанары жарқырап, салмақты күйінде баппен сөйлейтін, мейірімге толы қоңыр дауысы әлі құлағымда тұрғандай. Соңғы рет 2019 жылдың көктемінде бір ағайын асында кездестік. Амандасып, аман-саулық сұрастық. Шымкентке көшіп кеткеніне 5-6 жылдың жүзі болған. Ағай ас соңында өзіне жолығуымды ескертті. Кездестік. Әңгіме барысында осыдан 7-8 жыл бұрын айтылған, қарт Қаратаудың қойнауындағы «Ынтымақ» ауылынан шыққан, бұл күндері арамызда жоқ, мемлекет және қоғам қайраткері Ідая Мұстафаев, сазгер-күйші, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Тұрлыбеков, шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Әбжан Құрышжанов, жазушы Дүкенбай Досжан туралы зерттеу-естелік мақалалар жариялау туралы қайта еске алды. Сөз аяғында Үсенбаевтар әулетінен шығып бұл күні марқұм болып кеткен, медицина ғылымдарының кандидаты Мәмет Исамбайұлы, биология ғылымдарының докторы Әшім Исамбайұлы мен атақты желаяқ, КСРО спорт шебері Совет Исамбайұлы, өнертапқыш-байланысшы, ұстаз-ғалым, Қазақстан Республикасы «Қазтелеком» ААҚ конструкторлық бөлімінің жетекші маманы болған Айту Ағатаев туралы жазу керегін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі кезде ортамызда жүрген ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Шәркүл Таубаева, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлсара Алтынбекқызы, жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов пен Дүниежүзілік дизайнерлер қоғамының мүшесі Ұлбосын Архабаева туралы мақала жазуды тапсырды. Бірақ газет жұмысы, қала берді жеке бас мәселелерімен жүріп ойдан шығарып та аласың. Өкінішті-ақ. Енді сол үлкендер туралы жазылар естеліктің бірін оның өзінен – Сейтхан Исабайұлымен жалғастырып отырмын.

Сейтхан аға 1944 жылдың 12 ақпанында қарт Қаратаудың қойнауының жазыққа ұласар тұсында орналасқан «Қосүйеңкі» колхозының басқармасы Исабайдың отбасында бесінші перзенті болып дүниеге келді. Жаңақорғандағы №51 орта мектептен білім алып шыққан ол алдыңғы толқын ағаларының ізін қуып, құжатын арқалап Алматыға тартыпты. Талапкер бозбала мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай тапсырып, 1961 жылдың қыркүйегін Алматы зооветеринариялық институтының табалдырығын студент болып аттайды. 1963 жылдың күзінде Сейтхан әскер қатарына шақырылып, 1966 жылдың қара күзіне дейін Томск қаласы маңында әскери борышын өтеді.

1970 жылдың басында Сейтхан Батыс Қазақстанның ару қызы, болашақ ұстаз Хапиза Насырқызына үйленеді. Сол жылы екеуі де институтты бітіріп, арнайы жолдамамен Қостанай облысына келеді. Сейтхан еңбек жолын Жетіқара ауданындағы негізінен қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысатын «Покровка» кеңшарында мал дәрігері болып бастайды. Ол мұнда мал тұқымын асылдандырумен айналысатын жетекші ғалым-селлекционер мал дәрігерлерінен көп нәрсе үйренеді. Арада бірнеше ай өткесін кеңшар басшыларының келісімімен елге көшеді. Туған топырағына оралған Сейтхан 1971 жылдың басында «Төменарық» кеңшарына қатардағы мал дәрігері болып орналасады. Міне осы кезеңнен Сейтханның қиын да жауапты қызмет жолы басталып, осында маман ретінде қалыптасып, билік баспалдағына жол ашылды. Еңбекшіл де жаңалыққа жаны құмар жас маман қай кезде болмасын малшылардың қалаулы жандарының біріне айналды. Айналысқан шаруасын бір жақты етіп бітірмей жаны жай таппайтын Сәкең, кеңшар директоры Әбутәліп Алтыбаевтың да көңілінен шықты. «Жас келсе – іске» демекші, оған жас маманның тиянақтылығы, баз бір мамандардай өзім білемінге салып өрекпімей мәселені оңынан шешетіндігі мен қарапайымдылығы ұнады. Ол аға дәрігер болып қызмет еткен жылдары мал өлімі азайып, өсірілуге қалдырылған төл саны артты. Бұған дейін мұндай жоғары көрсеткішке қол жетпей келген еді. 1973 жылы кеңшар мен аудан басшылығы жас маманның талпыныстары мен жеткен жетістіктерін саралай келіп «Коммунизм» бөлімшесіне (қазіргі Қожамберді ауылдық округіне) меңгеруші етіп тағайындады. Осындағы өткізген бес жыл туралы, сондағы өмір жолын қайта зердеге салған Сәкең:

 – Алғашқы еңбек жолымнан бастап міндетін адалдықпен атқаратын шаруалар мен еңбекшілердің арасына түстім. Адами қасиеттері жоғары, жандүниесі бай, еңбекке ынта-жігерімен берілген жандарды малшылар мен қарапайым жұмысшы-қызметкерлер арасынан көптеп кездестірдім. Сексеннен жасы асса да «тұғырынан түспеген» бүкіл саналы ғұмырында ат үстінен түспей қой баққан, шаруашылықтың қыр-сырын, «малдың қырық қайыруын» түгел білетін нар тұлғалы «Ленин» орденді Тұрлыбек Құлыбаев, тәжірибелі де өнегелі шопандар Еңбек Ері Орынбай Бидашев, Сәулебек Құдияров, Оспан Торманов, Жартыбай Бекішев, бөлімше меңгерушісі Өскен Битабаров, бригадир Ақбай Жұрқабаевтың адал да ерен еңбектері кімге де болса үлгі боларлық еді. Әсіресе, білікті маман, Қазақстанға еңбегі сіңген мал дәрігері, «Ленин» орденді, «Төменарық» совхозын ұзақ жылдар басқарған Әбутәліп Алтыбаев пен бас мал дәрігері Әлаудин Үсейіновтің орны бөлек, – деген аға қос әріптесін сағына еске алып.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы аудандық агроөндірістік бірлестігінің бас мал дәрігері болып тағайындалған Сәкең, 1999 жылдың күзінен 2007 жылы зейнет демалысына шыққанша ветеринария саласының реформалануына орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің аудандық аумақтық басқармасының мемлекеттік бас ветинспекторы қызметін атқарды. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік Сейтхан ағаны біржақты алып кеткен жоқ. Ол берекелі де тату отбасының ұстыны бола білді. Жүрек қалауымен қосылған жары Хапиза Насырқызы екеуі 2 ұл мен 2 қыз өсіріп, олардан 12 немере сүйді. Ол ұлдары мен қыздарын тәрбиелі етіп өсіріп, мамандық алуларына ықпал етті. Ұлдары мемлекеттік деңгейде қызметте болса, қыздары ана жолын қуып қазақ тілі мен әдебиеті мамандары, жоғары оқу орындарында сабақ береді.

Сәкең тек кітап оқумен шектелмей шығармашылықпен айналысатын жандармен де достық қарым-қатынаста болды. Оның жергілікті ақын Дінислам Доскелдіұлымен, атақты ақын Мұхтар Шахановпен, сатирик Көпен Әмірбекпен, жазушы, жерлес-құрдасы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағанбетовпен, дарынды ғалым, филология ғылымдарының докторы, түрколог, Орхон-Енесей және қына жазуы мен шағатай тілдерін зерттеуші Әбжан Құрышжановпен арадағы достық-шығармашылық байланысын мақтана айтуға тұрарлық дүние. Әсіресе оның Әбжан Құрышжановтың 80 жасқа толуына орай ауданымызда өткен ғылыми конференцияда жасаған баяндамасы көпшілік көңілінен шыққанын айтуды өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Мұның үстіне заман ағымымен қоғамдағы қалыптасып отырған жағдайлар туралы оның қаламынан шыққан «Ұят деген немене?..», «Қандай музыка тыңдайсыз?..», «Біз су қадірін білеміз бе?..», «Дайындық қалай, шаруа?», «Ғалымға құрмет» атты проблемалық мақалалары, «Керек кәсіп қайда бар?» атты ойтамызығы мен «Айтайын дегенім», «Нәрлі әңгіме туралы», «Қазақ тұтқыны», «Ауыл анасы атанған», тағы басқа да көңіл пернесін дір еткізіп еріксіз назарыңды аударатын шығармашылық дүниелерінің құндылығы жоғары. Әттең енді Сәкеңдей-Сейтхан ағадай тек өз мамандығын сүйетін жан ғана емес шығармашылықпен айналысып, айналасына мейірім-шуағын төгіп тұратын жанның арамызға қайта оралмайтыны өкінішті.

Иә, биыл көзі тірі болғанда Сейтхан аға 80 жасқа толар еді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<