Жүктелген міндеттер жауапкершілікті күшейтеді

73

0

Бейсенбіде облыс активінің жиыны өтіп, онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерге жеке-жеке тоқталды.

Жолдаудың басым бағыттары бойынша Үкімет жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін, мұндай құжаттың өңірлік нұсқасы да бекітілуі керегін атап өтті.

– Міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Бұл шаралардың түпкі нәтижесі – халық табысын арттыру, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмыстарды жаңғырту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адами капиталдың жан-жақты дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту, – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, ақша-несие саясаты мен фискалды саясат арасындағы үйлесімсіздікті жою үшін бюджет саясатының тиімділігін арттыруды, салық заңнамасын жетілдіруді тапсырды. Осы ретте жыл аяғына дейін жергілікті бюджеттің қосымша түсім үлесін 135 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Облыс бюджетіне жеке табыс салығы бойынша жыл сайын 35-40 млрд теңге қаржы түседі. Бұл – жергілікті бюджет кірісінің 30%-ы. Ендігі жерде салық заңдылығына енгізілетін өзгерістерді зерделеп, жергілікті бюджет түсімінің азаюына жеткізбеу керек.

Көктемгі егін және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемінің 7 есе артуы диқан қауымын қуантқан жаңалық болды. Ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерін жедел шешуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жалғасады. Бұл жолы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық беріледі. Былтыр жеңілдетілген несие қаржысының 28%-ы асылтұқымды мал сатып алуға бөлінді. Өнім көлемін 2 есе ұлғайту жөніндегі жол картасына сәйкес биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне 22,6 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдалану, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылым саласының өзекті мәселелерін дер кезінде шешу бағыттары да сөз болып, облыс әкімі жауапты сала басшылары мен орынбасарларына арнайы тапсырмалар жүктеді.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде» деді Президент. Қызылорда қаласында құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа жылу-электр орталығы мәселені оңтайлы шешудің көрінісі іспетті. Оған жауапты болып түрік компаниясы таңдалды. Компания орталық құрылысына 85 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Жыл аяғына дейін қаржы көлемін 115 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Өңір басшысы тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба алдында еш кедергі болмауы керегін еске салды. Жылу орталығын газбен қамтамасыз ететін газ құбыры құрылысының да уақытылы аяқталуы қатаң бақылауда болады.

Тұрғындарды газбен қамтамасыз ету жайы да Үкіметтің күн тәртібінен түскен емес. Жыл басынан бері облыстағы 5 ауыл табиғи газға қосылса, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенмен толықпақ. Сол кезде халықты газдандыру үлесі 78%-ға жетеді. Қызылордалықтардың 98,4%-ы орталықтандырылған су тұтынып отыр. Дегенмен, оған қолы жетпеген 26 елді мекен бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін оларға да сапалы ауызсу апару міндеті қойылған.

Жолдауда жеке мектептер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аймақта мұндай білім орындарының саны 40-қа жетті. Облыс әкімі бұл оқушы орнының тапшылығын болдырмауға және жұмыссыздық үлесін азайтуға көмектескенімен, басқа түйткілдерді туғызуы мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты құзырлы мекемелерге жеке мектептердің білім сапасына, педагогтердің сапалық құрамына, оқулықпен қамтамасыз ету мәселесіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

Ұлт саулығын нығайту, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту жайы да кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.

– Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкелуде. Облыс бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы медициналық сақтандыру жүйесіне халықтың сұранысы бойынша қажеттілікті ескеріп, қаржының бөлінуін қайта қарауды және бөлінген қаржының тиесілі жұмсалуына мониторингті күшейту қажет. Дағдарыс санатындағы отбасылардың 5%-ын қолайлы санаттарға ауыстыру жоспары бойынша өңірлік штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Тиісті құрылымдар бұл жұмысты қарашаға дейін аяқтауы керек, – деді облыс басшысы.

Мәжілісте Жолдау жүктеген міндеттер айқындалып, таяу мерзімге арналған мақсат-міндеттермен қатар, нақты іс-қимыл алгоритмі белгіленді. Тек сөз бен іс қабысып, жоспар ретімен орындалса, саяси құжаттың мазмұны арта түспек.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<