Көп түйіннің тарқауы білікті кадрға байланысты

48

0

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден тыңдадық. Экономика, білім мен инновация және басқа да салалар бойынша маңызды  деген тоғыз бағыт айқындалды.

Мен енді жоғары оқу орнының оқытушысы болғандықтан өзіме тікелей қатысты бағыттарға тоқтала өтсем деп едім.

Жоғарыда аталған тоғыз басымдықтың бесіншісінде елдің кадрлық әлеуетін дәйекті түрде арттыру маңыздылығы туралы сөз қозғалып өтті. Соның ішінде еліміздің керегесінің мықтылығын айғақтайтын экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету – ең өзекті міндет деп көрсетті. Мұның ішінде әр сала мамандарының тапшылығы, жақсы мамандардың жетіспеушілігі айтылды. Ол кешегі Батыс өңірлердегі су тасқыны кезінде анық сезілгені рас. Сондықтан су шаруашылығы, құрылыс, энергетик және тағы басқа мамандардың тапшылығын ескеру керек.

Айталық, су шаруашылығы мамандары мәселесін шешу үшін Үкімет жанындағы Су шаруашылығына қатысты жұмыстарды жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек.

Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес.

Су жағдайы – адамзат үшін өте маңызды стратегиялық мәселе. Сондықтан оған немқұрайлы қарауға келмейді. Суды қатты бақылауға алу қажет. Оны жер иеленушілер мен жер иелерінен талап ету керек. Қазір не көп, жеке қожалықтар мен бау-бақша егушілер көп. Күріш егіп, күнін көріп отырған елді мекен көп. Енді солардың егістік алқабының нақты көлемі мен өзеннен алып отырған су көлемін салыстыру керек сияқты. Себебі, қағаз жүзінде көрсетілген жер көлемі бөлек, ал нақты жер көлемі басқа болуы мүмкін. Соған орай да су шығыны көптеу болады. Ал өзеннен берілетін су жоғарыдан есептеліп бөлінеді.

Су тапшылығы тығырығынан шығатын тағы бір жол – жерасты су қорларын барлау. Бізде кезінде құмды аумақтарда мал шаруашылығына пайдаланылған скважиналар бар, артезиан су қорлары бар солардың көзін ашу керек шығар.

Расында көптеген артық, есепте жоқ суару каналдары шашырап жатыр. Суға дұрыс есеп жоқ. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Сол себепті, қажет мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орындарын анықтау керек.

Қазақстанда ең көлемді суармалы егін алқабы Қызылорда облысына тиесілі. Бұл жерде су мамандарын дайындауда Сыр өңірі үшін, әсіресе жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуеті жетерлік деп есептеймін. Университеттің бұл салада базасы жақсы қалыптасқан, тәжірибесі жоғары, 50 жылға жуық білікті де білімді жүздеген су шаруашылығы майталманын шығарды. Қазіргі уақытта университет ғалымдары мен сала мамандары Өзбекстанның ЖОО ғалымдарымен бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бұл жоғары сапалы су мамандарын дайындаудың алғы шарттарының бірі деп білемін.

Жолдауда келешекте жоғары білім беруді интернационалдандыруды жүзеге асыруда көптеген жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Олардың қызметіне, оның ішінде мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты кезең-кезеңімен кеңейту арқылы барлық жәрдем көрсететіні қуантарлық жағдай. Сондықтан бұл жеңілдіктер білім беру бағдарламалары заманауи талаптарға сай келетін Қорқыт ата университеті сияқты отандық жоғары оқу орындарына да қатысты.

Президенттің 2025 жылды «жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаймын дегені көптеген қарапайым жұмысшы мамандарды бір серпілтіп қойды. Алдағы жыл жұмысшы мамандардың жемісті жылы болады деп білемін. Келер жылды «Жауапты азамат – адал еңбек – лайықты жетістік» қағидатымен бастағалы отырмыз. Бұл біздің адал да қажырлы еңбеккерлеріміздің құрметіне лайық деп есептеймін» деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Жолдауда мектептердің функционалдығын нығайту, педагогтердің біліктілігі мен әлеуметтік мәртебесін одан әрі арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Мұғалімдер – ұлттың ұзақ мерзімді прогресінің негізін қалайтын елдің интеллектуалды авангарды. Бізде ең жақсы бағдарламалар, заманауи мектептер және озық басқару жүйесі болуы мүмкін, бірақ жақсы мұғалімдерсіз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына мақсатты, қабілетті жастарды қабылдауға ерекше назар аудару қажеттігі өткір қозғалды.

Жолдауда жетінші басымдық ретінде экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселесі нақтыланды. Еліміздің тұрғындары теріс экологиялық факторлардың әсерінен қорғалуы қажет. Бизнес табиғатты қорғау мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

Қазақстан өзінің табиғаты мен жер көлемі жағынан әлем елдері арасында ерекше орын алады. Сондықтан біз өзіміздің флорамыз бен фаунамызды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуымыз қажет.

Еліміздегі орманды алқаптардың көбеюі экологиялық тепе-теңдікті сақтау және елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресі үшін өте маңызды екені белгілі.

Осының бәрін екшей келгенде, ұлттың ұтымды әрекетке жұдырықтай жұмылып, бірлікті үндеуі ерекше маңызды. Міне, осы тұрғыда Жолдауда көтерілген әрбір мәселе салмақты әрі бағыт-бағдарымыздың діңгегі бола алады.

Оразхан Айдаров,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

география ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<