«Кітап және қаламгер»

96

0

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында Қызылорда облысы әкімдігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Мақсаты – ұлт руханияты мен мәдениетінің қарашаңырағы  Одақ қызметін, жетістіктерін, Қазақстанның Еңбек ері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмір жолын, шығармашылығын насихаттау.

Конференцияда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов,  Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова  құттықтау сөз сөйледі. Оларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы алғыс хатын табыстады.

Іс-шара аясында Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда  облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова «Сыр елінде қазақ әдебиетінің бастау алуы» тақырыбында баяндама жасады.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, Қазақстанның Еңбек ері, жазушы, драматург Дулат Исабеков және жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы жайында естеліктер айтты.

Ұлттық кітапхана қорына Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Сыр өңірі ақын-жазушыларының кітаптарын сыйға тартты.

Конференция қатысушылары «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихи кезеңдерін қамтитын, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап және архив құжаттарының көрмесімен танысты. Ұлттық кітапхана қорынан ұйымдастырылған «Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл», қазақстандық фотожурналистиканың негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың архив қорынан алынған фотокөрмелерді көрді.

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған рухани-мәдени шаралар өңірімізде де, туған жерінде де  өткізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<