Тарих – тамыр, тіл – ғұмыр

323

0

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай М.Ықсанов атындағы колледжде «Тарих – тамыр, тіл – ғұмыр» атты апталықтың ашылу салтанаты өтті. Жиында оқу орнының басшысы Бектұр Қали сөз сөйлеп, апталық  барысында ұйымдастырылып отырған танымдық іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

– Ана тіліміз ғасырлар бойы ұлт болып ұйысып, өзара түсінуіміздің кепілі болып, тарихымызбен, салт-дәстүрімізбен астасып, бірге жасап келеді.

«Тіл жоғалса, ұлт жоғалады» деген ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан өз ұлтымыздың тілін, дәстүрін сақтай білсек, болашақ ұрпақтың алдындағы парызымыздың орындалғаны. Заман талабына орай әлемнің бірнеше тілін үйренуге қажеттілік бар екені де рас. Алайда ана тілімізге деген құрметіміз бәрінен биік тұруы тиіс, – деді Б.Қали.

Колледждің тарих пәнінің оқытушысы Дәуренбек Ізбанов «Туған тілдің тамырлы тарихы» тақырыбында кең көлемді баяндама жасады.

Кеш қонағы, облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова мемлекеттік тілге қатысты көптеген маңызды мәліметтерді, сондай-ақ аймағымыздың ел астанасы болған тұсындағы тарихи деректерді алға тартып, көпшілікті құнды ақпараттардан хабардар етті.

Әдеби-музыкалық іс-шараны колледждің жалпы пәндер бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Жақыпова жүргізді. Ол өз кезегінде апталықтың мақсаты білім алушыларға мағлұмат бере отырып, өскелең ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін, Отанға, халқына деген құрметін қалыптастыру екенін атап өтті.

Ұлт қайраткерлерінің алқалы жиынынан  көрініс қойып, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейхан сынды Алаш арыстары мен А.Құнанбайұлындай ұлт зиялысының ана тілі туралы айтқан жалынды сөздерін жаңғыртқан Т.Шахатов, Д.Омар, С.Мұханов сияқты оқу орнының биылғы түлектері белсенділігін байқатты. Сондай-ақ қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде өлең оқып, әр ұлттың өз тіліне деген құрметін жеткізді. Жас өнерпаз, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің түлегі Ержігіт Сармырза патриоттық әндер шырқап, тыңдаушылардың көңіліне тамаша әсер ұялатты.

Жиынға қатысушылар «Ана тілім – дана тілім» тақырыбында тіл жанашырларының еңбектері қойылған кітап көрмесін тамашалады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<