Қатерлі дертті диетамен жеңген

118

0

Қатерлі ісікке ажал үкімі ретінде қарайды көбі. Бірақ айналамызда өз бетінше амалын тауып, оны жеңген адамдар аз емес. Бүгінгі кейіпкеріміз, Қызылорда қаласының тұрғыны Мөлдір Мұстафаеваның ерік-жігері бізді таңғалдырды. Өзара әңгімеде аурудан қалай құтылғанын, ол үшін қолданған әдісті қалай бизнеске айналдырғанын айтып берді.

– Бірінші күйеуіммен бес жылдай бірге тұрдық. Арамызда бала болмағасын ажырасуымызға тура келді. Қанша сүйіп қосылсақ та ұрпағы үзілмесін деген ниетпен жолын бөгегім келген жоқ. Дәрігерлер маған «бедеулік» деген диагноз қойды. Бірақ бала күнінен спортпен үзбей айналысқан, ешқашан денсаулығына шағым айтып көрмеген адам қалай аяқасты ауру болады деген ой миымнан шықпады. Содан тынбай іздендім. Интернетті ақтарған сайын ашығу туралы ақпарат алдымнан шыға берді. Медицинада емі жоқ дерттің 80 пайызын осы әдіспен емдеуге болады екен. Ол кезде Қазақстан бойынша ашығу орталығы Шымкентте ғана. Соған барып, бір апталық диета ұстауға бекіндім. Арадағы үзілісті қосқанда ол екі жылға жалғасты. Кейін тағы тексеріліп, дәрігерлер бала көтере алатынымды айтқанда өзіме өзім сенбедім. Дәрігерлер о баста маған дұрыс диагноз қоймаған екен деп ойладым. Өзім нәтижесін көргесін айналамдағы адамдарға ықпал ете бастадым. Мен ұсынған әдіспен ашығудың арқасында ауруынан, артық салмақтан арылғандар көбейе бастады. Америкалық диетолог Пол Брэггтің кітабын оқып, әр адамның ағзасында өз «дәрігері» болатынын түсіндім. Күнделікті тамақтану арқылы біз жасушаларымыз бен иммунитетіміздің өздігінен тазаруына мүмкіндік қалдырмайды екенбіз, – дейді Мөлдір Мұстафаева.

Аты жаман аурудан айығуына да ауызды тыю тәсілі көмектескен көрінеді. Ал оған адамдар көбіне күйзелістің кесірінен душар болады екен. Бүгінде кейіпкеріміз – Қызылорда қаласындағы Қазақ диетасын құру орталығының негізін қалаушы әрі басшысы. Бірақ қызығушылықпен, ізденіспен басталған істі бизнеске айналдырамын деп еш ойламапты. Жолында кездескен сан түрлі соқпақта сынып кетпей, сынаққа шыдағаны нардың жүгін көтергенмен бірдей.

– 2017 жылы жұмысымнан қол үзіп, бірыңғай осы салаға бет бұрдым. Алайда мені ешкім қолдаған жоқ. «Түкке пайдасы жоқ тірлік үшін тым жақсы жұмысыңды тастадың» деп, туған-туысқа дейін сырт айналды. Сол кезде қатты күйзеліске түстім. Осы салада өзімді танытамын, дәлелдеймін дегенде Қазақстанда оқитын жер болмады. Сондықтан әлемдік деңгейдегі мамандардың еңбектерімен танысуға тура келді. Өзіңіз білесіз, аттестация кезінде полицейлерден артық салмақтың болмауы талап етіледі. Бір жолы бірінен бірі естіп, осындай он шақты адам келді. Пайдам тигені үшін 600 мың теңге ұстатты. Мұны табыс көзіне айналдыруға болатынын сол кезде түсіндім. Табысымды түгел білім алуға жұмсадым, – дейді орталық басшысы.

Кейіпкеріміз содан бастап өмір сүру тәртібін түбегейлі өзгерткен, жеті-сегіз жылға дейін той-томалақ атаулыдан бас тартып, бүкіл уақытын, күш-жігерін, қаржысын білім-біліктілігін арттыруға арнаған. Кәсіптегі кедергілерге отбасылық мәселелер қосылып, қиындығы еселенген. Бірді бірге жалғау үшін торт істеп, балық қуырып сатқан кездерін еске алды.

– Қолым майға күйіп, жылап алған сәттерім көп. Өмірдің заңдылығы сол екен: сүрінесің, құлайсың, тұрасың. Проблемадан көз ашпай, ақыр соңында ауруға ұшырадым. Мұрным тоқтаусыз қанап, шашым уыстап түсетін. Денем шылқыған терден құрғамай, қолым дірілдегеннен қасық ұстауға жарамай қалдым. Дәрігерлер көпке дейін диагнозымды таппады. Тек жан-жақты тексеру нәтижесінде қатерлі дерт екені анықталды. Шетелде емделу үшін 40-50 миллион теңгең болу керек екен. Әке-шешем үйді, көлікті сатып, көмектеспек болған. Оларды далада қалдырып, үлкен қарызбен, уайым-қайғымен қалай өмір сүремін? Бірде ұйықтап жатқанымда үлкен кісінің даусы құлағыма келді. «Жұртқа істегеніңді өзіңе істе» дегенді анық естідім. Өзім екіойлы болып жүргенде бір шешімге келдім. Медицинадан бас тартып, ашығу әдісін қолдануға бел будым. Алғашқы қырық күндік ашығу нәтижесінде шашымның түсіп, қолымның дірілдегені, ауыз жаппай жөтелетінім тоқтады. Бойымда жеңілдік пайда болғанын анық сезіндім. Дәрігерлер қайтадан тексерген кезде ештеңе таппай, «мүмкін емес» деп бас шайқады. Құдайға шүкір, біреуге айтсаң, соның бәрі ертегі сияқты, – дейді М.Мұстафаева.

Аты бір болғанмен, диетаның да түрі көп. Заман кеше басқа, қазір басқа, кешегі мен бүгінгі тамағымыздың сапасы екі бөлек, бұлардың да аражігін ажырата білу керек.

– Өте семіз адамдар үшін жүгіру дұрыс емес. Арықтауы мүмкін, бірақ өзін ауру сияқты сезінеді. Өйткені жүгіргенде тізеге салмақ түсіп, бүйректі қозғайды. Терісі салбырап қалады. Себебін іздегенде түсінгенім, көп адамның ұстап жүрген диетасы біз тұратын жердің климатына, ағзамыздың ерекшелігіне сәйкес келмейді. Теңіз өнімін, шөп-шалам жейді. Содан етті де, қазы-қартаны да, сары майды да жей жүріп арықтауға мүмкіндік беретін жолды қарастырып, 2022 жылы қазақ диетасы ұғымын қолданысқа енгіздім. Оның ерекшелігі, бірінші мен екінші тамақтанудың арасы алты сағат болуы тиіс. Қандай тамақ жесеңіз де сол аралықта ол қорытылып үлгереді. Қарын ашқандай күйді сезінгенде бірден су ішу керек. Сонда ғана адам сергек жүреді, ұйқысы қанып, ісік те, ауру да жоламайды. Ай сайын үш келі салмақтан арыла алады. Аптасына бір күн 24 сағат асқазанды бос қою керек. Бұл – біздің жетісіне бір үй тазалағанымыз сияқты нәрсе. Егер ағза өзін-өзі емдеп шығармаса, оған ешқандай дәрігер көмектесе алмайды, – дейді ашығу жөніндегі сарапшы.

Ашығу әдісінің тиімділігі, ағза артық нәрсені, ол ісік болсын, сұйықтық болсын, өзі жеп, жұтып, жоқ қылып жібереді екен. Бүгінде кейіпкеріміз адамның түріне, бет терісі мен ағзадағы симптомдарына қарап-ақ диагноз қоя алатын және оны емдеп, ремиссияға шығаратын деңгейге шыққан. Дауасы жоқ дерттің өзін жазуға, ауру атаулының 80 пайызының түп-тамырын зерттеп, адам ағзасын ешқандай қиындықсыз емдеуге болатынына әлдеқашан көзі жеткен.

– Қатерлі ісікке шалдыққандар ем алғаннан кейін құр сүлдері қалып, тез өзгереді немесе өмірі ұзаққа созылмайды. Ауруға шалдығып, дәстүрлі медицинадан бас тартқанымда бауырым звондап, «ауруханаға жатып емделсеңші, өлесің ғой» дегенде орнымнан қозғала алмай қалғаным бар. Жаны ашып айтқанын түсінемін, бірақ бәрінен бұрын сөз жүрекке тиетінін көбі сезбейді. Сондықтан тілге абай болу керек. Адам табиғатпен етене болуы тиіс. Өз басым жерді жалаңаяқ басып, ағашты құшақтап, ауруым соған көшкендей медитация жасадым. Ғылымда бұл дәлелденген, – дейді кейіпкеріміз.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<