Электронды сауда – экономикаға серпін

60

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгінде электронды сауда ел экономикасын дамытудың маңызды секторының біріне айналды. Цифрландыру мен жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы оның сала ретінде қарқынды дамуына айтарлықтай ықпал етті. Киім мен тамаққа онлайн тапсырыс береміз деп ойламаған жұрт пандемия кезінде бұл үрдіске қалай қосылып кеткенін байқамай да қалды.

Саланың дамуы соңғы онжылдықта жақсы белең алып, дәстүрлі сауда орындарын ауыстыра бастады. Әлемдік Statista компаниясының болжамынша, онлайн сауда алдағы жылдары да даму динамикасын сақтайды. Мәселен, жаһандық онлайн сауда нарығы жыл сайын 5,1% көлемінде артып, 2028 жылы шамамен 12,16 миллиард долларға дейін жетеді деп күтілуде.

Білуімізше, әлем елдері арасында электронды сауданың айтарлықтай дамыған жүйесі Қытай, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбританияда, Жапония, сонымен қоса Оңтүстік Кореяда қалыптасқан. Ал Қазақстандағы ахуал қай деңгейде? Отандық экономикаға әсері қандай?

Қазақстандағы электронды сауданың дамуы

Электронды сауда нарығы елімізде де қарқынды дамуда. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, өткен жылы бөлшек электронды коммерция нарығының көлемі 2,4 трлн теңге болды. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға жоғары көрсеткіш. Жалпы бөлшек саудадағы электронды коммерцияның үлесі жаңа рекорд орнатып 12,7 пайызға жеткен. Айта кету керек, бүкіл электронды коммерция айналымының 72,4 пайызы маркетплейстерге тиесілі. Тек 27,6 пайызы ғана кәсіпорындардың жекелеген интернет-ресурсы арқылы іске асырылады екен.

Ал биылғы соңғы деректер бойынша, елдегі электронды коммерция айналымы 3,17 трлн теңгеге жеткен. Оның 1,13 триллионы компаниялардың интернет-ресурсы арқылы тікелей сатылатын сауда-саттыққа тиесілі болса, 2,05 триллионы маркетплейстердің еншісінде. Электронды коммерцияның ішкі көлемінің 61,7 %-ы немесе 1,96 трлн теңгесі бөлшек саудаға, 37,3 %-ы немесе 1,19 трлн теңгесі қызметтерге, 0,9 %-ы немесе 29 млрд теңгесі көтерме саудаға тиесілі. Өзінің тауары мен қызметін сату үшін интернет-ресурсты пайдаланатын кәсіпорын саны 2007-ге жетіпті. Солардың 700-ден астамы өзінің жеке интернет-ресурсын қолданса, 1000-нан астамы маркетплейстердің көмегіне жүгінеді.

Шетелдік сарапшылар, оның ішінде DataInsight және CrossInsights агенттіктері Қазақстанды инвестициялық тұрғыдағы ең тиімді ел деп есептейді. Қазір біздегі e-commerce, яғни онлайн сауда жыл сайын 20-30 пайыз қарқын алып, алға жылжуда. DataInsight-тың жетекші аналитигі Сергей Семконың айтуынша, Қазақстанда интернет сауда-саттық бойынша ерекше талпыныс және оң нәтиже бар. Десе де инфрақұрылымдық түйткілдер әлі де толық шешімін таппаған.

–    Қазақстанда курьерлік жеткізілім бойынша бәрі жақсы, бірақ  қоймаларға қатысты мәселе бар. Нарық тез өсуге дайын, алайда логистикадағы ауытқулар мен инвестициялардың жетіспеушілігі оны тежеп тұр. Қазір нарық үшін стратегияны әзірлеу және оны ресурстармен толықтыру аса қажет. Нарықта инвестициялық сұраныс бар екеніне қарамастан жергілікті ойыншылар әлі белсенді емес. Халықаралық ойыншылар болса санкциялар мен геосаяси негіздерге байланысты нақты қадамға бармай отыр,– дейді ол.

Жалпы елімізде электронды сауда үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға жеткізу міндеті тұр. Осыған байланысты 2025 жылға дейін электрондық сауданы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданып, е-commerce саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін түзетулер әзірленді. Ол тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы шеңберінде Мәжілісте қаралады. Маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейтуге ерекше назар аударылмақ. Бұл туралы жыл басында Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеген болатын.

Министрдің айтуынша, Қазақстан жыл сайын электрондық сату арналары арқылы басқа елдермен сауда көлемін 100 млн долларға ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі Орталық Азия серіктестерімен әлемдік маркетплейстерде бірлескен павильонның ашылуын талқылауға ниетті екенін де білдірді.

Маркетплейстер қарқыны

Елдегі e-commerce өсімінің басты драйверлері – маркетплейстер. Ол Қазақстандағы шағын және орта бизнестің өсуіне жаңа мүмкіндік қалыптастырып отыр.

Өткен жылы Wildberries, Ozon, Pinduoduo, Aliexpress, Temu, Alibaba.com, 1688, Taobao  және т.б. халықаралық маркетплейстер бөлшек электрондық сауданы дамытуда ерекше рөл атқарды. Бұл үрдіс онлайн-шопингтің тұтынушылардың күнделікті өміріне терең енуін көрсетеді. Оның бірден-бір көрінісі азық-түлікке тапсырыстың өзі онлайн режимде жасалуда.

Елімізде маркетплейстер көшін Kaspi бастап тұр. Банк өз тұтынушыларына барлық жағдайды жасап қойған. Кез келген төлемді не тапсырысты үйде отырып-ақ жасауға болады. Ақшаң болмаған кезде бөліп төлеу мүмкіндігі бар.

Онан кейінгі орынды Ресей мен ТМД елдеріндегі ең үлкен интернет-дүкендердің бірі  – Wildberries иеленуде. Компания киім-кешек, электроника, тұрмыстық заттар және басқа да санаттардағы тауарларды сатады. Ресейлік e-commerce-тің алыбы Ozon-да өзгелерден қалысар емес. Оның тұрақты сатып алушылар базасы 16 млн адамнан асады. Ал ай сайынғы пайдаланушылары 80 млн адамнан кем түспейді. Мұнда киім мен азық-түліктен бастап косметикаға дейінгі, тіпті көліктің бөлшек заттары секілді  түрлі санаттағы тауарлар ұсынылған. Әлбетте, Ozon қазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен әлеуетке ие.

Бүгінде елімізде Қытаймен сауданың қарқыны қатты. Екі ел арасындағы байланыс күннен-күнге сауданың көркін қыздыруда. Бұған мемлекеттің қолдауының да әсері бар. Мәселен, биыл Боао Азия форумының XXIII сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын атады. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы отыз жылда жүз есеге өскенін айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.

–    Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальді, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді Президент.

Осыншама тауар айналымының арасында Pinduoduo, 1688, Taobao сияқты  маркетплейстердің де үлесі бар. Бұл қосымшалар арқылы сауда жасау халық үшін тиімді әрі ыңғайлы болып тұр. Тәулік бойы жұмыс жасайтындықтан Қазақстанның кез келген жерінде отырып тапсырыс беріп, уақыт үнемдеуге болады. Әсіресе, Pinduoduo платформасын қолданбайтын қазақ жоқ. Жиһаздан бастап, майда-шүйдеге дейін тапсырыс беруге болады. Базарға қарағанда бағасы да тиімді. Бұл платформа базардың саудасын тұралатты. Онлайн дүкенде айына шамамен 750 миллион қолданушы сауда жасайды екен. Осыдан-ақ дүкеннің әлеуетін аңғаруға болады. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те электронды сауданың саудагерлерді базардан ығыстырып жатқанын айтты.

− Жыл сайынғы тенденцияны бақылап отырмыз. Кейінгі 2-3 жылда бөлшек саудадағы электронды алыс-берістің үлесі 15%-дан астам деңгейге артты. Қазір бөлшек сауда нарығында, 1,5 млн адам жұмыс істеп жүр. Тенденция осы күйінде жалғасса, жыл сайын базарда жұмыс істейтін адамдардың бестен бірі электронды қызметке ауысуы керек. Осындай талдау арқылы есептесек, 2027 жылға қарай базардағы 700 мыңдай адамға электронды саудаға бейімделу керек болады. Базарда сауда-саттықпен айналысатын адамдардың барлығы – қарапайым саудагерлер. Біз қазірден бастап оларға электронды саудаға бейімделу қажет екенін айтып жүрміз, –  деді министр журналистерге берген сұхбаттарының бірінде.

Бір қызығы, жапа-тармағай қолданып, сауда жасап жүрген Pinduoduo-ны Қытай өз ішінде қолданбайды екен.

–    Pinduoduo қазақтың  жанды жерін дөп басты. Біз біреу бірдеңе  тауып байыса, соған еріп кетеміз ғой. Мойындау керек, Pinduoduo-ның бастапқы курсын үйреткендер жақсы ақша тапты. Ал одан тауар алып, байып жатқандар шамалы. Негізі Қытайдың өз ішінде бұл –  сапасыз, сәннен қалған тауарларды сататын сайттардың бірі. Оны қытайлықтардың өзі қолданбайды. Ал Pinduoduo-ны танымал еткен осы ТМД елдері деп айтар едім. Негізі бұл сайтты «Қытайдың қалдығы» деп айтады, – дейді Қытай зауыттарымен сауда жасап отырған әлеуметтік желі белсендісі, кәсіпкер Үміт Ырысбекқызы.

Ал Гүлжайна Әзімбайқызы Pinduoduo қосымшасы арқылы сауда жасап, өзінің кәсібіне айналдырған.

–    Бастапқы кезде өзімнің қажеттіліктерімді өтеу ішін тіркелдім. Тапсырыстарымды алып, көңілімнен шыққан соң түрлі тауарлардың фотосын желіге салдым. Көршілер мен туған-туыстарым тапсырыс бере бастады. Тапсырыс саны артқан сайын менің қызығушылығым оянды. Осылайша өзім үшін басталған дүние менің қосымша табыс көзіме айналды, – дейді ол.

Жалпы қазақстандық маркетплейстердің қысқа мерзім ішіндегі тиімді жұмысының арқасында елдегі қолма-қолсыз транзакцияның көлемі өсуде. Қалай десек те олар дәстүрлі интернет-дүкендерді біршама ығыстырып тастады.

Алданғандар да бар

Онлайн сауда дәстүрлі емес сауда жүйесіне жатады. Тұтынушы тапсырыс бергенде нақты тауарды көре алмайды. Заттың техникалық жай-күйі қандай, мәлімделген сипаттамалар мен фотосуреттің бір-біріне сәйкестігін де білмейсің.

Бір айта кетерлігі, онлайн сауда пайда болғаннан бері алаяқтар да  іске кірісті. Тапсырыс үшін алдын ала төлем қабылдап, заттың келмей қалуы да ғажап емес. Ақшаға дәніккендер әлеуметтік желі арқылы алаяқтықтың түрлі әдісін қолдануда. Мәселен, клиенттерді алдау мақсатында интернет арқылы чат ашып, аты бар заты жоқ тауарларды жарнамалап, арзан бағада ұсынады. Бүгінде естіп-көріп жүрсе де арзан дүниеге алданып,  сан соғып жатқандардың қарасы қалың.

Сөзімізге тұздық болсын, Айс Мұратова атымен танымал блогер әлеуметтік желі арқылы қазақстандық кәсіпкелерді сан соқтырды. Ол Қытай мен Қазақстан арасында арзан тауар әкелемін деп 5 мыңнан аса адамнан 30 млрд теңге жымқырып кеткен. Ал банк қызметкері болып өзін таныстырып, адамдардың есепшотындағы ақшаны сыпырып алып жатқандар қаншама? Биылдың  өзінде Қызылордада 544 алаяқтық қылмыс тіркелсе, оның 222-сі интернет алаяқтық екен.

Интернет алаяқтарының құрбаны болғандардың бірі – қызылордалық тұрғын Тұрсынай (кейіпкер аты өзгертілген). Ол желідегі жарнамасы жер жарған блогердің жылтыр сөзіне сеніп қалған.

–    Instagram желісінен жарнама көріп қалдым. Сол арқылы чатқа тіркеліп, тапсырыс бердім. Онда майда-шүйдеден бастап, жиһазға дейін тапсырыс беруге болады. Басында заттарым қолыма тиген соң, өзім де чат ашып адамдар тіркеп, заттар ұсындым. Тіркелген кезде Айс Мұратованың командасы екенін білгенмен, өзінің кім екенін танымадым. Заттар айтқан уақытта келген соң алданып қаламын деген еш қорқыныш болмады. Бірақ кейіннен тауардың келуі тоқтап қалды. «Кеденде тұр,  салығын төлеу керек» деген секілді әртүрлі сылтаулар айтылды. Желіде халық шулаған кезде алданғанымды түсіндім. Өзімнен 100 мың теңге, командамнан 1 млн теңге  кетті, – деген тұрғын қазір қарыздарын өзі қайтарып жатқан көрінеді.

Міне бұл бір ғана мысал, ақшасын қайтара алмай жүрген, біз білмейтін адамдар қаншама?

Қалай десек те интернет жеңіл ақша табудың көзіне айналып тұр. Ал желіден пайда тауып, жұртты шаң қаптырып жүрген алаяқтардың қатары көбеймесе азаяр емес. Күнде түрлі  әдіс-тәсілдер ойлап тауып, адамның осал тұсын дөп басуда.

Маркетплейс тұтынушылары үшін қатаң талап енгізілмек

Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстандағы кедендік реттеу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат интернет саудасын реттейтін болады. Бұл заңның басты жаңалығы неде?  Тұтынушыларға қойылатын талап қандай болмақ? Алдымен осы сұрақтарға жауап берсек.

Бұдан былай шетелден тауар алдыртатын әрбір қазақстандық затын кедендік декларациялаудан өткізетін болады. Жаңа жоба бойынша  елге келген әрбір тауар есепке алынбақ. Бұл бастама кедендік баж алымдарының төленген-төленбегенін анықтайды. Демек жаңа заң жобасы бойынша әрбір азамат шетелден өзі сатып алған тауарының Еуразиялық одақтың қауіпсіздік жөніндегі техникалық регламенттеріне сәйкес келетінін растауы қажет болады. Сондай-ақ жаңа заңмен Pinduoduo, Taobao, Poizon, 1688, Wildberries және басқа шетелдік маркетплейстер мен онлайн платформалардан сатып алынған әрбір тауар үшін де міндетті кедендік декларациялау енгізілмек. Бұл өз кезегінде электронды сауданың дамуына кедергі келтірмек. Себебі елімізде тауарды сертификаттаудың ең төмен бағасы 40 мың теңге деп бағаланған. Тұтынушы 3 мың теңгеге алған сөмкесін 40 мың теңгеге сертификаттаудан өткізіп, техрегламентке сәйкес-сәйкес еместігін анықтауы тиіс. Оның үстіне баж салығын төлейді. Бұны қарапайым халықтың қалтасы көтермесі анық.  Өзі қымбатшылықтан қажып, әрең күнелтіп жүрген жұрт үшін өте тиімсіз. Тауарын өткізгені үшін онсыз да маркетплейстердің салық төлейтіні анық.

«Ranking» сарапшыларының айтуынша, маркетплейс электронды сауда нарығы мен шағын және орта бизнеске оң ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар бюджетке де мол түсім түсіреді.

Салық түсімдері бойынша көшбасшы атағын «Kaspi.kz» (Kaspi Дүкен, KaspiTravel, Kolesa) иеленген. 2023 жылы компания ел бюджетіне 102,7 млрд теңге жіберген. Аталған сома елдегі басқа ірі маркетплейстердің салықтық түсімінің 81,5 пайызын құрайды. ТОП-5 салық төлеуші қатарына мына маркетплейстер кіреді: «Wildberries.ru» өткен жылы қазынаға 13,5 млрд теңге, «Ozon.kz» 5,2 млрд теңге, «Olx.kz» 3 млрд теңге, «Halykmarket.kz» 996 млн теңге түсірген. Одан кейінгі орындарда «Shop.kz» 240 млн теңге, «Forte.kz» 206,3 млн теңге, «Jmart.kz» 79,5 млн теңге және басқалар.

Сарапшылар талдау барысында «Satu.kz», «Clevermarket.kz», «Lamoda.kz», «Tomas.kz» және «Маркетплейс.kz» жобаларын да қарастырған. Қытайлық маркетплейстер де елімізде белсенді сауда-саттық жүргізеді, алайда қазынаға салық төлемейді.

Жалпы электронды сауда жылдан-жылға дамып келеді. Бұл – нарықтағы қажеттілік. Кәсіп дамыса, елдің экономикасы нығаятыны белгілі. Сондықтан онлайн сауданың дамуына жағдай жасап, оның қалыптасуына жол ашу үнемі маңызды болмақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<