Қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде

124

0

Фото: Ақорда

Қазіргі кезеңде елімізде Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде.

Сондай-ақ, ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация да қарқынды жүруде. Яғни, мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетілдірілуде.

Осы орайда бүгін Астана қаласында өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумына Мемлекет басшысы, Үкімет мүшелері және Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары қатысты.

Шындығында Президент ұсынған конституциялық реформалар мемлекетті саяси тұрғыдан жаңғыртумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет.

Форум барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ауқымды тақырыптарды қамтып, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
«Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс.

Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін», – деген Президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы мәслихат депуттаттарының ерен еңбегі мен қоғамдағы қызметі айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Ел Президентінің сөзінде Әділетті Қазақстанды орнатудың маңызы жан-жақты айтылып, іске асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалар, ұлттың рухани-мәдени дамуы, өскелең ұрпақ тәрбиесі, сондай-ақ, заң мен тәртіп үстемдігін орнату, «Таза Қазақстан» жобасы арқылы қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыру және тағы басқа құнды мәліметтерге қанықтық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өтпелі кезеңде елде орын алған саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдаумен қатар, ауқымды бастамалар аясында қоғамда орнаған әділеттілік принциптерін арнайы атап өтті. Әділеттілік үшін айтуға тиіспіз, елімізде конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады.

Мұның көрінісін бүгін Мемлекет басшысы айтқандай көп партиялы Парламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті.

Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Реформаның аясында ауыл әкімі тікелей сайланатын болды. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқара бермек.

Бұл ретте азаматтардың қоғамдық белсенділігі заң нормаларымен бекітіліп, конституциялық басқару жүйесіне ұласқан, халықтың қоғамдық бақылауға кеңінен араласуына өкілетті тетіктер заң нормаларымен жүйеленіп, айқындалған мемлекетті ғана заңды және өркениетті деп санауға болатыны белгілі.

Осы орайда, Мемлекет басшысының: «Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет.
Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс.», – деген сөзін қаперде ұстауымыз қажет.

Себебі, ел азаматтарының тұрмыс сапасын іс жүзінде жақсартамыз десек бюджет қаражатына деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.

Сондай-ақ, Президент мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтіп, мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аударуды, мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы тиістігіне, мәслихаттар мен әкімдіктер биліктің қос тармағы ретінде өзара үйлесімді жұмыс істеуі керектігіне баса мән берді.
Ұлт үшін аса маңызды шешімдер референдум арқылы ғана қабылданатынын Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді.

«Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға.

Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», – деген Президент АЭС салу – ұзақмерзімді жоба болғанымен еліміздің экономикалық жағынан орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетіп, энергетикалық тәуелсіздігімізді қамтамасыз ететінін білдірді.

Мемлекет басшысы еліміздің жарқын келешегі үшін жас ұрпақтың тағдырына ақыл-парасатпен, зиялы зейінмен қарай білуге шақырды.

Президент бүгінгі сөз орайында: «Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын.

Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді.

Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты»,- деп арнайы атап өтуі барша қоғам болып осы бағытта нақты шаралар қабылдауымыз қажет екенін айқындайды.

Қорыта айтқанда, Ел Президентінің бүгінгі форумдағы сөзінен халықтың, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, Парламент пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын ұғамыз.

Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың алғышарты.

Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуының үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру.
Себебі, азаматтық қоғам – ел тыныштығы мен тұрақтылығының негізі.

Өйткені ел азаматтарының қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениетінің деңгейі қоғамдық-саяси белсенділігімен сараланады.

Жалпы қауымның «мемлекет бізге не береді?» деген пікірден аулақ болып, қайта керісінше «біз еліміздің дамуы үшін не істей аламыз?» деп қоғам тіршілігіне араласуы азаматтық қоғамның негізгі сипаты болмақ.

Яғни, мұндай идея біріктірген, осы идеяға сүйеніп қалыптасқан адамдар – азаматтық қоғамның нағыз бағдаршысы.

Руслан Рүстемов,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<