Талай шәкірт шыңдаған

100

0

«Сізді редактор шақырып жатыр»

Әлі есімде, 2017 жылдың 25 мамыры болатын. Кенет телефоным шырылдап, өзін облыстық «Сыр бойы» газетінің қызметкерімін деп таныстырған Жаңылған Алдамұратова «Сізді бас редактор Жұматәлі Әбдіраман іздеп жатыр»  деген хабар берді. Содан алып-ұшып облыстық газеттің редакциясына келдім.

«Сыр бойының» тарихы да, аты да, заты да бөлек. Тамыры тереңде жатыр. Келсем есігі ашық, мені көрген бойда «Ә, келдің бе, ішке кірші» деді Жұматәлі ағамыз. Бұрын сырттай білгенім болмаса, жақын танымаймын да. Ішімнен «не үшін шақырды?» деп қоямын. Оның үстіне амандасқаннан жылдам сөйлейтіндей көрінді. Дауысы да жай шығатын сияқты.   Бұған дейін зер сала қарамаған екенмін, бұл кісінің шашы да, қасы да, жүзі де аппақ.

– Әзиз, сөзді созып қайтеміз, маған тілші керек, – деді отырар-отырмастан. – Жігіттерден  тәртібің жақсы деп естіп жатырмын, жазуың да жаман емес. «Ақмешіт апталығына» шыққан бірнеше мақалаңды көрдім, – деді мені сырттай зерттегенін білдіріп.

– Аға, мен қарсы емеспін. Бірақ қалалық газеттегі бастығым берген тапсырмаларды аяқтайын, – дедім. Ол тұста «Ақмешіт апталығын» Әділжан Үмбет басқаратын.

– Әділжанға өзім айтамын. Қазір бірден орныңа отырғызайын, – деді Жұмекең. Келіспеске лаж жоқ, мұндай мүмкіндік күнде тумайды. Әйтеуір не керек, бас редактордың кабинетінен облыстық газеттің білдей тілшісі болып шықтым.

Менің Жұматәлі Әбдіраманмен таныстығым да, әріптестік байланысым да, аға-інілік қарым-қатынасым да осы кезден басталды.

Қаламгерлік жол

Мақалаға арқау болған Жұматәлі ағамыз Арал ауданының «Бөген» ауылында 1954 жылы өмірге келген. Ол кісі сырттай көрген адамға аса бір ерекшелігімен даралана қоймас. Бірақ редакциядағы жұмысты үйлестіруге келгенде алдына жан салмайтын. Редакцияның іші қайнап жатқан жұмыс қой. Өз алдына бөлек әлем. Тіршілігі де мүлдем басқа. Жауапты хатшымен бірге өтетін шараларды саралап, журналистерді жіберу, нөмірді жоспарлау, тілшіге тапсырма беру, дизайнер беттеген газетті мұқият қарау, корректорлар оқыса да көз майын тауысып қайта оқу ол кісіге күнделікті тірліктің бір бөлшегіндей еді. Сол тұста Қаныбек Әбдуов бас редактордың орынбасары да, Дәуіржан Елубаев жауапты хатшы болатын. 

Әрине, адам баласы бірден кәсіби маман болып кетпейді ғой. Бүтін бір редакцияның жұмысын үйлестіру үшін тәжірибе де, білім де қажет. Оның үстіне қалам ұстаған қауымды басқару қиынның қиыны. Мұны шығармашылық өкілдері жақсы түсінеді.

Осы ретте Жұматәлі ағамыздың өмір жолына, шығармашылық ізденісіне, талайға үлгі боларлық еңбек ғұмырнамасына тоқталайық. Жұмекеңнің қаламгерлік жолға түсуіне әкесі Әбдіраман мен анасы Ұлмекеннің әсері болыпты. Оқушы ұлының жазуына риза болған олар газет-журналдарға жариялауға кеңес берген. Осылайша бала Жұматәлінің қиялына қанат бітіріп, шабыттандырған. Мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ Арал аудандық «Толқын» газеті мен республикалық «Балдырған», «Қазақстан пионері» сынды басылымдарға мақалаларын жиі жолдаған.

Туған ауылындағы мектепті аяқтаған соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды. Әскерден кейін ҚазМУ-де оқып, журналист мамандығын иеленді. Журналистиканың түрлі саласында қызмет етіп, зейнет жасына жеткенше қатардағы тілшімен бірдей еңбекке берілді. Алдымен Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде, кейін облыстық телеарнада, аудандық «Толқын» және облыстық «Сыр бойы» басылымында еңбек етті. Ол кісі қарапайым тілшіден бастап бас редакторлық қызметке дейінгі аралықты абыроймен жүріп өтті.

Жұматәлі ағай тәжірибелі басшы. Облыстық газетке келгеніме бір аптаның шамасы болған. Сол күнгі нөмірге кезекші болатынмын. Кешкісін облыс әкімдігінде жиын өтеді деген хабар келді. Ол кешкі алтыға жоспарланған. Оған міндетті түрде тілші қатысады. Мұндайда жиналыс қашан бітсе де күтіп, қатысқан журналистің мақаласын газетке салу керек. Мейлі ол мақала жазылып бітемін дегенше түн ортасынан ауып кетсе де күтеміз. Сол сәтте «нөмірге қатысы барларды редактор шақырып жатыр» деген хабар келді. Бардық, бас редактордың орынбасары мен жауапты хатшыдан бөлек дизайнерлер мен корректорлар бар екен. Жұмекең: «Әкімдікте кешке жиналыс өтеді. Ол кемінде екі сағатқа созылады. Қатысқан журналист жазып бітемін дегенше 40-50 минут қажет. Шамамен үш, үш жарым сағаттай уақыттарың бар. Үйлеріңе барып кешкі асты ішіп келерсіңдер» деді. Жұмекеңнің жұмысқа ынталандыруы осындай әрекеттерімен де ерекшелендіріп отыратын.

Диктовка

Жұматәлі Әбдіраман зейнеткерлікке шыққан соң еңбек шарты бойынша бір жыл жұмыс істеді. Ол кезде «Сыр бойының» тізгінін Қуат Шарабидинов ұстады. Бұл 2018 жылдың ақпан айы. Осы тұста басылымның жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев «Қызылорда-Ньюс» ақпараттық агенттігіне ауысты да, бас редактордың ұсынысымен маған жауапты хатшылық бұйырды.  Ал бас редактордың орынбасары болып Мұрат Жетпісбаев тағайындалды.

Сонымен не керек, өзімізше жаңа қызмет, жаңа серпін, жаңа екпін деп жұмыс істеп жатырмыз. Бұрынғы кабинетімде Ыдырыс Тәжіұлы мен Дүйсенбек Аяшұлы отырады. Білмеген жерімді сол кісілерден күнде сұраймын. Ағаларым да маған кеңес айтудан, ақыл беруден шаршаған емес. Жауапты хатшы болып жүріп те қай журналистке қалай сөйлеу керек, кім қай салаға бейімделген, міне, осы жағын да Ыдекең мен Дүйсекеңдей ағалар айтып отыратын.

Бірде Жұматәлі Әбдіраман жиналыстан келді. Шамасы, облыс басшысы қатысқан шара. Қолында сіріңке қорабынан сәл-ақ үлкен қағаз бар. Оған адамның аты мен телефон нөмірін ғана жазасың. Басқа артық деректі сыйғызу қиын. Бірақ сол қағазға Жұмекең әжептеуір мәлімет сыйдырған. Келген беттен «Бос кім бар? Мен диктовка жасаймын» деді. Содан терімші Жаңылған Алдамұратова компьютерге отырды. Жұмекең диктовканы бастады. Ол кісі диктовка жасағанда бір орында отырмайды екен. Әрі-бері жүре береді. Әлгі алақандай қағазға жазылған дүниеден бақандай үш беттік мақала шығарды. Не диктофонға баспаған, не камераға түсірмеген. Бар болғаны кішкентай қағаз. Сөйтсем, Жұмекең диктовканың, аз деректі көлемді мақала етудің де шебері екен.

Редакцияда бұрынғылардан Жұматәлі Әбдіраманнан өзге Жолдасбек Ақсақалов диктовка жасайтын. Қазір бұл екі кісі де зейнет жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. 2020 жылдың қыркүйегінде мен Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетіне бас редактор болып ауыстым. Сол кезде кабинетіме арнайы келіп құттықтаған Жұматәлі ағамыз: «Қызылордадағы редакцияларда менің тәрбиемді көргендер басшылық қызметте жүр. Жалағашта саған дейін Нағымжан Сауияев редактор болды, қазір Кенжетай Қайрақбаев басқарып отыр. Аралда, «Толқын» газетінде біздің тілшіміз Мәди Құрманәлиев бас редактордың орынбасарлығына барды. Редакторлық қызметті берсе де қиналмай алып кетеді.  Міне, қалалық газетке өзің келіп жатырсың. Қазіргі бас директордың орынбасары Дәурен Омаров та «Қазалы» газетіне редактор болып 3 жыл абыроймен еңбек етіп келді. Бәрі  де ата басылым «Сыр бойы» мектебінен өткен жігіттер ғой» деді мақтаныш сезіммен. Шынында, есімі аталған жігіттер сол жылдары Жұмекеңнің жұмыс тәжірибесінен үлгі алған.

Ағамыз зейнетке шыққан соң да қол қусырып қарап отырмады.  Қазақстан Журналистер одағының және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі ретінде бірнеше деректі кітаптың авторы. Оның қаламынан «Жүз жасаған мектеп», «Ғасыр ғибраты», «Бөген тарихы» атты туындылар туды. Бұдан бөлек, «Көк теңіздің күмбірі» атты кезекті еңбегін баспаға ұсынып қойыпты.

Өмір жолына қарап отырсақ, ағамыз 40 жылдай БАҚ саласында еңбек етіпті. Қазақта «ізденген жетер мұратқа» деген сөз бар. Қаламгер қаршадайынан осы тәмсілді өмірлік қағида етті. Ізденді, оқыды, білгенін біз секілділерге үйретті. Әлі күнге дейін жазуды тоқтатқан емес. Ол кісі осы 40 жылда жүздеген, тіпті мыңдаған мақала жазды десек, артық айтқандық емес. Еңбегі де еш кетпеді. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағымен марапатталып, абыройдың асқарында, беделдің биігінде келеді.

Бір таңғаларлығы, ол кісі ешқашан асыққан емес. Иә, аспайды да, саспайды да, асықпайды да, сол баяғы сабырлы қалпымен жүріп-ақ кейбіреулердің жан-жағын жайпап жібере жаздап атқаратын ісін тындыра береді. Мен білетін Жұмекең ағамыз, міне – осындай! Өйткені ол – біздің саланың сардары!

Жұбайы, ардагер-ұстаз Қарлығаш екеуі ұл мен қыз өсіріп тәрбиеледі, бүгінде немерелерінің сүйікті ата-әжесі болып отыр.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<