Қоқыс аспаннан түспейді

103

0

Сурет ашық дереккөзден

Күнделікті жұмысқа баратын жолымда екі қоқыс алаңы бар. Ертеңгілік қасына көлік тоқтап, жүксалғышынан қалта-қалта қоқысты шығарып тастап жатады. Өзіміздің шағын ауданның тұрғындары қалдықты үйінен көлікпен тасымалдамайтыны анық. Не де болса, маңайдағы жер үйлердің тұрғындары. Біреулер қоқысқа кететін шығынды осылай үнемдейтін шығар, кім білсін?  Кейбіреуінің келісім-шарты болуы да мүмкін. Кешкісін контейнерлердің аузы-мұрнынан шыға толғанына қарап, кездейсоқ келіп тастайтындар шектен тыс көп пе деп ойлайсың.

Азық-түлік, тұрмыстық техника мен химия, киім өмірімізге жайлылық сыйлаған соң қоқысқа айналатыны заңдылық.  Бірақ ауа жұту, тамақ ішу сияқты табиғи қажеттіліктер қатарына қоқыс шығаруды қоспайтынымыз  бар. Содан болар, ішіп-жегені мен тұтынғанынан қалғанды кез келген қоқыс жәшігіне немесе белгіленбеген жерге лақтырып кетудің тыйылмай отырғаны.

Озық тәжірибелер

Дүниежүзілік  банктің мәліметіне қарағанда, әлемде жыл сайын 2 млрд тонна қатты қалдық жиналады екен. Орта есеппен алғанда, бір адам күніне  1 келідей қоқыс тастайды. Бұл көрсеткіш әр елдің экономикалық өсіміне қарай адам басына 4,5 келіден келуі де мүмкін. Жыл өткен сайын қоқысты шығару, өңдеу жаһандық проблемаға айналатын түрі бар.

Халық санының көбеюінен және урбанизацияның әсерінен өрши түскен бұл проблеманы  шешуге халықаралық ұйымдар да атсалысуда.  Бірақ бұл ретте әр елдің өз талпынысы өте маңызды. 

Қалдықтарды басқару ісін  сауатты үйлестірген, жүйелі әрі жаңашыл әдістер арқылы табысқа жеткен Швецияны алайықшы. Мұнда қоқыстың 99 пайызы өңделеді екен, 32 зауыт елді жарықпен және жылумен қамтуға айтарлықтай үлес қосады. Өңдеу жүйесінің тиімділігі өте жоғары болғандықтан Швеция қоқысты басқа елдерден импорттайды.

Жапония, Корея сияқты Азия елдерінде қоқысты түрлі категорияға бөліп сұрыптау туралы заң бар. Оның талаптары орындалмаса, тұрғындар әжептәуір айыппұл арқалайды.

Еліміздегі беталыс қандай?

Экономикасы тез дамып келе жатқан мемлекеттер қатарындағы елімізде де тұрмыстық қалдықты басқару мәселесі өзекті. Жыл сайын 5 млн тонна қоқыс жиналатынын, оның негізгі бөлігі экологиялық стандарттарға сай келмейтін полигондарға жөнелтілетінін, аймақтарда 5 мыңнан астам белгіленбеген қоқыс алаңы барын айтсақ, мәселенің қаншалықты ауқымды екені  байқалады.   

Жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Қалаларды абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеу қажет. Ең алдымен, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек. Ол үшін инвестор тарту маңызды» деп атап өтті. Елімізде 8 өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оларға тұрмыстық қалдықтың 15 пайызға жуығы ғана жіберіледі. Үкімет наурыз айында 37 қоқыс өңдеу нысанын салу, қолдағы барды қайта жаңғыру туралы жоспарды мақұлдады. Бұл арқылы өңдеу ісі жылына 1,4 млн тоннаға ұлғаяды. 

Әрине, қоқыс өңделу үшін алдымен сұрыпталуы тиіс. Кейбір қалаларда қалдықты бөлек-бөлек төгуге арналған контейнерлер орнатылуда. Бірақ тұрғындар бұл жаңашылдықты қабылдап, толық іске асыруға әлі де дайын емес сияқты.

Шілденің 1-нен елімізде қоқысты жинау мен тасудың жаңа стандарттары енгізілді. Ол бойынша тапсырыс беруші қатты тұрмыстық, ірі көлемді қалдықтарды бөлектеп жинауды ұйымдастырады, олар кестедегі тәртіппен тиеліп әкетіледі.

Өңдеу бағытындағы үш жоба

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне қарағанда, облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеумен  17 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда 10 жоба іске асырылады. Өңірдің барлық ауданы мен облыс орталығы Қызылорда қаласы қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталды.

Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 9 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының механизмі арқылы іске асырылады. Сырдария ауданындағы сұрыптау кешені мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысы қараша айында аяқталады деп күтілуде. Жобалар толық жүзеге асқан кезде 500 тұрақты жұмыс орны ашылып, қалдық өңдеу үлесі 30,1 пайыздан 33,6 пайызға ұлғаяды. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны өнімдері шығарылады.

Қызылорда қаласында «With You E&C Kyzylorda» ЖШС-ның қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы жүзеге аспақ. Ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника, яғни мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері, 3 мың  евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға ұлғаяды.

 «Seven Rivers Technologies» ЖШС-ның жобасы шыны ыдыстар өндіруді көздеп отыр. Қуаттылығы – жылына 220 млн шыны ыдыс. Шикізатқа жиналған шыны қалдықтар қолданылады.

«Дезинфекция» ЖШС Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтан пластик шелек, леген, цистерна шығармақ. Жобаның қуаттылығы – жылына 1200 тонна. Үш жобаға да жер телімі берілді, бизнес-жоспар әзірленді.

Айналаны таза ұстау оңай ма?

Сырт көз бәріміздің ортақ үйіміз – Қызылорданы таза қала екен деп мақтаса, көңіліміз өсіп қалады. Алайда, бұл мақсатқа жету үшін ұйымдастырушылық жұмыс, адам күші, техника қуатымен қатар, тұрғындардың жанашырлығы мен жауапкершілігі  керек-ақ.

Бүгінде  тұрғындар тазалық мекемесімен келісім-шартқа отырып, белгіленген күні тұрмыс қалдықтарын қапшыққа салып, көше жиегіне қояды да, сол мезетте арнайы техника оны жинап әкетеді. Егер белгіленген уақыттан басқа кезде қалдық шығарса, оларға ескерту жасалып, сосын айыппұл салынады.

Бұл тәртіпке барлығы бағынып, түгел дағдыланды деп айта алмаймыз.  Қоқысты көше бойына қою әлі де бар. Мұның негізгі себептерінің  бірі – кейбіреулер келісім-шартқа  отырмайды. Келісім-шарты бардың өзі қоқысты ауласынан сыртқа шығарып тастауға бейім.

Қала іші көпқабатты тұрғын үйлер және жеке сектор аймағы болып бөлінеді. «Қызылорда тазалығы» мекемесінен алынған мәліметтерге зер салсақ, қалада 298 қоқыс алаңы, көпқабатты үйлер арасында 1448 контейнер бар. Жеке секторға, яғни 593 көшедегі тұрғын үйлерге кесте бойынша қызмет көрсетіледі.  Қоқыс шығару тарифіне келсек, көпқабатты үй тұрғындары үшін адам басына 388,01 теңге, жер үйдегі әрбір тұрғынға 454,80 теңге.

Облыс бойынша экология департаментінің мәліметіне қарағанда,  «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ғарыштық мониторинг кезінде Қызылорда облысынан 98 рұқсатсыз қалдық орнын анықтаған. Жергілікті атқарушы органдар оның барлығын жойды.

Егер тұрғындар қоқыс шығарудың барлық талабын бұлжытпай орындаса, жоғарыда аталған рұқсатсыз қалдық орындары қайдан пайда болды?

Әлеуметтік желіге қарасаңыз, қолындағы қоқыс толы қалталарды көшеге тастайтындардың, сәлден кейін ол орын кәдімгі қоқыс алаңына айналатынын таспалаған бейнежазба өте көп. Сонымен қатар шашылған, үйілген қоқысты бейнежазбаға түсіріп, тазалық мекемелерін белгілеп желіге жүктейтіндер де баршылық.  

– «Қызылорда тазалығы» мекемесі қызметкерлерінің міндетіне тұрғындардың қоқыс қалдықтарын анықтап, айыппұл салу кірмейді. Бейберекет қоқыс алыстан келмейді, сондықтан ластаушыларды байқаған әрбір тұрғын дереу 102-ге хабарласуы тиіс, – дейді мамандар.

Сәуір айынан бері Президент бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өткізілуде. Өңірде жыл аяғына дейін атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция кезінде 12 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылып, оған 500-ден астам техника жұмылдырылды. Өңір климатына жерсінген көшеттер егілді.

Облыс әкімінің бастамасымен былтырдан бері «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Өткен жылы үздік атанған елді мекендерге күнделікті тұрмысқа қажетті 29, биыл 19 арнайы техника  табысталды.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясы – жай науқан емес, халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба екенін айтты. Экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау құндылықтарын қоғамда орнықтыру үшін алдымен тәртіпке бағыну керек сияқты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<