Инфрақұрылым – тіршіліктің өзегі

93

0

Сурет ашық дереккөзден

Көлік саласы – қай кезде де ел экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала.

Жолаушылар тасымалы мен оның инфрақұрылымын дамыту бағытында Сыр өңірінде ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жолдың жайлылығын, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыстар жемісін беруде. Биыл  көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен 36 млрд теңге бөлінген.

Жалпы аймақ көлемінде жол жағдайы жақсарып келеді. Өзге өңірлермен салыстырғанда көш ілгері.

Мәселен,  қаланың сол жағалауынан заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысының аяқталып, пайдалануға берілуі өңір үшін игілікті іс болды.  Жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге салынды. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүгедектігі бар азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.

Сондай-ақ өткен жылы облыс әкімінің үйлестіруімен  «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеге жуық қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті.

Бүгінде Қызылорда қаласының қоғамдық көлік қызметі де жақсарып, үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустармен толықтыру бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда. Кейінгі жылдары аймақта барлық саланың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автопаркін жаңартуға басымдық берілді.

Жыл сайын көңіл бөліп, тыңғылықты атқарылып жүрген жұмыстардың бірі – қалаішілік көшелерді жөндеу. Биыл да қаланың бірқатар көшесі жөндеуден өтіп, абаттандырылуда.

Қожа Ахмет Яссауи көшесінің Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі аумағын қайта жаңғыртуды мердігер «Қыран» ЖШС наурыз айында бастады, жоба құны – 3 млрд теңге. Ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақтыға ауыстырылып, толығымен жарықтандырылады, арық қазылып, жаяу жүргіншілер жолы төселеді және жарықшамдары орнатылады. Сондай-ақ қаланың Жаппасбай батыр магистральді көшесі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы да төрт жолақтыға кеңейтілуде.

Бұдан бөлек әуежай жолы мен Шиелі ауданынан кіреберіс жолдарға кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Қызылорда-Құмкөл» жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындауда. Еліміздің бас қаласы Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне де қайта жаңғырту жұмыстары үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Қала аумағындағы 96 көшеге күрделі,  34 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылса, Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралықта жаңа жол салынды. Сонымен қатар, Сырдария жағалауының бойынан ескі базар мен «Мерей» шағын ауданы аралығына жаңа жол салу жоспарлануда.

Қызылорда қаласы бойынша 81 көшеге жарық бағаналарын орнату үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде қаладан 54, Тасбөгеттен 6, «Сабалақтан» 15, «Белкөлден» 5, «Ақжарма» ауылдық округінен 1 көше жарықтандырылады. Онан бөлек 2,3 млрд теңгеге қаланың 54 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Мұндай бастамалар қалаға қарасты Тасбөгет, «Белкөл» кентінде және «Қарауылтөбе» ауылында да жүзеге аспақ.

Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қалаға жаңа тыныс әкелді. Оған бюджеттен 619,3 млрд теңге бөлініп,  23 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы жөнделуде. Сонымен қатар  25 көпқабатты тұрғын үйдің балалар ойын алаңдарын қайта жаңғыртуға бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралып, мердігер «Авангард ПГС» және «Азамат Құрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап кетті.

Биыл аялдамалар қатары заман талабына сай жаңа 10 аялдамамен толығады. Оны орнату үшін қалалық бюджеттен 52,5 млн теңге бөлініп, «Алжир Групп» ЖШС темір конструкцияларын әзірлеуде.

Шаһарда абаттандыру жұмысы да қарқын алған. Қаланы көгалдандыру мақсатында «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды.

Көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл көше халыққа қолайлы болуымен қатар, Қызылордаға жеткен пойыз жолаушыларының қаланың көркі, тазалығы туралы алғашқы ойын қалыптастырады. Осылайша қаланың орталық көшелері ғана емес, шет аймақтағы көшелер де кеңейтіліп, көркейтіледі.

Сондай-ақ қарқынды құрылыс алаңына айналған Қызылорда қаласының сол жағалауындағы жаңа автовокзал ғимаратының аумағына ағаш көшеттері отырғызылып, көгалдандырылды.

Жуырда қолданысқа берілетін «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының аумағы да  абаттандырылды. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңгесі инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз желілерін, автожол жүргізуге жұмсалды. Осы аумаққа 615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр асфальт, 4038 шаршы метр кеспе тас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселуде. «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасы бойынша 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынуда.

Бұдан бөлек, құны 350,1 млн теңгеге «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі қолданысқа өтсе, Ғ.Мұратбаев көшесі мен Қ.Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір ел игілігіне пайдалануға берілді.

Тағы бір қуанышты жаңалық −  жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 5,7 млрд теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көше жолының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жанасатын жерінде көлік айрығын салу жобасының аяқталуы.

Еске салсақ, облыста өткен жылы 38 млрд теңгеге 671 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 87,5 пайыз болса, осы жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 92 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Қазіргі таңда жергілікті жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ұсынылған 61 млрд теңге бюджеттік өтінімнің 30 млрд теңгесі қолдау тауып, 215 шақырым автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөнделмек. Жыл соңына дейін қаржыландыру көлемі тағы да ұлғайтылады. Оның ішінде Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерге 28,3 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, оның 12 млрд теңгесі қолдау тапты. Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында 11 млрд теңгеге 82 шақырым болатын 267 көше жөндеуден өтті.

Қаланың абаттандырылуы, бүгінгі көркі көңілді сергітеді. Тынымсыз еңбектің арқасында Қызылорда қаласы тазалығы бойынша  ең таза қалалар көшін бастап тұр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<