«Құрылыс қарқыны кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызуда»

131

0

Шиелі ауданындағы Ерназаровтар әулеті отбасылық кәсіпті дөңгелентіп отыр. Осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиеге жүк көлігін алады. Алғашқы жоспары жүк тасымалымен айналысу болған олар болашақ кәсіп көзі өндірісте екенін түсінеді.

Әулет мүшесі Абзал Ерназаров 2020 жылы «Orda Best Stroy» ЖШС-сын құрып, құрылыс материалдарын өндіру үшін индустриялды аймақтан жер телімін алады.

– Кәсібімізді жаңа бағытта бастамас бұрын нарықты толықтай зерттедік. Ауданда бар негізгі шикізат көзіне байланысты жобаны іске қосуды жоспарладық. Шиелідегі құм мен цементтің сынамалары жоғары сапалы кафель желімін өндіруге мүмкіндік беретінін басшылыққа алып, кәсіпті осы бағытта дамытқымыз келді, – дейді кәсіпкер Абзал Ерназаров.

2021 жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы кезекті рет жеңілдетілген несие алады. Бұл жолы құрғақ қоспа өндіру цехының құрылысын салуды көздейді. Алынған 10 млн теңге жеңілдетілген несиеге цехтың құрылысын салып, өндірісті іске қосады.

– РИЦ мекемесінен («Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы халық арасында осылай аталып кеткен)  алғаш жүк көлігі үшін несиені 10,5 пайызбен алған едік. Бұл жолы цех құрылысына 6 пайыз үстемемен берді. Өзге қаржы ұйымдарына қарағанда несие алу процесі жеңілдеу. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ауылдық елді мекендерде кепіл мүлікке қатысты мәселе бар. Қаржы ұйымдары ала бермейді. Ал Өңірлік орталық бұл жағынан келгенде үлкен қолдау көрсетіп отыр, – дейді кәсіпкер.

Абзал Ерназаров ашқан құрғақ қоспа өндіру цехы бастапқы кезде тәулігіне 150-200 қап шығарған болса, бүгінде 700 қапқа дейін дайын өнім өндіруде.

– Нарыққа біз ұсынып жатқан өнім сапасы жағынан танымал кафель желімдерінен кем түспейді. Арнайы зертханаларға жіберіп қорытындылары алынды. Соңғы жылдары облыс көлемінде құрылыс нысандарының көптеп бой көтеруі біздің өнімдерімізге жоғары сұраныс туғызып отыр. Қазір Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласындағы құрылыс дүкендерінде сатылымға шығарылуда, – дейді Абзал Ерназаров.

8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Құрылыс материалдарына байланысты өнім түрлерін көбейтіп, газоблок, темірбетон өнімдерін шығарғысы келеді.

– Облысымызда кәсіппен айналысуға жақсы жағдай жасалған. Әр отбасының өз кәсібі болуы керек деп ойлаймын. Кәсіппен айналысу, оның жаңа түрлерін ашу мен үшін еркіндік, сондай-ақ өзіңе үлкен міндеттеме – жауапкершілік алу дегенді білдіреді. Тәуелсіз қаржы көзін қалыптастырасың, жаңа жұмыс орындарын құрасың. Өзіңе ғана емес, қоғамға пайдаңды тигізесің, – дейді кәсіпкер.

«Қызылорда» Өңірлік инвестиция орталығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда осы орталықпен байланысуға болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<