«Ауыл аманаты»: Екінші кезеңде 140 жоба қолдау тапты

476

0

«Ауыл аманаты» жобасы – «Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске қосылды. Тиісті бұйрыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада қол қойды.

Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 миллион ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған. Сол мақсатта мемлекеттік бюджеттен бір триллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде бұл бағдарлама көптеген кәсіпкерге үлкен қолдау болып тұр.

Өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңінде 934 млн теңгені құрайтын 140 жоба қолдау тапты. Осылайша бірінші траншпен бөлінген қаржы толығымен игерілді. Бұл туралы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мадали Әлішерұлы мәлімдеді.

Қолдау тапқан жобалардың басым көпшілігі өңдеу саласы мен ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да бағыттағы бизнес бастауды мақсат еткен жобалар. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысамын деген тұрғындардың 32 жобасына  279,5 млн теңге, егін шаруашылығын қолға алғандардың 7 жобасына 43,37 млн теңге, өңдеу саласымен айналысқысы келетіндердің 17 жобасына 104,02 млн теңге көлемінде несие берілді. Сонымен бірге басқа бағыттағы 84 жобаға 507,6 млн теңге несие бөлінді.

– Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген жобаның аймағымызда жүзеге асырылуына биыл 4,6 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Осыған сәйкес, 575 жоба қаржыландырылып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бүгінде жоба басталғалы бірінші траншпен жалпы көлемі 1 млрд теңге қаражат бөлініп, ол толығымен игерілді деп айтуға болады. Алдағы уақытта қалған қаржы аударылып, өтінімдерді қабылдауды жалғастыратын боламыз, – деді Мадали Әлішерұлы.

Ұлттық жоба шеңберінде қаржыландырылған өтінімдердің ішінде Арал ауданынан 25, Қазалыдан 23, Қармақшыдан 8 және Жалағаш ауданынан 11 жоба қолдау тапқан. Ал Қызылорда қаласынан 16, Сырдария ауданынан 7 жоба қаржыландырылса, Шиеліден 23 және Жаңақорған ауданынан 27 жоба мақұлданған.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<