Рухани қуат бастауы – кітап

705

0

Сурет ашық дереккөзден

Кітап оқу – адам жанын байытып қана қоймай, оның өмірлік мақсатына серік болатын, серпін беретін рухани бастау. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деп кітап оқудың ұлттық маңызын айтқан еді. Осы құнды бастамаға өз үлесін қосып жүрген азаматтар да баршылық.

Қызылорда қаласындағы №7 мектеп-лицейде «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кеші болып өтті. Кештің мақсаты – балаларды кітап оқуға дағдыландыру, кітап қасиетіне бойлату.

Кездесу кешіне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Кәсіпкер және мәдениет» журналы мен «Кәсіпкер келбеті» газетінің құрылтайшысы, қаламгер Жүзбай Таңрықбаев, ҚР Білім беру ісінің үздігі Оразбай Қосанов, еңбек ардагері Есентай Қозыбаев, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы қатысты.

Мектеп оқушылары Ж.Таңрықбаевтың «Сұлушаш», «Өмірдің өз шындығы» кітаптарына шолу жасап, буктрейлер ұйымдастырды. Өнерлі балалар ән айтып, би биледі. Кеш қонақтарына түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.

Ж.Таңрықбаев мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған жастарға кітаптің өмір түйінін шеше білетін рухани қуаты туралы әңгімеледі. Сонымен бірге кеш бағдарламасында белсенділік танытқан Назерке Қалдыбай, Аяулым Сәрсенова, Алуа Кәрісбек секілді оқушыларға жеке дайындап келген сый-сияпатын берді.  

Бұған дейін қаланың бірнеше мектебіне өзінің кітаптарын тегін таратқан қаламгер Жүзбай Таңрықбаев бұл жолы да бірнеше шығармасын мектеп кітапханасына тарту етті.

Мазмұнды кеш қорытындысында мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлжан Тынымбайқызы қонақтарға алғыс білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<