Өзбекстан Марбург вирусына байланысты эпидемиологиялық бақылауды күшейтті

223

0

Фото: ӨР Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық комитеті

Өзбекстан Марбург вирусының таралуын алдын алу мақсатында эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Елдің Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық комитетінен мәлім еткендей, Өзбекстанның мемлекеттік шекара бекеттерінде орналасқан санитарлық бақылау пункттері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Көршілес ел Марбург індетінің алдын алу үшін келесі шараларды қолданып жатыр:

– Марбург қызбасының белгілері байқалған азаматтарды арнайы пункттерде дереу анықтау және оқшаулау;

– пациенттермен байланыста болатын медициналық персонал сақтық шараларын қатаң сақтап, инфекцияның таралуын болдырмау үшін жеке қорғаныс құралдарын қолданады. Сондай-ақ, вирустың белгілері байқалған адамдардың қанына және олардың денесі тиген жерлерге жақындамауы керек;

– қауіпсіз инъекция әдістерін қолдану, жеке қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану, бірнеше рет қолдануға болатын медициналық құралдарды дезинфекциялау және қалдықтарды стандартқа сай жою;

– халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізу, вирусқа қатысты деректермен таныстыру.

Ведомстводан атап өткендей, қазіргі уақытта Марбург вирусына байланысты үрейленуге негіз жоқ.

Қоса кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Марбург індетіне байланысты эпидемиологиялық бақылауды күшейтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<