Жұмыс қолғабына сұраныс жоғары

438

0

Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылындағы мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Самат Ақпанбетов пен жары Гүлзира жұмысқа арналған қолғап шығаруда.

Кәсіптің бұл түрін қолға алуына қызығушылығы себеп болған. Самат әлеуметтік желі, YouTube-тан қолғап шығаруға қатысты бейне материалдарды көруді ұнатады. Осы саланы екі жылдан астам уақыт зерттей  келе, отбасымен ақылдасып, қолғап шығарып көруге бел байлайды.

Саматтың келіншегі мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Екеуі  5 баланы өсіріп, тәрбиелеуде.

– Қазір бір ғана табысқа қарап отыратын уақыт емес. Ешкімге қол жаймай балаларымызды аяққа тұрғызғымыз келеді. Сол үшін отбасылық кәсібіміз болғанын қалаймыз. Бұған дейін де кәсіппен айналысып көргенмін. Сала бізге таңсық емес. Дегенмен осы жолы хоббиімді бизнеске айналдырып көргім келеді, – дейді Самат Ақпанбетов.

Олар ең алдымен нарықты зерттеді. Қызылорда облысының өзінде жұмыс қолғабы шығарылмайтынын білді. Облыс тұрғындары оны көрші Шымкенттен, Қытайдан алдырады екен. Содан істі жақсы білетін мамандарды іздеп тапты. Таразда осы салаға машықтанған кәсіпкерлер бар екен. Солармен серіктес болып, Қытайдан қолғап шығаруға қажет жіп пен шағын цехтың құралы әкелінді.

– Кәсібімізге қажет қаржыны «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан алдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында аз пайызбен 6 млн теңге несиеге осы ісімізді бастап отырмыз. Қазір нарықта жұмыс қолғабы 120-150 теңгеден сатылып жатыр. Біз 80-85 теңгеден береміз. Сұраныс жоғары. Алғашқы партияны құрылыс заттарын сатумен айналысатындар қуана-қуана алып кетті, – дейді кәсіпкерлер.

«Гүлзира» ЖК қазір күніне 200-250, аптасына 1200-1500 қолғап шығарып жатыр. Цехтың қуаттылығына сай өнім шығаруына Гүлзира, ал өнімнің сапасы мен тұтынушы табуға Самат жауапты. Әзірге бар шаруаны өздері істеп жатқан отбасылық кәсіп иелері болашақта екі жұмысшы алуды көздеп отыр. 

Қызылорда өңірлік инвестициялық

орталығының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<