Өнерімен өркендеген Өркен

264

0

Сегіз қырлы, бір сырлы, айтулы азамат Өркен Әзімханұлы Исмаил сан алуан салада қалтқысыз қызмет етіп, 75 жасқа келді.

Бізді 1960 жылдың аяғында Н.Гоголь атындағы (бүгінгі Қорқыт ата) педагогикалық институттың филиология факультеті таныстырып табыстырған. Содан бері ұшқан құстай жарты ғасыр зымырап өте шықса да, руханият саласында тонның ішкі бауындай араласып, сыйлас, сырлас болып келеміз.

Оның қарапайым қалпынан айнымайтынына тәнті боламын. Өмір жолында білім, мәдениет, баспасөз, құқық қорғау, ауыл, аудан әкімдіктерінде қызмет атқарды.

Өркен Әзімханұлы 1949 жылдың шілде айында Шиелі ауданына қарасты «Ащықұдық» елді мекені, бүгінгі Бала би ауылында өмір есігін ашқан. Ауылдағы Абай атындағы №50 мектептен орта білім алған ол Қызылорда педагогикалық институты филиология факультетінің ән және музыка бөлімінде оқыды.

Өркен бала кезден өнер иесі атанды. Құйқылжыта тартқан күйі, әсем де сазды ән-әуезімен ауыл ғана емес, аудан тұрғындарына танылды. Бар-жоғы 8 сыныпта оқып жүргенде «Көңіл сыры» әнін өмірге әкелгенін біреу білсе, біреу білмес. Бүгінде «Анама», «Қыздар», «Тимур аға боламыз», «Қайда ғана жүрсің, сен» атты, тағы басқа 30-дан астам әні сахнадан түспей келеді.

Есімі әлемге әйгілі әнші апамыз Роза Бағланова Өркеннің Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған «Әйелдің жасын сұрама» әнін аса ұнатып, нотасы мен сөзін сұратып алған көрінеді.

Институт қабырғасында жүргенде шығармашылықтың шырқау биігіне ұмтылды. Аты аймаққа ғана емес, елімізге танымал болған «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшесі атанды. Айтқандай, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүргенде баянмен қазақ және орыс әндерін тамылжыта орындағаны үшін Қорғаныс министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Өркен Әзімханұлы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Абай атындағы №50 орта мектепте бастады. Мектеп жанынан оқушылардың «Қаламқас» ансамблін құрып, облыстық байқауларда бас бәйгені иеленіп жүрді. Ал 1977 жылы Қазақстанның 30 жылдығы шаруашылығында халық театрының режиссері болып жүргенде Тахауи Ахтановтың «Күтпеген кездесу» спектаклін сахналап, лауреат атанды. Облыста ең алғашқы болып халық театры атағын алған да, сақтап қалған да Өрекең. Сөйтіп ол ауылдық жерде өнердің дамуына мейлінше көңіл бөліп, жастарға бағыт сілтеді.

Өркеннің өнердегі ерен еңбегі ескеріліп, аудандық музыка мектебіне оқытушылыққа шақырылды. Бертін келе аудандық пионерлер үйінің директоры бола жүріп, оқушыларға музыкалық және эстетикалық тәрбие берді. Оның «Сыр ұланы» маршы «Қазақ радиосына» жазылды. Бұл ән күні бүгінге дейін сахнадан түспей келеді. Туған топырағына арнаған «Шиелім» әні де жерлестерінің гимніне айналған. Өркеннің осындай әсем әндері мен өмірдерегі «Қайталанбас дауыстар» атты Сыр өңірі өнер саңлақтарының антологиясына енгізілген.

1980 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен Өркен Исмаил аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне жіберілді. Осында келісімен республикада ең алғашқы болып қазақша вокалды-аспапты «Жалын» атты ансамбль құрды. Бұл ансамбльдің концерті республикалық телеарнада көрсетіліп, көпшілік сүйіспеншілігіне бөленді. Бұл қазір айтуға оңай болғанымен, шаруасы шашетектен еді. Қырық милиция қолына домбыра ұстап, ән салды, ансамбль өнеріне Қазақстанның Халық артисі Ескендір Хасанғалиев жоғары баға беріп, тілеулес болды.

Сол бір жылдарды Өркен Әзімханұлы:

– Күнделікті өмірде сұсы басым, әрдайым қоғамдық тәртіпті сақтауда арпалыса жүріп қызмет жасайтын погонды жігіттердің тарапынан осындай нәзіктік пен өнер иірімінің қылаң беруі көпшілікті шынында қайран қалдырған болатын. Милиция өне бойы шатақ шыққан жерде емес, шаттық болған жерде де жүрсе несі айып? Қайта жұртшылықпен етене араласуға, олардың сенімінен шығуға өнердің пайдасы ұшан-теңіз емес пе? – деп еске алады.

Ол 1986 жылы Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне жіберілді. Бұл жерде де «Шалқия» атты ансамбль ұйымдастырып, облыстық байқауда бас бәйгені алып берді.

1995 жылы милиция подполковнигі Өркен Әзімханұлын аудан әкімі И.Әбибуллаев шақырып, туған ауылы Қазақстанның 30 жылдығы шаруашылығына басшылыққа баруға ұсыныс жасады. Туған ауылының іргетасын шайқалтпауды мұрат тұтқан ол келісімін беріп, шаруашылық директоры қызметіне тағайындалды. Бертін келе, шаруашылық жекешелендіріліп, «Балаби» ЖШС құрылып, оның төрағасы қызметін де атқарды.

1998 жылы аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары, «Отан» партиясы аудандық филиалының (қазіргі «Аманат») алғашқы төрағасы болды. «ХАҚ» мекемесінің директоры, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы бола жүріп, ана тілінің мәртебесін көтеруге қажырлы еңбек етті. Бүгінде зейнетке шыққан ол аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, тағы басқа қоғамдық жұмыстардың басы-қасында.

Өркен Әзімханұлы Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл, 30 жыл, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан полициясына 20, 25 жыл» медальдарымен марапатталған, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері.

Жұбайы, Батыр ана Рахым Рая екеуі сегіз ұл-қыздың қызығына кенеліп отырған жағдайы бар.

Өмірде өнерімен өркен жайған Өркен жетпіс бесінші белесіне осылай жетті.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист, Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<