Ғарыш тарихынан сыр шерткен

251

0

Әлемде «Байқоңыр» ғарыш кешенін білмейтін жан жоқ десек, артық айтқан болмаймыз. Осыдан 69 жыл бұрын маң далада бой көтерген шағын шаһар ажары бөлек қалаға айналды. Бүгінде Байқоңыр – Қазақстан мен Ресей мемлекеттері ынтымақтастығының бірден-бір көрінісі. Мұндағы тарихи орындарының бірі – қаланың тарихи музейі Байқоңыр қалалық мәдениет үйінің үшінші қабатында орналасқан.

Кіреберісінің оң жақ қабырғасына алғаш құрылыс басталған тұстағы тарих бейнеленген суреттер, яғни «Заря» (1955 ж.), одан кейін «Ленинск» посёлкесі, «Ленинск» (1966 ж. 22 маусымда) қаласы, ал бертін келе «Байқоңыр» (1995 ж.) қаласы атанғанын білеміз. Ал сол жағында «Байқоңыр қаласының Құрметті азаматы» атағын алған, ғарыш саласына еңбегі сіңген азаматтардың суреттері мен мақтау грамоталары ілінген.

1967 жылы 7 қараша күні қалалық мәдениет үйінің ғимаратында «Байқоңыр» ғарыш айлағының әскери құрылысшыларының әскери және еңбек даңқы туралы экспозиция ашылған екен. Кейін көрме одан әрі кеңейтіліп, «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихи музейіне айналды.

Одан космодром мен қала тарихы жөнінде мол мағлұмат алуға болады. Экспонаттардың көпшілігін кезінде қала тұрғындары әкеліп берген. Құжаттар, суреттер, ғарышкерлердің жеке заттарын құрылысшылар,  алғашқы қала тұрғындарының балалары мен немерелері жинаған.

Музей 4 залдан тұрады. Біріншісі – әскери және еңбек даңқы залы, екіншісі – зымыран техникасы дамуының тарихи залы, үшіншісі – этнографиялық зал, төртіншісі – көрме залы. Тамашалауға келген әрбір адам бірінші залдан Ұлы Отан соғысы жылдарында қолданған қару-жарақ, жауынгер формасын, наградалар және т.б, көптеген тарихи жәдігерді көреді.

Сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш кешенінің құрылу тарихындағы алғашқы құрылыстар мен ғимараттардың, үйлер мен көшелердің суреттері ғарыш саласының бастау алған тұстарын бейнелейді.

1955 жылы 5 мамырда әскери құрылысшылар тұрған штаб салынған. Қала құрылысы (ол кезде «Заря» посёлкесі) қазіргі қалалық мәдениет үйінің жанынан басталды. Ең алғашқы көшелері – Пионерская, Набережная, Школьная, Песчаная, Речная. Ең бірінші салынған мектеп – №30 мектеп (қазіргі Г.Шубников атындағы №1 мектеп).

Осы залда «Байқоңырдың» негізін салушы С.Королев, М.Неделин, Н.Хрущев, Г.Шубников сынды тұлғалардың ғарыш кешенінің құрылуына және ғарышты игеру дәуірінің басталуына сіңірген еңбегі жөнінде мәліметтер жинақталған.

«Байқоңырдың» негізін қалауға атсалысқан әрбір ғалым, құрылысшының ғарышты игеруге қосқан зор үлесінің артында өлшеусіз еңбек пен ғарышкерлер ерлігі бар. Залдан ол жөнінде мол мағлұмат алуға болады, яғни мұнда Жердің тұңғыш жасанды серігінің түпнұсқасынан айнытпай жасалған көшірмесі бар.

«… Әлемнің жиегінен, яғни осы құрметке ие болған Отанымыздың қасиетті жерінен ғарыш кемелері әлі бірнеше рет белгісіз алыстарға кететін болады. Олардың әрбір ұшуы мен қайтып келуі халқымыздың, бүкіл адамзаттың ұлы мейрамы, Сана мен Алға басудың жеңісі болады», – деп жазды ғарыштық-зымыран жүйесінің бас конструкторы С.Королев.

1957 жылы 4 қазан күні кешкі сағат 22:30 шамасында С.Королевтің әйгілі «Жетінші» ғарыш кемесі (Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыраны) Жердің бірінші жасанды серігін Жер орбитасына жеткізді. Тарихта тұңғыш рет адам баласының қолымен жасалған, құрылысы күрделі емес, алюминийленген, салмағы 83 келі шар тәріздес аспан денесі Жердің тартылыс күші заңын бұзып, ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл – ғылым мен техниканың ұлы жеңісі. Бір айдан соң Жердің екінші жасанды серігі ұшырылды. Оның салмағы алдыңғысына қарағанда 6 есе ауыр болатын. Бұл ұшырылымнан кейін маңызды факт дәлелденді: тірі ағза ғарышта өмір сүре алады. Осылайша, Лайка есімді адамның досы ғарышқа ұшқан ең алғашқы тіршілік иесі ретінде бүкіл әлемге танылды. Кеңес Одағының ғалымдары бұдан кейін де жаңа эксперименттермен айналысуға кірісіп кетті. Сонымен қатар, мұнда түрлі ғарыш кемелерінің («Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс», т.б.) макеттері мен нағыз ғарыш кемелерінің бөлшектерін көруге де болады. Олар туралы маңызды деректер жетерлік.

«Союз» ғарыш кемесінің ұшу кезіндегі схемасын электр жүйесіне қосу арқылы бейнеленгенін көрдік. Ортада Ленинск қаласының макеті де қойылған.

Екінші залдан білгеніміз – әлемде ғарыш айлағы Жапония, Үндістан, Франция, АҚШ елдерінде бар екен.

1961 жылдың 12 сәуірінде Мәскеу уақыты бойынша сағат 09:07-де адамзат тарихында тұңғыш рет «Восток» ғарыш кемесімен Юрий Гагарин «Байқоңыр» айлағынан ғарышқа ұшты. Адамның ғарышқа ұшуы өркениет тарихындағы тағы бір ренессанстық параққа айналды, сананың көкжиегі ашылып кеткендей еді. Жюль Верннің қиял-ғажайып романдары шындыққа айналғандай болды. Адам баласы ғарышты бағындырған дәл осы күн, яғни 12 сәуір Халықаралық Космонавтика күні болып жарияланды.

Музейдегі бірегей экспонаттардың бірі – «Союз» ғарыш кемесіне арналған «Сокол-К» құтқарушы скафандры. Ол герметикалық кабинада ұшу кезінде қажет. Кеменің амортизациялық қалыбы ескеріліп, скафандр әр ғарышкер үшін арнайы жасалады. Оны ең қауіпті жерде киеді. Сонымен бірге «Казбек» деп аталатын креслоны, дайындық үстінде киетін арнайы форманы, арнайы тюбиктер мен консервілерде сақталатын тағамдарды көрдік.

Осы залда 1960 жылдың 24 қазанында континентаралық баллистикалық «Р-16» зымыранын ұшыруға дайындық кезіндегі апаттан қаза болған әскери адамдарды мәңгілік аза тұту мақсатында жасақталған арнайы бұрыш та бар. Ғарыштық зымыран жүйесінің бас конструкторы С.Королевтің қызы Наталия Королеваның «Отец» деген кітабы қойылған.

Мұнда қазақтың ұлттық мәдениетіне арналған зал бар. Онда киіз үй, жабдықтары, есігі, сандық, бесік, диірмен, қазан-ошақ, күбі, келі мен келсап, самаурын мен шәйнегі, қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген текеметтер, қоржын, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер, ат әбзелдері және тағы да басқа құнды тарихи жәдігерлеріміз экспозицияланған. Абай Құнанбайұлы мен Ғани Мұратбаев бейнеленген тоқылған кілемшелер көздің жауын алады. Қармақшы ауданынан табылған тарихы сан ғасырлық «Сыр талы» деп аталған ағаштың фрагменті, «Жетіасар» мәдениетіне жататын керамикалық құмыралар, әртүрлі ыдыстар қойылған. Дала үкісінің қатырылған денесі бар.

Ғарышкерлер осында келгенде міндетті түрде киіз үйде суретке түседі. Қазақ даласынан ұшатындықтан ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне ерекше ықылас танытып, көбірек білуге талпынады. Мұнда қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовке арналған арнайы бұрыш бар.

Төртінші көрме залы тақырыпқа сәйкес өзгертіліп тұрады.

«Байқоңыр» – адамзат баласы үшін космонавтика дәуірін ашып, ғарышқа жол салған Жер шарындағы бірінші ғарыш айлағы. Тек ғылыми, технологиялық, әскери, саяси, экономикалық маңызға ғана ие емес, ең алдымен, ұлттық мақтанышымыз.

Бүгінгі жас жеткіншек өткен тарихымызды, адамзат баласының ғарышты игеру жолында жасаған еңбегін ешқашан ұмыт қалдырмауы тиіс. Себебі тарих – біздің келер ұрпаққа мақтанышпен аманат етіп қалдырар жеткен жетістіктерімізді, бағындырған биіктерімізді айқындайтын асыл да, қастерлі қазынамыз.

Қымбат БЕРДЕШ.

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<