Алтын киімді тасқопа көсемі

225

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Алтын киімді Тасқопа көсемі» атты Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы жәдігерлер көрмесінің ашылуы өтті.

Көрмеге сол дәуірдің құнды жәдігерлері қойылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Сапар Көзейбаев екі өңір арасындағы мәдени, әріптестік байланыстың тиімділігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Мира Қазбекованың Алғыс хатымен марапаттады.

Көрме экспозициясына Ақтөбе өлкесіндегі Сармат ескерткіштерінің зерттелу тарихына, жерлеу орындарына қатысты, ерте темір дәуіріне жататын, Темір ауданындағы Тасқопа обаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлер қойылды.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұқанов көненің көзіндей мұралар туралы айтып берді.

– Көрмеге 282 экспонат қойылып отыр. Ең құндысы – Тасқопа қорымынан қазылып алынған жәдігерлер негізінде қайта қалпына келтірілген Қазақстандағы сегізінші алтын адам. Негізгі мақсатымыз – ерте көшпенділердің элиталық археологиялық ескерткіштерін зерттеудегі жетістіктерді көпшілікке насихаттау. Көрме қазан айының 30-на дейін жалғасады. Жалпы Ақтөбе өңірінде темір дәуіріне байланысты 400-ден астам көрнекті ескерткіш бар. Бұл көрме жоба ретінде Сыр елінен бастау алып отыр. Алдағы уақытта басқа өңірлерге де барамыз, – деді ол.

      Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<