Жалағаш диқандарының жұлдызды шағы

464

0

Жылдағы дәстүр бойынша егін-терім науқанын қорытындылайтын «Алтын күз» мерекесінде Жалағаш ауданы «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атанып, абырой биігінен көрінді.

Бекітілген межеге сәйкес ауданда 37218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 19800 гектар күріш толық жиналып, әр гектарынан орташа 60,5 центнерден өнім алынды.

Бұдан бөлек, бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс сияқты бақша дақылдары толық жиналып алынды. Қазір жоңышқа дақылын жинау жұмыстары жүргізілуде. Биыл  4850 гектар жаңа жоңышқадан, 8091 гектар ескі жоңышқадан мол өнім алынуда. Бұл орайда аудан шаруашылықтарының маусымдық жұмыстарда ұтымды ұйымдасып, алажаздайғы еңбектің өнімін ысырапсыз қамбаға құйғанын айту қажет.

Осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар, Қазақстанның Еңбек ері И.Шағыртаев басқаратын «Таң ЛТД» ЖШС биыл 3000 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде 1500 гектарға егілген күріштің әр гектарынан орташа есеппен 85 центнерден өнім алды. Өнімнің басым бөлігі – шетелдік жаңа «Каурис» сорты және жерсіндірілген «Лидер», «Альянс» сорттары. 

Ал «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 1300 гектарға күріш егіп, әр гектарынан орташа есеппен 89 центнерден өнім алды. Шаруашылық жалпы 3500 гектарға  дақылдар еккен. Оның ішінде 5 гектар жерге егілген «Құрманбай ата» алма бағының экологиялық таза, табиғи өнімі үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Ауыл шаруашылығында өнім сапасының артуына жаңа технология мен заманауи техниканың ықпалы зор. Сондықтан аудан шаруашылықтары техника паркін жаңартып отыруға ерекше көңіл бөледі. Биылдың өзінде 1670,6 млн теңгеге 26 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Аудан әкімінің айтуынша, жалағаштық шаруашылықтар бүгінде суды үнемді пайдаланып, өнім көлемін арттырудың көзін тапқан.

– Президенттің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауының нәтижесінде биыл күріш алқабында судан тапшылық болған жоқ. Диқан қауымның еңбегі ақталып, жоспарланған межеден жоғары өнім алынды. «Қызылорданың Қостанайы» атанған жалағаштықтар биыл да кезекті науқанда мол табысқа кенеліп, биік тұғырдан көрінді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен өткен «Алтын күз – 2024» салтанатты жиынында Жалағаш ауданы «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атанды. Бұл – аудандағы егін  шаруашылықтарының бірлесе атқарған жұмысының берекелі көрінісі, – дейді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл ауданда ірі серпінді жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның бірі, осы жылдың 9 айында жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты. Атап айтқанда,  өнеркәсіп өнімдерін өндіру 29,4 пайызға артып, 29 млрд 362 млн теңгенің өнімі өндірілді.

Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12,8 пайызға артып, 14 млрд 461 млн теңгені құрады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 20 659,4 млн теңге болып, 103,7 пайызға орындалды.

Ауданда тұрғын үй бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүзеге асырылуда. Айталық, биыл көлемі 17 523 шаршы метр болатын 112 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 163,8 пайызға орындалып, 7 млрд 991,8 млн теңгені құрады. Сондай-ақ бөлшек сауда көлемі 2 816,8 млн теңге болып, 102,1 пайызға орындалған.

«Алтын күз» мерекесі аясында Қызылорда қаласының тұрғындары үшін Жалағаш ауданында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде ауданнан 60 автокөлікпен өнімдер әкелініп, 46 млн 850 мың теңгенің азық-түлік өнімдері сатылымға шығарылды. Нақтырақ айтсақ, 200 тоннадан астам азық-түлік өнімдері және 6,5 тонна шамасында мал азығы қала тұрғындарына қолайлы, яғни  базардағыдан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынылды.

Өңірде әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында Жалағаш ауданының ұйымдастыруымен жыл соңына дейін 3 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарлануда.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<