Сырлы сөзбен өлең өрген

126

0

Ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Телерадио академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, Шиелі, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітованың 65 жас мерейтойына орай «Сырдың нәзік гүлімін» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті.

Кеш барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова құттықтау лебізін білдіріп, мерейтой иесіне Қызылорда қаласының әкімі Н.Ахатовтың құттықтау хатын табыстады.

Сырдың қабырғалы қаламгерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Сайлаубай Жұбатырұлы, Қатира Жәленова, Несібелі Рахмет, Білім беру ісінің үздігі, ақын-сазгер Ділдахан Торғаева Қаршыға Есімсейітованың шығармашылығы мен қоғамдағы  белсенді қызметі туралы тарқатып айта келіп, кеш иесіне ізгі тілек білдірді. «Qyzylorda» облыстық телеарнасы басшысының орынбасары Айсұлу Қасымова ұжымның ыстық ықыласын жеткізіп, гүл шоғын ұсынды.

Кеш барысында шығармашылық иесінің өмір жолына бейнешолу жасалып, бір топ жас оқырман ақын өлеңдерін оқыды, автордың сөзіне жазылған әндер орындалды. Айталық, Ділдахан Торғаеваның әнін ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Кенже Мұсаева шырқады. Сондай-ақ белгілі күйші, композитор Гүлнар Ысқақованың жаңа әні тыңдарманға жол тартты.

Кездесу кешінің сыр-сұхбат айдарында қалам иесі әдебиет әлеміне алғаш келгендегі естеліктерінен сыр шертіп, көңіл-күйінің түрлі сәтінде туған жыр жолдарын оқырман назарына ұсынды. Сондай-ақ саналы ғұмырын арнаған журналистік қызмет жолындағы жетістіктері жайлы әңгімеледі. 

Айта кетейік, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3, №4, №19 кітапханалары ұйымдастырған әдеби-музыкалық кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақжол Түменбай жүргізді. Сырлы сөз иесіне кітапхана ұжымы оқырмандар атынан алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<