Қазалы: Тарихы тағылымға, бүгіні берекеге толы мекен

197

0

ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

Кеше Қазалы ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еңбек ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеп, тарихи тұлғаны ұрпақ жадында жаңғыртудың маңызына тоқталды.

– Халқымыз батырлары мен сал-серілерін, даңқты дала қаһармандарын дәріптеп, ұлыларын қастерлеп келеді. Баршаңызды қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері, кемеңгер ойшыл Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Әйтеке би Бәйбекұлы – қазақ тарихына өзінің жасампаздық қызметімен із қалдырған тұлға. Қазақтың үш ұлы биі, үш даңқты данагөйі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің есімдері ұлт бірлігінің айнымас символы болып бізге жеткен. Қазақ тарихындағы ең күрделі кезең – жоңғар шапқыншылығы уақытында елді бірлікке үндеп, Бұқара мен Самарқанда би болған.

Биыл Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығы кең көлемде тойланды. Мерекелік іс-шараларда Сыр өнерпаздары өнер көрсетіп, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов айтыстың бас жүлдесін еншілеп қайтты. Наурыз айында Қызылорда қаласында республикалық командалық айтыс ұйымдастырылып, жерлестеріміз топ жарды.

Баба есімін ұлықтау мақсатында Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, Әйтеке би ауданы, Жаңақазалы поселкесі Әйтеке би кенті деп аталғаны бәріңізге мәлім. 2000 жылы Қазалы ауданының орталығында Әйтеке бидің құрметіне кесене тұрғызылды. Бас көше бабамыздың атымен аталып, 2019 жылы аудан әкімдігі ғимаратының алдынан 12 метрлік еңселі ескерткіші бой көтерді.

Тарих – тағылым. Өткенінен сабақ алмаған ел табысқа жетпейді. Әйтеке бидің ұлағатты өмірін ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге етудегі шаралар жалғасын таба берсін. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді аймақ басшысы.

Конференцияны Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Іс-шарада Ұлттық Ғылым академиясының академигі, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Әйтеке би және оның заманы», фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов «Әйтеке би: мұрағат мәліметтерін қайта зерделеу мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Көтерілген тақырыптар бойынша қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері, республикалық Жалаңтөс баһадүр қорының президенті Нажмадин Мұсабаев, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Өтеубай Қожақов сөз сөйледі.

«ӘМІР АРЕНА» СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Қазалы ауданында «Әмір Арена» спорт кешені ашылды. Ашылу рәсімінде аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге және Сыр спортындағы жаңалықтарға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, Прези­ден­тіміздің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болатын, бүгінде 744 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге бағытталды. Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға баса көңіл бөлінді.

Өткен жылы Қазалы ауданының бюджеті 13 млрд 600 млн теңге болса, биыл 17 млрд 600 млн теңгеге жетіп, 18,7 пайызға өсті. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртылуда, 29 ша­қырым жолдар мен көшелер жөнделуде.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кенттегі Жанқожа батыр, Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Үш елді мекеннің (Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Қожабақы ауылы) электр желілері жаңғыртудан өтуде.

Аудан орталығында «Руханият орталығы», Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 300 орындық мектеп құрылысы қарқын алды. Биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығына салынуы жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталады.

Соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Өткен жылы 13 спорт кешені салынып, оның 9-ы пайдалануға берілді. Бүгін өздеріңізбен бірге «Әмір Арена» жаңа спорт кешенін ел игілігіне та­быстаймыз. Қаза­лылық жас жет­кіншектер осы ке­шенде жаттығып, шарболаттай шы­нығып, көк байра­ғымызды көкте желбіретсін! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада спорт сала­сының қызметкерлері мен арда­гер­леріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, облыстық мәслихат депутаты, «Қазалы кә­сіп­­керлер одағы» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы, «Тілеп» ЖШС директоры Ибайдулла Тілеп құттықтау лебізін жеткізді.

Жеке кәсіпкер Шынар Өтегено­ва­ның демеушілігімен салынған 200 адамдық бұл кешенде жастардың футбол, баскетбол, волейбол, гандбол және күреспен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.

120 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Осы күні әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталды.

Аймақ басшысы жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетіс­тіктеріне тоқталды.

– Сыр өңірінде барлық саладағы бастамалардан, қолға алынған жоба­лардан, олардың іске асу қарқынынан Президентіміздің, Үкіметтің қолдауын анық көруге болады.

Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде «Акса Энерджи» түрік компаниясы құрылысқа 115 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Орталық келер жылы қыркүйек айында ел игілігіне табысталады.

Мемлекет басшысының қол­дауымен аймағымыздағы құрылыс қарқыны артып келеді. Облыс, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да сәулетті ғимараттар, түзу көшелер, нақтылай айтсақ, 123 млрд 400 млн теңгеге 81 әлеуметтік нысан бой көтеруде, 58 млрд 900 млн теңгеге 332 мың шаршы метр, 452 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілді.

Туған жердің өсіп-өркендеуіне жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар үлес қосып, демеушілер есебінен 50 млрд теңгенің жобалары қолға алынды.

Қазалы ауданында да тұрғындар­дың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектері ескеріліп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы ауданның 95 жылдығы қарсаңында әлеуметтік осал топтар үшін салынған баспаналар кілтін 50 отбасыға табыстаған болатынбыз. Биыл да осы үлгілі үрдіс жалғасын тапты. Ауданның ажарын айшықтайтын, тұрғындарды баспана бақытына кенелтетін бұл үйлер инженерлік инфрақұрылым желі­лерімен толықтай қамтылған. Жаңа қоныс құтты болсын, қуаныш пен шаттық ұялаған шаңыраққа айналсын! – деді Н.Нәлібаев.

Іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме ма­мандарына облыс әкі­мінің Алғыс хаты та­бысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария ау­дан­дарының Құр­метті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді.

Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағ­дары, инфрақұрылымдық жоба­лардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.

АБАЙ АУЫЛЫ ГАЗ ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛДЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы ауданының Абай ауылын газ желісіне қосу рәсімі өтті.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.

– Бүгін мерейлі мереке қарсаңында Қазалы ауданында нысандар ашылып, Абай ауылына «көгілдір отын» желісі қосылуда. Бұл – расында да, көптен күткен игілік.

Қазір Қазалы ауданының газ­дандыру көрсеткіші 65 пайызға жетті. Биыл мұнда 2 млрд 200 млн теңгеге 3 жоба жүзеге асуда. Алғашқысы – осыдан бір жыл бұрын басталған Абай ауылын газдандыру жобасы. Жұмыс толық аяқталды, енді ауылдағы 193 тұрғын үй мен 8 әлеуметтік нысан «көгілдір отын» тұтынатын болады.

Екінші жоба – Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, «Майдакөл», Ү.Түктібаев ауылдарына магистральді газ құбырын тарту. Бүгінде жұмыс қарқынды жүруде.

Үшіншісі – Ақтан батыр ауылына ора­мішілік газ тарту. Бұл жұмыс бас­талып кетті. Сәтін салса, жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан соң елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жетпек.

Осы уақыт ішінде Қазалы ауда­нында 600 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 10 763 тұрғын үй мен 350 мекеме-кәсіпорынға қосылды.

Елдің дамуы ауылдың гүлденуінен басталады. Ал ауылдың дамуы, келешегі сіздердің еңбекқор­лық­тарыңыз бен бірліктеріңізге бай­ланысты. Баршаңызға бүгінгі қуаныш құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов батасын берді.

Сонымен қатар, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагер­лер­ге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кез­десіп, атқарылған жұмыстар, алдағы бағыт-бағдар туралы айтты. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жоба­ларға, әр саладағы жаңашыл­дықтарға тоқталды, кездесуге келу­шілердің ой-пікірлерін тыңдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<