«Ұлттық қауіпсіздік барысы»: Айтулы жарыс Сырдан бастау алды

140

0

Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен арнаулы және құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар арасында ҰҚК Төрағасының жүлдесіне арналған «Ұлттық Қауіпсіздік Барысы»  республикалық жарысы ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысушыларға сәттілік тілеп, Сыр спортының жетістіктерін атап өтті.

«Елімізде тұңғыш рет қазақ күресінен арнаулы және құқық қорғау органдары, күштік құры­лым­дар арасында Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Төрағасының жүлдесіне арналған «Ұлттық Қауіпсіздік Бары­сы» дүбірлі додасы басталды. Ерекше маңызы бар республикалық жарыс­тың біздің өңірден бастау алғанына ризашылы­ғымызды білдіреміз.

Ел спортының дамуына Сыр спортшыларының қосқан үлесі мол. Биыл ұлттық құрамаға облыстан 690 спортшы қосылды. Жыл басынан бері аймақ спорт­шылары республика чемпионаттары мен кубоктарынан 668 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубок­тарынан 93 медаль иеленді. Астана қала­сында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорға­ғандардың барлығы дерлік жоғары нәтиже көрсетті.

Спорт – сан қырлы сала. Ондағы мәселелер мемлекеттің ғана емес, жан-жақты қолдау арқылы ше­шіледі.  Мұны ет-жүрегімен сезін­ген жана­шыр жерлестеріміздің арқасында айма­ғымызда көптеген жаңа нысан құрылысы жүруде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарымыз бар.

Жуырда ғана сол жағалаудан Үстел теннисі орталығын ел игілігіне табыстадық. Бүгінде халықаралық стан­дарт­тарға сай 10 мың орындық орталық стадионның құрылысы қар­қынды жүруде. Жастар мен балаларды үйір­мелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көп­бе­йінді спорт кешені салынады.  Сон­дай-ақ 10 кешеннің құрылысы басталды.

Көшпелілер күресінің басты қағидасы қашанда әділеттілік болған. Сондықтан да қазақ күре­сінің тәрбие­лік маңызы зор, – деді облыс әкімі.

ҚР ҰҚК Кадрлар департа­мен­тінің бастығы Алмас Бекішов пен ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша депар­таментінің бастығы Азамат Ищанов адамның рухын асқақтататын, ар-намыс пен қара күшті бойына тоғыстырған на­ғыз ерлер сына­латын сайыста па­луан­дарға сәттілік тіледі. Жарыс қо­нақтары қатарында «Қазақстан бары­сының» жеңімпаздары Бейбіт Ыс­ты­­бай мен Мақсат Исағабылов бар.

Айтулы бәсекеге 9 командадан, атап айтсақ, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Мемле­кеттік күзет қызметінен, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен, мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан, Қыл­мыстық түзеу жүйесі комитетінен 45 спортшы қатысты.

Жарыс 66, 74, 82, 90, 100 келі салмақта командалық есеп бойынша өткізілді. Палуандарға ұлттық  дәре­жедегі төрешілер өз бағасын берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<