АСТАНА АЖАРЫ – ҰЛТ КЕЛБЕТІ

438

0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысы ел астанасын Алматыдан Арқа төсіне көшіру жөнінде бастама көтерді. Ал 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Елбасының Жарлығы шығып, көп ұзамай ерке Есілдің жағасынан жаңа астана бой көтерді. Бүгінде 20 жылдың белесін бағындырған Астанамыз ел болашағына бағытталған еңселі істер мен баянды бастамалардың орталығына айналды. Жасампаздықтың жарқын үлгісі ретінде жаһанға танылды.
Астана қаласының 20 жылдығына орай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Астана – елімнің жүрегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияны ҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы Қ.Бисенов жүргізіп отырды.
Конференцияда сөз алған облыстық мәсли­хат хатшысы Наурызбай Байқадамов осынау 20 жылда Астана таңғажайып жетістіктерімен жаһан назарын аударғанын атап өтті.  Елба­сының бас­тамасымен Астана төрінде өткен түрлі халықаралық жиындар әлемдік деңгейдегі саяси маңызды шешімдер қабылдануына негіз болғанын айт­ты. Еліміздің Еуропа қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық етуі, Әлем дәстүрлі дін лидерлерінің  Астана қала­сында бас қосып, бейбітшілік пен келісім орна­тудың алғы шарттарын қабылдағаны, ғалам­дық тақырыпты талдаған «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесінің өтуі – Астананың Еуразия кеңістігіндегі ерекше ықпалды рухани орта­лыққа айналғанының көрінісі екенін атап өтті.
 ҚР Парламенті Сенатының депутаты, сая­си ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақ­тиярұлы «Астана – Тәуелсіздігімнің символы» тақырыбында баяндама жасады.
– 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық шықты, онда 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Респуб­ликасының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылды. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз бетінше жасаған батыл шешімі еді. Шындықты мойындаған дұрыс. Қатардағы көп облыс орталығының бірін астана етуге бел байлау – нағыз батыл шешім, батырлық. Елбасы он ойланып, жүз толғанды. Қиындық атаулыдан жасқанбайтын, тәуекел етуге тайсалмайтын ержүректілік танытты. Осылайша тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана – ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі, – дейді Мұрат Бақтиярұлы.
«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті­нің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Елбасы жобасы – елдіктің ордасы» тақырыбындағы баяндамасында Елбасының бұл бастамасы алғашқыда «Қазақ әдебиеті» газетінде талқыланып, қаламгерлер тарапынан қызу қолдау тапқанын айтты. Сондай-ақ, Елбасының бұл жобасы саяси тұрғыдан салмағы басым шешім болғанын айқын дәлелдермен айғақтап, атап өтті.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғы­лымдарының докторы Тастанбек Сәтбай «Астана – саяси ұлт қалыптасуының ұйытқысы» тақырыбын талдап, өз ойын «Астана – ұлттық идеялардың заманауи бейнесі, ғасырлар ізде­нісінің нәтижесі, қазақ рухының көрінісі, саяси ұлт қалыптасуының ұйытқысы» деп түйін­деді.  Ал «Астана – қазіргі қазақстандық білім беру жүйесінің орталығы» тақырыбында баянда­ма жасаған  Қорқыт ата атындағы ҚМУ педаго­гикалық факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Еркін Ақтаев:
– Ақмола Астана атанған алғашқы жылы қалада бір ғана қазақ мектебі болған екен. Қазір олардың саны 30-дан асып жығылады. Ал 1998 жылы қалада 44 мектеп ғана болса, бүгінде 100-ге жуықтаған. Сол сияқты, тәуелсіздік алған 90-жылдары қалада небәрі 2 жоғары оқу орны болса, бүгінде олардың саны 14-ке жеткен. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласы шын мәнісінде өнер мен білімнің ордасына, мәдени шығармашылық  дамудың негізіне айналып отыр. Осы жылдар ішінде қала халқының саны үш есе артып, 1 миллионға жетті. Жыл сайын жаңадан шаңырақ құратын жастар саны 3 мыңнан 11 мыңға дейін көбейіп, төрт есе артқан. Бұл, әрине, бейбіт еліміздің баянды болашағының көрінісі, – дейді.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың философия және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, дінтану магистрі Ә.Жаппасбаев «Астана – бейбітшілік пен келісім мекені» тақырыбындағы баяндамасында Қазақстан Пре­зи­­дент­інің бастамасы бойынша әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының өзара диалог­қа түсуі, болашақта діни кикілжіңдер мен қақтығыстардың алдын алуда айтарлықтай оң нәтиже бергенін, оны бүгінде әлем мойындағанын атап өтті.
Ал «EXPO-2017» – жарқын болашақтың жаңа мүмкіндігі» тақырыбы бойынша талдау жасаған ҚМУ-дың оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов осынау дүниежү­зілік көрме еліміздегі ғалымдардың соңғы же­тіс­тіктермен танысып, зерттеу бағыттарын тара­­зы­лауына мүмкіндік беріп, бизнес өкілдері үшін инновацияға бағытталған технологияларды ендіруге жол ашқа­нын айтады. Көрмеде баламалы энергия көздері бойынша 140-қа жуық ғылыми өнертабыс нәтижелері таныстырылғанын, бұл болашақта атқарылатын ауқымды инновация­лық жобалардың бастамасы екенін жеткізді.
Осылайша конференцияда тақырып аясы терең қамтылып, ел дамуы жолындағы елорда­ның ерекше ықпалы, Астана келбеті – ұлт келбеті екендігі жайлы маңызды да, мағыналы ойлар ортаға салынды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<