ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ, ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

342

0

Тілге деген құрмет халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын жарқыратуымыз керек. Ана тілін сүйген адам туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл ау­мағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – республиканың әрбiр азаматының парызы.
Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі.
Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасау­дың, ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың құралы және ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым.
Елбасының бастамасымен мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры құрылған. 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарлама жасау – Мемлекет басшысының Үкіметке берген тікелей тапсырмасы. Осы бағдарламаны іске асырудың онжылдық кезеңі алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Президенттің «Қазақстан-2050 стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тілі мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» делінген. Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамытуға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келеді деп айтуға толық негіз бар.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, асыл тілімізді қастерлей білейік.
Ғ.ЖАҢАБАЕВ,
 Қызылорда қаласы
№2 сотының
сот приставы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<