Ауылдағы кәсіп көкжиегі

462

0

«Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайдынын» білмейтіндер кемде-кем. Қандай қоғамда да бел шеше еңбек еткендердің есесі кеткен емес. Бұл, әсіресе, нарық заңы өмірімізге дендеп енген бүгінгі таңдағы басты қағидаға айналғандай. Ел арасында Қазалы ауданында сауда-саттықтың қарқынды дамығаны жиі айтылады. Тарихқа зер салсақ, сауда  Қазалы жерінде сонау ықылым заманнан бастау алғанын көруге болады. Ресей патшалығы тұсында, кеңес өкіметі кезінде  қанатын жайған кәсіпкерлік ісі ауданда қазірде жоғары деңгейде. Мақаланы жазу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық  филиалы директоры  Ермек Аймахановпен тілдескен едік. Сала басшысы бізге қажет мәліметтерді тайға таңба басқандай баяндап берді.

Білгеніміз, палата тарапынан өткен жылы аудандағы кәсіпкер болуға ниетті 1160 адамға 3480 қызмет түріне кеңес берілсе, ағымдағы жылы осынау жағымды жаңа­лық жалғасын тапқан. Атап өтерлігі, кеңес беру барысында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіру, кәсіпкерлерді құқықтық қолдау, несие алу, мақсатты жұмсау және қайтару мәселесіне ерекше назар аударылады. Білімді адамның қай кезде де есесі кетпесі анық. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасы белсенділік танытыпты. Филиал тарапынан ауданның Қарақұм беткейі мен Қызылқұм шекарасына дейінгі шет аймақ саналатын елді мекендерді аралап, ауыл кітапханаларына «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабы табысталыпты. Осынау қадам арқылы ауылдағы бастауыш кәсіпкерлер жаңа бизнес әдебиетімен қаруланды. Оған қоса филиал өкілдерінің аудан әкімі аппаратымен бірлесіп  қала, кент, барша ауылдық округ әкімі бас мамандарының қатысуымен «Онлайн жүйеде кеңес алу» тақырыбында семинар өткізілуі де құптарлық жайт.  Елді мекендердегі кәсіпкерлерге, кәсіпкер болуға ниеттілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беріп, селекторлық жүйеде ауыл азаматтарымен тікелей байланысып, семинарда  ауыл әкімі аппараттарында арнайы электронды пошта ашылып, мамандарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуі де көпшілік тарапынан оң бағаланды.

Кәсіпкерлердің  құқығын қорғау – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екені әмбеге аян. Осы бағытта атқарылған шараларға да тоқтала кетсек, артық болмас.

– Кәсіпкерлердің өтінішімен құқықтарын қорғау бойынша сот отырысының  алты  азаматтық ісіне қаты­сып, құқықтарын қорғап шығу оңай шаруа емес. Олардың қатарында «Қызылорда облысының жердің пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 3 кәсіпкердің жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбай отырғанына байланысты мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берген болатын. Талап бойынша филиал заңгері азаматтық істерге қатысып, Қазалы ауданының үш кәсіпкерінің жалпы аумағы 1500 шаршы метр құрайтын жер телімі қорғалды. Сондай-ақ,  ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» респу­бликалық мемлекеттік кәсіпорнынан «Жалаңтөс батыр» ЖШС-на 430 549 теңге қаражат өндірілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен құқығын қорғау жайлы өтініштер келіп, қанағаттандырылуда. Кәсіпкерлердің сенім хаттары негізінде Қазалы аудандық сотының отырысына филиал заңгері қатысып, екі кәсіпкердің  310 мың теңге көлемінде қаржысы өндірілді – дейді филиал басшысы.

Оған қоса, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында бірлескен іс-шараға сәйкес филиалдағы «Прокурор кабинетінде» аудан прокуроры  аптаның әр серсенбісінде кәсіпкерлерді қабылдайды. Филиалдың бастамасымен кәсіпкерлерге, аудан тұрғындарына заңнамалық акті­лердің қолданылуы, құқықтық сауаттылығын көтеру мақ­сатында «Заңгерлер клубы» ашылып,  кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру, әкімшілік шара көрулерінен сақтау мақсатында жадынама ретінде алгоритм дайындалған. Халықты жаппай кәсіпкерлік негіздеріне оқыту да ауданда күн тәртібіне тұрақты қойылыпты. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бағытында  «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша бірқатар адам білімін жетілдірсе, «Бастау Бизнес» жобасымен өткен жылы 222 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, бизнес жобасын қорғап, оларға сертификаттар табысталды. Ауыл тұрғындарын оқытуда  кент, қала, Майдакөл, Құмжиек, Ғ.Мұратбаев, Қызылқұм ауылдық округтері ерекше белсенділік танытып келеді.  «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде ағымдағы жылға 220 тыңдаушыны оқуға қатыстыру жоспарланған. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың кәсіпкерлер палатасына келіп, тыңдаушылармен кездесу жүргізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы жоспарларымен ой бөлісуі көпшілікті қанаттандырып, кәсібіне деген сенімдерін арттыра түскендей.

Ең бастысы, аудан әкімінің бастамасымен ауыл әкімдері оқу курсына қатысқан тыңдаушылармен бірге облыстық комиссияға қатысып, жобалардың қорғалуына өз ықпалдарын тигізіпті. Нәтижесінде, қайтарымсыз инно­вациялық гранттық қаржыландыру бойынша өткен жылы ұсынылғандардың ішінен     19 жоба грант ұтып алды.

 

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<