Азия ойындары – 2018: Қазақстан тұңғыш рет гольф ойынынан жарысқа қатысады

212

0

Қазақстан Азия ойындарында тұңғыш рет гольф ойынынан жарысқа қатысады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан тұңғыш рет гольф бойынша жарысқа қатысады. Біздің елдегі гольфтің дамуына бұл оқиғаның маңызы зор. Гольфшілермен жолықтым – құлшыныстары жоғары! Турнирде ер адамдар арасында ел намысын Дәулет Түлеубаев, Әділет Қожаберген, Әділ Мұхамеджанов және Шерхан Сүгір, ал әйелдер арасында – Альбина Агаева және Ривекка Жұмағұлова қорғайды», – деп атап өтті министр. Осы ретте Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздің намысын қорғайтын екі ойыншымыз туралы толығырақ жазған. «Гольфші Ривекка Жұмағұлова жалпы білім беру мектебінің тоғызыншы сыныбын үздік аяқтап, жаз бойы Словакия, Чехия, Польша, Малайзия елдерінде жарыста болды. Қазақстанның құрама командасы қатарында Ривекка Азиада барысында Азияның мықты гольфшілеріне қарсы тұрады. Ол жоғары орындарға күресуге дайын. Гольф сүйер қауымға аты белгілі Дәулет Түлеубаевқа да ерекше үміт артамыз. Дәулет Стэнфордта оқуына байланысты әуесқойлық спорттан ауыспай жүр. Бұл бірегей ойыншының болашағынан үмітіміз зор. Түлеубаев Токиода өтетін Олимпиада-2020 қатысып, Қазақстанды әлем аренасында танымал етуді өзіне мақсат етіп отыр. Гольф турнирі Азияның ең әйгілі Pondok Indah Golf Course клубының алаңында өтеді. Біздің ойыншыларға сәттілік тілейік!», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<