Әлемді өзгерту өз қолыңызда

745

0

Қазіргі таңда өзгеруге талпынған жандар мен өзгертемін дейтін семинарлар көбейді. Әрине, жаңалыққа ұмтылудың еш сөкеттігі жоқ. Алайда көп нәрсенің тетігі тек қана өзімізде екенін түсінбейтініміз қиын.
Ұстаз тапсырмасын орындау нәтижесінде бүгінгі желілік бизнеске айналған кестені ойлап тапқан баланы идеясы о баста жақсылық жасау болатын. Қоғамды жамандықтан тазартқысы келген оқушының қарапайым сызбасы әуелі үш адамды, үш адам тағы да тоғыз адамды өзгерту әрі қарай жалғасады. Мектеп оқушысы нашақорға бар жиған-терген тиынын ұстатып, оны үйіне қондырып, жұмыс тауып береді. Жұмыс тапқанымен, ол үйренген әдетінен айнығысы келмей, қайта бұрынғы күйіне түседі. Алайда оның ойында кішкентай баланың «мен сені өзгерткім келеді, сен де біреуді өзгертуге тиіссің» деген сөзі қалып қояды. Таң атпай көше кезіп, қиналған жанына «дауа» таппай келе жатқан нашақорға көпірден секіргелі тұрған бойжеткен кездеседі. Нашақор шошып кетеді. Кенет миының бір қыртысында қалған кішкентай баланың сөзі есіне түсіп, жалма-жан қызды құтқарады. Еңіреп жылаған қыз «мені не үшін құтқардың?» дегенде, «енді сен де мен сияқты қиналған бір жанға көмектес, маған бұл ойды кішкентай бала үйретті» дейді. Не керек, мектеп оқушысы ойлап тапқан жақсылық жасаудың желілік кестесі осылайша АҚШ-та көп қолдауға ие болыпты. 2000 жылы америкалық жазушы, қысқа әңгіме жазудың шебері Кэтрин Райан Хайдтың идеясымен түсірілген режиссер Мими Ледердің «Заплати другому» атты фильмі бүгінде әлемге танымал. Қазір бұл кино оқиғасын көптеген тренерлер пайдаланып жүр.    
«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы – қоғамдық сананы ұлттық кодты сақтай отырып өзгерту, жаңғырту. Ал сананы өзгерту бір күннің немесе бір жылдың аясына сыймайтыны тағы белгілі. Тіпті күнделікті дағдыңызға өзгеріс енгізу үшін өзіңізбен өзіңіз күресесіз. Адам шын ниеттенсе, мақсатына жетпей қоймайды. Сондықтан да «жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген мақал біз айтқан ойды айқындай түседі.
Жуырда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «Мен әлемді өзгертемін» атты видео­ролик жабық конкурсын өткізді. Ай­мақтағы барлық аудан, қала мектептерінен қа­тысқан оқу­шылардан 26 жұ­мысы сарапқа салынды. Бай­қаудың мақ­саты – сананың ашық­тығын қа­лып­тастыру, оқушылардың шығармашылық қабілетін арт­тырып, қоғам жайлы ойларына түрткі болу, идея­ларын жүзеге асыруға ықпал ету.
Конкурсқа қатысушылардың шығармашылық туындыларын №2 «Мұрагер» мектебінің киностудия режиссері Жеңіс Сүйіндіков, педагог-психолог, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова, қалалық оқу­шылар сарайының әдіскері Ақтілек Темірбайұлы бағалады.
Қазіргі уақытта білім алу, білімді болу трендке айналды. Қарап отырсаңыз, шетелде оқу Қазақстандағы білім алудан әлдеқайда арзан. Сондықтан балаларды оқуға, білімге үйрете берген дұрыс. Оқушының олим­пиадаға, конкурстарға қаты­суына кедергі жасамай, оларға ой салып, бағыт сілтеп отырса, жақсы нәтижеге жетеді. Балаға жақсы атаулыны көрсетуден жалықпауымыз керек.
Әсіресе ақпараттық техно­логияны меңгеру – бүгінгі күні табыс көзі. Ал білімді табысқа айналдыру үлкен жетістікке жетелейді.
– Әрине, әлемді өзгерту – өзекті тақырып. Сондықтан да оқушылардың белсенділік танытып, байқауға қатысқаны қатты қуантты. Алғаш рет ұйымдастырылған байқауға барлық қатысушыларға алғыс айтамыз.
Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпаққа білім берумен қатар, олардың бәсекелік қабілетін, санасына озық тәжірибелерді сіңіре білуге үйретуден еш ұтылмасымыз анық, – деді мара­паттау салтанатында сөз алған «Рухани жаңғыру»орталығы  «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Әлима Әбдіхалықова.
Конкурсқа қатысушылардың жұмыстарын бағалаған №2 «Мұрагер» мектебі киносту­диясының режиссері Жеңіс Сүйіндіковтің айтуынша, байқауға келіп түскен видео­роликтер тақырыпқа сай және оқушылар тың идеяларымен қуантты. Бастысы – шынайы еңбек еткендер жеңіске жетті.
– Қазақстанда алғаш рет «Мұрагер» мектебі жанынан ашылған киностудияға қаты­сушы оқушылар болашақ мамандықтарына таңдау жасап та үлгерді. Сондай-ақ, оқушылар бос уақыттарын текке кетірмей, өздеріне қажетті ақпараттарды іздеп, өздері жаңалық жасауға ұмтылуда. Алдағы уақытта осындай мектеп студиялары көбейетіні сөзсіз. Осы орайда жастардың шығармашылық ізденістеріне дұрыс бағыт беру ғана жетіспейтінін айтқым келеді, – дейді режиссер.
Конкурста 1-орын алған А.Бай­­тұрсынов атындағы №211 мек­тептің оқушысы Би­сем­­­баев Нұрдәулет «Қазіргі қоғамда балаларға зорлық-зомбылық жасау көбейіп кетті. Егер балаларды ешкім қор­ламаса, ұрмаса, соқпаса, онда бүкіл әлем мейірімге толар еді. Біз видеороликте осы ойымызды жеткізгіміз келді. Мен балаларды зұлымдықтан қорғағым келді, – дейді.
Бізді байқауға қатысушы­лардың қоғамды өзгертуге тал­пынған ойлары қуантты. Зұ­лым­дық пен зорлық – адамзат баласына жат нәрсе. Соған қара­­мастан, ең ауыр зорлықты адамдар жасайтыны да ащы шындық. Әсіресе соңғы жыл­дары балалар арасындағы бұза­қылық пен қылмыстық оқиғалар азаймай тұр. Нұрдәулет өзінің видеоролигінде балалар арасын­дағы қатыгездікті көрсете оты­рып, оның соңы жақсылыққа апар­­майтынын түсіндіргісі келген.  
Ал 3-орын иегері №273 мек­тептің оқушысы Бағдат Жұмаділовтің айтуынша, адам­дар қоқыс тастамаса, та­биғатқа зиян жасамаса, әлем өзгеретінін айтады. Біз бәріміз таза жерде, таза қалада тұрғымыз келеді. Алайда көшеде шашылған қо­қысты өздігімізден жинауға құ­лықсызбыз. Егер адамдар күнделікті тұрмыста қоқыс жи­науға дағдыланса, онда біздің ай­наламыз да, табиғат та тамаша болар еді.
Ал Арал ауданынан кел­ген Данияр Төлеуов түйе шаруа­шылығын дамыту арқылы қазақты әлемге танытқысы келеді. «Мен өзгерісті өзімнің туған жерімнен бастағым келеді», – деп ағынан жарылды Данияр.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, пе­дагог-психолог Сымбат Әбді­рахманованың айтуынша, ең әуелі тақырып қызықты әрі өзек­ті. Шынын айтқанда, көптеген байқауларда жетек­ші­нің пікірі анық байқалып тұрады. Ал видеороликке қатысу­шы­лардың жұмысынан баланың ойы, қиялы айқын көрінді.
Видеороликтер тақырыпқа сәй­кестігі, шығармашылық идеясы, дыбысталуы және эмо­циялық қабылдануына қарай бағаланды. Сонымен конкурс қоры­­тындысы бойынша 1-орын А.Бай­­тұрсынов атындағы №211 мектептің 9-сынып оқу­шы­­сы Нұрдәулет Бисембаев, 2-орын­ды Қазалы ауданы №170 мек­тептің 8-сынып оқушысы Назерке Темірхан, 3-орынды Қар­­мақшы ауданы №273 мек­тептің 10-сынып оқушысы Бағ­дат Жұмаділов пен Арал ау­даны №13 мектептің 9-сынып оқу­шысы Данияр Төлеуов өзара бөлісті.
Әлемді өзгерту өзіңнен басталады. Байқауға қатысқан оқушылар осындай түйінмен тарқасты. Болашақ иелері әлемде зұлымдықтың болмауын тілеп, табиғатты аялауды қалайды.

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<