Жыр тұнған Сыр өңірі

583

0

Бүгінде аймақтағы өнер ұжымдары алыс-жақын шетелге де шығып, Сыр елін танытып жүр. Соның бірі, онжылдық тарихы бар «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі. 12 өнерпаздан құралған ұжым сәуір айында ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында өткен шарада өнер көрсетсе, өткен жылы Лондонның «Victoria Embankment Gardens» саябағында өткен Наурыз тойына қатысып, екі бірдей концерт қойды. Осылайша, өнерпаздар Ұлыбритания аспанын Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықылас­тың «Жезкиік», халық күйі «Ел айрылған» сынды шығармалары мен әлемдік классикалық туындылар және жыр-термемен көмкерді. 

Сондай-ақ, аталған өнерпаздар соңғы жылдары облыс басшылығының қолдауымен  Өзбекстан, Ресей, Түркия елде­рінде де гастрольдік сапарларда болып, ел мерейін одан әрі асқақтатуда. Ерекше атап өтетін жайт, аталған ұжым жуырда ғана Ақтөбе қаласында өткен «Жұбановтар әуені – 2019» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдер фес­­тиваль-байқауында бас жүлдемен оралды.

Бірегей өнер арқылы ұлттық өнерді дәріптеп жүрген ансамбль 2009 жылдан бері көрерменді Сыр бойының төлтума өнерімен сусындатып келеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, елі­міз­дегі ұлттық кәсіби театрдың шымылдығы 1925 жылы Қы­зыл­­ордада М.Әуезовтің «Ең­­лік-Кебек» пьесасымен тү­ріл­ген. Ал, Сыр өнерінің қара шаңырағы Н.Бе­­кежанов атындағы театр сонау 1955 жылы Талдықорған жерінде ұйымдастырылып, 1960 жылы өңірге көшіріліп әке­­­лінді. Содан бері өнердің қара шаңырағы өз тұғырынан түскен емес. Керісінше, биіктен көрініп, алпыс төрт жылдық тарихында халықаралық, респуб­ликалық өнер додаларында талай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, өткен жылы Шотландия елі, Эдинбург қаласында өткен халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне  қазақтың халық жазушысы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясының желісімен режиссер Х.Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклімен қатысты. Нәтижесінде  спектакль  режиссері Х.Әмір-Темір, Мақпал ролін сомдаған   Залипа Төлепова және Қодар роліндегі Қанат Архабаев фестивальдің алтын кітабына енсе, театр әлемнің ең үлкен өнер фестивалі «Фринджке»  «Еркін  қатысу»  құжатына ие болды.  Бұдан бөлек, 63-маусымында  бес мемлекетке үлкен гас­трольдік сапармен барып, оның ішінде Татарстан, Түркия, Әзербайжан және Ұлыбританияда өткен өнер додаларына да қатысып, үлкен жетістіктермен оралды. Ал, Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүр­­геновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестивалінде Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымын сахналап, театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара рөлін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Темір­бек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдра­зақов марапатталды.

Міне, осылайша, өнер оша­ғы айтар ойы салмақты күрделі шығармаларды сахналауда айтарлықтай табысқа жетіп, қар­қынды дамудың үлгісін көрсетуде.

Елбасы Н.Назарбаевтың қол­­дауымен осы жыл – Жастар жы­лы деп жарияланды. Осыған орай, аймақта түрлі шаралар өтуде. Соның бірі «Feerie Dance – 2019» халықаралық би турнирі. Бұл шара өңірімізде екінші мәрте өтіп, алыс-жақын шет елдер мен еліміздің әр аймағынан 500-ге тарта талант бақ сынасты. Мұнан бөлек, аймаққа Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Astana Musical» мемлекеттік театры облыста іссапарда болып,  түрлі туындыларын Сыр жұртшылығына ұсынса, Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасының аясында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концерті де өңірде алғаш рет өтті. Сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің ма­қам-саздарын жаңғырту, жаңа тер­­мелердің жаңа тынысын ашу үшін «Жыр мұра» жобасы қолға алына бастады.

Жалпы, биылғы жыл аймақ өнерпаздары үшін табыс­ты басталды. Олай деуге негіз жоқ емес. Мәселен, Жамбыл об­лыс­тық филармониясының ұйым­­дастыруымен өткен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қай­раткері, аса көрнекті халық композиторы, ақын Кенен Әзірбаев атындағы ІХ республикалық «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер конкурсында облыстық филармония әртісі Бисенбек Төлеубаев жүлделі ІІ орын иегері атанды. Ал, Жастар жылы аясында Ақтау қаласында өткен Б.Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты республикалық дирижерлар байқауында дирижер Руслан Балмасов жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ,  Атырауда болған «Саз пернесі – Сарайшық» халықаралық домбыра фестивалінде жерлесіміз Абылайхан Ысқақов жүлделі І орынды алды. Мұның барлығы өңірде өнерге деген қолдаудың бар екендігін көрсетсе керек.

Өнер бар жерде, мәдениет, ұлттық құндылықтың болары сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек… ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс…» деген болатын. Сондықтан салт-дәстүріміз мен әдебиетімізге, мәдениетімізге қамқорлық танытып, құрметтегенде ғана келешек ұрпақтың бойында ұлттық рухтың сақталатыны анық. Бұл ретте Сыр өңірі рухани құндылықтың нағыз ортасы, айнасы десек болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<