Ақберен

755

0

Өмір керуен деп жатады. Ол жылжыған сайын әр пенденің оның қарапайым заңдылығына бағынуға тиіс екенін ұғынғандай боласың. Мұндайды әдетте біреудің алдындағы «парыз», «қарыз», «жауапкершілік», қажет десеңіз «міндет» деген ұғымдармен байланыстыруға болады. Кешегі «Ленин жолы», бүгінгі «Сыр бойы» газетінің тарихында ойып тұрып алатын орны бар, табандылығы талантымен, әділдігі еңбекқорлығымен ұштасқан тұлға – Мырқы Исаев туралы жазуды өзімнің парызым деп есептесем де  сәті бір түспей-ақ қойғанына өкініп жүретінмін.
Өткен жылы ол кісі 90-ға толды. Ұлы Мейрамбек баста­ған ағайындары, замандаста­ры дүр­­кіретіп атап өтті.  Жазу­дың реті еді, сәті келмеді. Мә­кең­­мен ұзақ жыл қызметтес бол­ған көзі тірі аға буынның ал­дына түскенді ерсі санадым. Бірақ қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған шараларға қа­тысып, естеліктер айттым. Іш­кі сыр сандығын ашып, ойымды бүкпесіз еркін жеткіздім. Себебі, Мәкең жаратылысы­нан ақжарқын әрі ашық, кем­шілікке тым төзімсіз еді-ау, жарықтық….
…1983 жылы КазГУ-ді біті­ріп, «Ленин жолына» корректор болып орналастым. Сол уақыттың өлшемімен алғанда бұл сәттілік еді. 1985 жылы газетке Нұрділдә Уәлиев бас редактор болып тағайындалды. Обкомнан келген тәжірибелі басшы, қызметкерлердің іс-қағаздарымен танысқан болуы керек, маған келгенде: «Шиелі, Жаңақорған аудандарына мен­шікті тілшілікке, жақында зей­неткерлікке шығатын кісінің ор­нына ауыл шаруашылығы бөліміне барасың ба? Бірақ ол орындар дәл кәзір бос емес. Босы – Мырқы Исаевтың бөлімі. Күрделілеу кісі. Талабы қатты. Бірігіп қызмет істей аласың ба?», – деді.
Ойланып қалдым. Мырқы Исаев. Корректор кезімнен бі­лемін, Мәкең облыстық дең­гейдегі бірінші басшылармен айқасудан қашпайтын азулы журналист. Прокурор, сот де­гендеріңіз, аттарынан ат үр­кетін ірі-ірі трест басшылары «Мырқы» десе  аяқтарын жияды. Бірақ осы жолы ұсыныстан бас тартпауым керек деп шеш­тім. Ол кездегі тәртіп бой­ынша партия ұсыныстан бас тартқанды, өзіңе жайлы орын­ды қалағаныңды әсте ұната бер­мейді. Сондықтан редак­тор­ға «тәуекел» деп жауап бер­дім.      
Обалы не керек, Мәкең жақсы қабылдады. Күнделікті бөлім жұмысын қалай атқарып жатқанымды жіті қадағалайды. Әдейі сынағысы келіп сұраған әріптестеріне мені мақтай жө­неледі. Ол уақытта бөлім басшылары мақала жаза бермейді. Тапсырма береді. Тілшілер орындайды. Алайда, Мәкең ре­дакциядағы бес бөлім бас­шы­ларының ішінде жалғыз өзі тілшіден бетер мақаланы түйдек-түйдегімен бұрқыратып тастайды. Байқаймын, күнімен мекемелер аралап, фактілерді жинап алады да түнімен үйінде өзі машинкаға бастырып, дайын күйінде әкелетін сияқты. Әй­теуір тыным таппайды. Мұн­дайда сын мақала болса, ол енді бас редактордың «бас ауруы» дей беріңіз. Редактор дау-дамайдан сақтанып шығарғысы келмейді. Мәкең мұндайда шегінбей қасарысып тұрып алады. Айрықша еңбекқор. Сол кезде 60-ты алқымдап қалған жасына қарап қайран қаламын. Түскі үзіліске 10-20 минут қалғанда «Шымбайдағы» үйі­не бару үшін редакциядан шы­ғып қазіргі автомобиль басқар­масының ғимаратына қарсы орналасқан аялдамаға барады. Жүрісі шалт. Сағат тілі екіден сәл өткенде кабинетте отырады. Бірден телефонға жабысып, автобус паркінің бастығына телефон соғады.
– Кесте бойынша сағат 12.50 де жүретін №3 маршруттағы автобус келмей қалды. Қайда жүр?
Сол күні автобус паркінде ұлы дүрбелең. Ақыры авто­бус паркінің жауапты қызмет­керлері Мәкеңе келіп кешірім сұрайды. Автобустың жоға­лып кету себебін айтып, қол­да­нылған шара жөнінде баян­дай­ды. Қарап отырып мен қы­сы­ламын. Кейде «қайда келгенмін» деп ойланып та қоямын. Мұның арты не болар екен? Барлығын жиып қойып Мәкең сәл жұмсарғандай болады. «Үйде 10 минут көз шы­рымын алсам тыңайып қала­мын. Бұны құс ұйқы дейді. Кө­ріп отырсың, жұмыс көп қой» дейді. Ашуы тез тарқап, жайдары қалпына түседі ғой, жарықтық. Кәдімгі қазақ айт­қандай, «жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше» дегендей.
Бөлімде күнде «қызық», сол қызықты көргісі келген басқа бөлімнің жігіттері Мәкеңе ке­леді. Ол ақкөңіл, ішкі сыр де­ген болмайды. Кіммен «жаға ұстасқанын», кіммен «айқа­суға» шыққанын жайып салады. Аламан тасыр бір дүние.
Сол дәуірде обкомның бө­лім меңгерушісімен кез келген журналист тікелей сөйлесе алмайды. Оның құзіреті бас редакторда болғандықтан ол тікелей байланыс-«вертушкамен» сөй­­ле­седі. Ал Мәкеңе обком­да­ғылар «құрметпен» қарайды. Обкомның өнеркәсіп, транспорт құрылыс бөлімінің меңге­рушісі В.Ковалев Мәкең телефон соқса, хатшы арқылы бір­­ден көтереді.
– Әй, Володя, ана бір құры­лыс тресіңде біршама былықтар бар-ау сірә, пәленшеев дегенің сөйлесуден қашқақтайды ғой, – дейді. Ковалев сабырлылықпен тыңдайды. Мәкеңнің екпінін басады, бірақ сөзін жерге тас­тамайды. Өтініштің орын­далғанына Мәкең де мәз.
Ендігі кезекте обкомның құ­рылыс жөніндегі хатшысы В.Рябов журналистің құрығына «түскендей» болады. Құрылыс сапасы ол кезде редакцияның, обкомның қатаң бақылауында болғандықтан әрбір мақала назардан қағыс қалмайды.
Мәскеудегі М.Горбачевтың қайта құруы Қызылордаға бі­рінші хатшы болып келген Еркін Нұржанұлы Әуелбе­ков­тің тегеурінді саясатымен са­бақ­тасқанының тірі куә­гері болғанымды жасырғым кел­­мей­ді. Ерекең Мәкеңнің қол­дауына көп сүйенді. Әри­не, бұл тұрғыда барлығы жіптік­тей болды деу қиын. Саясат жүрген жерде бірін-бірі ұнатпаушылық, біреудің бақай есебі, интрига дегендеріңіз қа­тар жүретіні белгілі емес пе? Мәкең арқылы өз есептерін жүргізгісі келгендердің де осы орайда кездесіп қалғанын айтпай кетуге болмайды. Ол кісінің кейде асығыстықпен жа­саған қадамдары да болды. Маған берген тапсырма­сы бойынша жазылған бірқатар мақалалардан біраз дау-дамай туындады. Мақала авторының үстінен горкомға арыздар да түсті. Әрине, бұл жерде тәжі­ри­бесіздіктен кеткен қате­лі­гімді де мойындауға тура келеді. Мысалы, теміржол саласында тұтастай әулетімен еңбек ететін Байсағұловтар туралы жазылған мақтау мақала бойынша горкомға 40 адам қол қойған қарсылық білдірген арыз түсті дегенге сенесіз бе? Нақ осылай болды. Бұл маған тапсырма берген жаныштауға көнбейтін Мырқы Исаевты ауыздықтау үшін жасалғанын кейін түсіндім. Жиналыстың тал­қысына түстік, екеуміз де бір-бір сөгістен алдық. Кейін мұндай жағдайлар тағы қайта­ланды. Бұл бір жағынан өзімді сақ болуға үйретті.
Кеңес дүниесінде жоғары инстанцияға жолданған адам­ның қолы қойылмаған шағым­ды «домалақ» арыз дейді. Бі­рақ қаншама домалақ болса да онда айтылғандар билік, заң орындары тарапынан мұ­қият тексеріледі. Ешкімге ұқ­са­май­тын ерекшелігі сол, Мәкең ешқашан біреудің сыртынан жасырын іс-қимыл жасамайды, айтатынын тура бетіне басады, керек десеңіз «енді сенімен ай­қасамын» деп төтесінен қойып қалады.
Осыған орай жалпы, облыс өміріне қатысты бір оқиғаны айтып кетудің реті келген сияқты. 1979 жылы КазГУ-дің бірінші курсын бітіріп, редакцияға практикадан өтуге келсем, жұрт дүрлігіп жатыр екен. Мәскеудегі орталық ко­митеттің органы «Правда» газетінде  «У обкома на ви­ду» деген мақала жарияланып­ты. Ұмытпасам, авторы Қазақ­стан­дағы меншікті тілші Юрий Кринициянов. Мақалада бас­шылардың өздеріне қолайлы пәтер салып, оған қоныстанып алғаны, әлеуметтік әділеттілік принциптерін бұзғаны жазыл­ған еді. Ол кезде «Правда» га­зетіне мұндай сипаттағы ма­қаланың шығуы респуб­ли­ка көлеміндегі сенсация. Ма­қаланың дүмпуі күшті бол­ды. Бірқатар лауазымды қыз­меткерлер қызметінен босатылды. Бір қызығы, ел арасында бүгінге дейін Мәскеу газетінде жарияланған сол ма­қаланың жазылуына Исаев түрткі болды деген сөздердің айтылып қалатыны бар. Шынын айтуымыз керек, Мәкең ешқашан ешкімнің сыртынан қол қойылмаған арыз жазған емес. Ал әлгі мақаланы ол кісінің «Ленин жолы» газетіне «Обкомның көз алдында» деген тамаша тақырыппен аударып (ол кезде облысқа қатысты үлкен газеттерде жарияланған мақаланы жергілікті басы­лым­дардың көшіріп басуы мін­детті) бергені рас. Бұл тұрғыда Мәкеңнің ары таза екенін айт­қымыз келген еді.
80-жылдардың орта шенінде Қызылордаға Мәскеуден, Ор­та­лық комитеттің органы – «Жур­налист» журналынан екі журналист келді. Редакцияның ішкі ахуалына байланысты Мә­кеңнің жазған шағымы бой­ынша әлгі екеуі зерттеу мақаласын жазды. Мақаланың аты «Белое ружье». Тақырып қазақ санасында шындық үшін қайыспайтын сауыт киген адамды бейнелейтін «Ақберен» ұғымына байланысты қойылса керек-ті. Мәскеулік журналис­тер осылайша Мәкеңнің бол­мысына өздерінің шынайы бағасын берді.
Мәкеңе жеке бастарының арыздарымен редакцияға келу­шілер көп болатын. Ол кісі бас тартпайды. Ешкімді алаламайды. Ынта-шынтасымен кіріседі. Тағы ерекшелігі, орысша да жаза береді. Есесіне ол кісінің зерттеп келтірген фактілердің көптігі соншалық, олардан бірнеше мақала жазуға болар еді. Бұл енді ол кісінің ерекше еңбекқорлығының нә­ти­жесі болса керек-ті.
Мәкеңнің зейнетке шық­қандағы болмысы менің санамда бойындағы күш-қуаты сарқылмаған, қаламы мұқала қой­маған, жүріс-тұрысы, қи­мы­лы шалт тұлға ретінде сақ­­талып қалды. Сол кездегі облыстың бірінші басшысы Сейілбек Шаухаманов осынысын сезген болуы керек, үлкен жұмыс – соғыста қайтыс болғандардың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында «Боз­дақтар» кітабының редак­циялық алқасын басқару мін­детін жүктеді. Мәкең, бұл мін­детті де табандылықпен ат­қарды. Сөйтіп, аруақтар алдын­дағы парызын да мүлтіксіз орындады.
Қайран Мәкеңмен бірге сол заманның идеологиясына, мазмұн-сипатына ғана тән тұтас бір дәуір де келмеске кетті…
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<