Музей қызметкерлері үздік танылған

622

0

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына орай кәсіби іс-әрекетінде жоғары нәтижелерге жеткен шығармашыл музей мамандарының кәсіби шеберліктерін анықтау мақсатында, музей қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбайұлы атындағы І Республикалық байқауы ұйымдастырылды.
Еліміздің барлық облысы бойынша 19 музей қызметкері бәйгеге түсіп, 3 жүлделі орынды өзара бөліске салды. І орынды  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Л.Салихова еншілесе, ІІ орын Атырау облысындағы Махамбет аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері А.Мурсалимова мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Н.Жақсылықоваға бұйырды. 
Ал, жүлделі ІІІ орынды Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Беккулиева, Батыс Қазақстан облысындағы Сырым Датұлы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері А.Ойшыбаева мен Түркістан тарихи-өлкетану музейінің қызметкері М.Кенжекуловалар қанжығасына байлады. 4 кезеңнен тұратын сайыста үздік үштіктің қатарына кіру оңайға түспегені анық. Алайда, жан-жақты дайындалған Әйгерім өзінің мықты білімімен, сөз саптау мәдениетінің жоғарылығымен, өз музейін таныстырудағы шеберлігімен әріптестері мен қазылар алқасын таң қалдыра білді. 
Қатысушылар мен қазылар алқасы назарына ұсынған «Village life» жобасы үздік деп танылған Әйгерім жарыстың қалған кезеңдерінде Республиканың ең мықты деген музей қызметкерлерімен бәсекеге түсе отырып, ізденімпаздығымен, талантымен қалың көпшіліктің көңілінен шығып, облысымыздың мерейін асқақтатып қайтты. Қызылорда облысы жұртшылығы атынан Әйгерімді жеңісімен құттықтай отырып, тың ізденіс, шығармашылық табыс, еңбегіне жеміс және отбасына бақ-береке тілейміз.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<