Арлан соққан Айқожа немесе түз тағысының төрелігі неде?

909

0

Жаңақорғандағы Айқожа Құбашов сияқты бір айдың ­22 күнінде 8 қасқырды қолға түсіру оңай емес. Оңай шығар, табаны биік, үлкен көлікпен қуалай ізіне түссеңіз. Солай етіп, винтовкамен жақыннан ата салсаңыз. Осылай түк қиындығы жоқ. Еріккен кейбір аңшысымақтар осылай етіп жүр де. Ал енді қақпанмен аулау ше?! Дала тағысының өте әккі екенін аңшы қауым жақсы біледі. Әгәрәки, өзіне жат адам не оқ-дәрі иісі білінсе, ол жерге аяқ басуы тым қиын. Сонда да қожакенттік Айқожа «ұлыманың» ізіне індете түсіп, Жаңақорғандағы малшы қауымның тай-тұяғын ит-құстан арашалап жүр. Қалай дейсіз бе? Кәдімгі жоғарыда айтып кеткендей, темір қақпанмен аулайды. Түз тағысына білдірмей «тосын сый» дайындайтын епті жігіт ағасының екі жылдан бері кәдімгі қақпанмен 20-дан астам қасқырдың «үкімін» оқып, «жазасын» берген.

Бөлтірік «баба» тәрбиесімен өмір сүреді

Күздің басы – жан-жануардың, әсіресе, жұрттың қолындағы ұсақ малдан ірі қараға дейінге семіретін уақыт. Белгілі ғой. Сауыры жалтырап, сонадайдан көзге түсетін тай-жабағыдан бөлек, мойын еті салбырап, желкеден құйымшаққа дейін біртегіс болып май жинаған бұқашықтардың көзге бірден ұрар шағы бұл. Жаз айын­дағыдай емес, бұл уақытта төрт түліктің «жүйкесіне» тиер маса-сона да азайып, қоңыр салқын күнде жайылымға еркін бас қоятын кез. Қырқымнан шыққан қойдың тегенедей құйрығын көтере алмай әлсін-әлсін жатып қалатын уағы да осы мезгіл. Міне, бұл тоқшылық қасқыр­дың да «қарап жүрмейтін» сәтіне сәйкес келіп тұр. Топтасып шабуылға көшеді, яғни, әулет болып малға шабуыл жасайды. Неге олай етеді? Себебін ашып көрейік.

Ақпан айының бел ортасындағы «бөрісырғақ» кезінде жұптасатын бұлар екі айдан соң күшіктерін өмірге әкеледі. Көкек айының соңына туған қарақұлақтар қыркүйек айында мал исін танып, өздері-ақ арлан мен қаншыққа ере бастайды. Бірақ, тәжірибесіз төрт айлық бала қасқырдың ірі қараға шабуылдауы қате болар еді. Қайтпек керек?! Мұндайда күз басталғалы бауырын әлдеқашан көтеріп, тері жүндері қаракөк түстен сарғыш қылшыққа ауыса бастаған көксеректерін ертіп, арлан мен қаншығы қырдағы семіз түліктің қай түріне де шабуыл жасайтыны анық. Құдай берген түйсікті қарасаңшы. Әуелі арлан кейбір ұсақ жандықты сайға қарай ұрлап, тартып әкетеді. Онысын жаралап қана қойып, күшіктеріне талатып үйрететін көрінеді. Өмір сүруге дағдыланудағы бөлтіріктердің бірінші сабағы бұл. Ал, ірі қараға шабуылдау алдында өз ұрпағын аса жауапты ұйымшылдыққа дайын­дайды. Осылай. Бала қасқыр осыдан соң аузы қанданып, арлан үйреткен тәжірибемен ауыл-ауылдың малын торуылдауды үйренеді. Тамағын табуға деген өз «бабаларынан» келе жатқан тәжірибеге сүйенеді. Бөлтіріктерін майтабан күнінен бастап баптай беретін қасқыр­дың ауылдағы ағайын жиған малдың жиі-жиі мазасын алатыны осыдан.

Енді сол қасқырдан зиян шеккен жұрттың барар жері бұрындары аңшының үйі болған. Аңшы болғанда да оның ішінде күкірт толы бытыралы мылтығын құшақтағаннан гөрі қақпаншының көмегіне көптеп жүгінген. Себебі, мылтық даусын бір естіген қасқырдың кейін айналып соғуы екіталай. Ал біреуін атып алғанның өзінде қалғаны топтасып келіп, сол жердің тұтастай малын қырып салуы әбден мүмкін. Кекшіл аңның нағыз өзі ғой.

Айқожаның айласы қалай?

Айқожа екі жылдан бері Өзгент атырабындағы көп елдің малына қорған болып келеді. Оның алдында ауылда жұмысшы болып еңбек еткен ол қақпаншылық кәсібіне ара-тұра болмаса, көп әуестене қоймағанын айтады. Бүгінде қасындағы серігі Мүлкаман Әсетов екеуінің Жаңақорған жеріндегі жұрттың алдындағы «қарасын»  бөріден арашалауда абыройы биік.

– Інім, бұл қақпанды көбіне топырақ тоңдамай тұрып, жаз бен күздің жылы айларында құрамыз. Жерді қазып, байқалмайтындай көмеміз. Адам исін білдірмей, маңайына мал тезегін шашып тастайсың. Әйтеуір, сенің келген-кеткен ізің оған білінбеу керек. Өзімде жасырын жатып, аңды ауыздықтайтын құралдың 20 шақтысы бар. Сонымен қатар, қасқырға шығарда көп көмегін беретін үш итімнің де еңбегі зор, – деп ағынан жарылды алғашқы кездесуде Айқожа аға.

Расымен, Айекең ауылдағы жұрттың қоймасында жатқан көне қақпандардың бәрін жинап, іске асарын құрастырыпты. Басында 8 қақпан болса, кейін­нен Түркістандағы «Кентау» базарынан он шақты қақпанды қалтасындағы бар қаржыға сатып алған.

– Былтыр қыркүйектің басында 3-4 қақпанды алып, ауыл шетіндегі егіс алқабынан із кес­кенмін. Есіңде болсын, ұялас қасқырлар бөлтіріктерін дүниеге әкелмес бұрын арық не дария жағасына жақын мекендейді. Өйт­кені, олар суға шыдамсыз. Сол айдың 22 күнінде 8 қасқыр­ды қақпанмен қолға түсірдім, оның ішінде арланы мен қаншығы, бөлтірігі де бар. Жалпы, бұлар сарып не тезек тастаған жеріне əйтеуір бір келеді, ескі қыстау, көне құдық басына бір соқпай кетпейді. Біз де осыны біліп, дәл сол жерлерге қақпан құрамыз. Қақпанға түссе, аяғын шайнап, жұлып кететін кездері көп. Сол үшін күнделікті қарап тұрамыз. Кейде қарулы арлан түссе, қақпанды сүйреп кете береді. Сол үшін ауыр темір қақпанға қоса байланады немесе сүйрей кеткенде жыңғыл-талға ілінер ілмек темір де болады. Күштілігі сондай, мұндай тал-томарға ілінген ілмегіңді кейбір арланың тартқанда түзулеп те жібереді, – дейді қожакенттік қақпаншы.

Айтпақшы, Айекеңнің аңға деген құмарлығы өз нағашысы Фазыл Әбдрахмановтан жұқ­қанға ұқсайды. Ел жадынан өше бастаған аңшылықтың бір түрін хал-қадірінше меңгерген ағамыз­дың бар мақсаты – мезгілінде қауіп төндірер дала ит-құсынан ауылдың мал-қарасын қорғау ғана. Әйтпесе, қолына мылтық алып, аңшылықты автоматпен қыру деп түсініп, жол талғамайтын қымбат көлікпен дүркірете қуған аңқұмарлардың қасында түз тағысын үнем мен  қанағатпен аулаған қақпаншы Айқожаның жолы тіптен бөлек. Биыл да Айекең серігі Мүлкаман екеуі кешегі тамыз айының бел ортасынан бастап қақпан құра бастапты. Содан бері екі айдың ішінде 7 қасқырды қанжығаға байлаған.

Олар махаббат пен еркіндік үшін жан береді

«Көк бөрі емген көк түркінің тұқымымыз» дейтін халықпыз. Оның үстіне «қасқыр емген бала» жайлы әпсана қазақ санасында ұдайы жаңғырып тұр. Содан болар, қасқырды пір тұтатынымыз. Мына бір қызыққа құлақ түріңізші.

Әдетте, он шақырымға дейін, тынық күндері 15 шақырымнан аса дауысты естіп, адамнан да 100 есе иіс сезу қабілеті дамыған осы бір жыртқыштың бір ерекшелігі жүріске шыдамдылығы. Бүгін 100 шақырым жердегі малға шабуыл жасаса, арғы күні сол жемтікке айналып келу олар үшін түк қиын емес. Ғылыми деректе олар 10 күн бойы аш жүре алатыны, 10 келі етті қиналмай тауысатынын, тіпті, сол тоқтықпен 20 минут тоқтамай шабыс алатыны айтылады. Ал Айқожаның айтуынша, бұлар махаббатқа адал. Бір жұппен өмір сүреді. Ал енді, қаншық не арланы жазатайым аңшы қолына түсіп өлген жағдайда, екіншісі баз кешіп, жалғыз өмір сүруге бейіл.

– Ерекше жаратылыс қой. Бұлар әулет болып тіршілік етеді. Ал қаншығы жасы жетіп, «бойжеткені» білінісімен сол әулеттен бөлініп шығады. Әлгі қаншық жүрген жерінде дәретін қалдырса, сол арқылы басқа топтан келген арландар осы қаншықтың ізіне түседі. Бұл жерде өзара айқас болып, жеңімпаз қасқыр әлгі «бойжеткенді» иеленеді. Содан кейін, оларда екінші рет жұп болмайды. Мысалы, мен біреуін өлтірсем, екіншісі кек алуға тырысады, кейде басқамен жұптаспай, ақыр соңында құсалықтан өзі де өледі. Еркіндік пен махаббат үшін өздерін құрбандыққа шалатын қасқыр мен аққудан бөтен жаратылыс бар ма екен өзі? – деп мені ойға қалдырды Айқожа ағамыз.

Киелі аңның адам таңқалар қасиеті көп. Тіршілікте адам мен итті басты дұшпан санағанымен, өзге артықшылығы көп дала жыртқышының кейбір қасиетін естіп-білуімізбен қағазға қаттадық. Ал ел алғысын алған қақпаншы Айқожаның көңілден көмескі тартып бара жатқан аңшылық өнердегі осы кәсіпті қайта жаңғыртуына бек қуандық.

Ержан ҚОЖАС,

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<