Тұңғыш президент күніне арналады

313

0

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қала орталығында орналасқан «Araycitymall» сауда ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған домбырашылар флешмобын өткізді.
Шараның мақсаты қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық және адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу болды.
Флешмоб барысында оқушылардан құралған мектептің халық аспаптар ансамблінің 30-ға жуық мүшесі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиса», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы», Махамбет Өтемісұлының «Жұмырқылыш», Түркештің күйі «Көңілашар» және Малғаждар Әубәкіровтың «Талас» секілді қазақ күйлерін шебер орындады. Сонымен қатар, мектептің өнерлі оқушылары «Туған жер» туралы патриоттық әндерді шырқап, Ұлт Көшбасшысына арналған әсем әндерден шеру жасады. Мектептің «Самға» би тобы «Туған жер» музыкалық композияциясын сомдап, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. 
«Елбасының мемлекет дамуы үшін қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның бастамасымен қолға алынған түрлі реформалар мен даму Стратегиялары елімізді әлемдік деңгейде өз позияциясын айқындап алуына үлкен септігін тигізді. Сондай-ақ, Қазақстан саяси, дипломатиялық, экономиқалық және әлеуметтік жағынан өркендей түсті. Бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың объективті жүргізілген үйлесімді және жинақталған саясатының нәтижесі болып табылады», – деді қатысушы оқушы Жангерей Зейнелов.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған күй тартыс Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қатысуымен еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Оқушылар мен мұғалімдерден құралған домбырашылар бір уақтытта қазақ шығармаларын домбыра үнімен орындап, аталмыш мерекені ұлықтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<