Қазалыдағы бокс бәсекесі

302

0

  №17 Қазалы спорт мектебінде аудан әкімдігі мен облыс­тық спорт басқармасының ұйымдастыруымен бапкер Тарғын Нұралиевті еске алу облыстық турнирі өтті. Турнирді өткізуге бапкердің шәкірттері төрт ай дайындық жасады. Жанқожа батыр атындағы орталық мешітте профессор Мұхан Таңатарұлының бастауымен Нұралиевтер әулеті Тарғынның аруағына арнап ас берді. 

Келесі күні спорт мектебінің ғимаратында байрақты бәсеке басталды. Турнирдің ашылу салтанатындағы кіріспе сөзінде Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев бапкердің аудан боксының қарыштап алға басуына еңбек сіңіргенін айтты.

Тарғынның дүниеден өткеніне санаулы айдан соң он жыл толады. Осы аралықта бокстың дамуы жолында тер төккен білікті бапкердің есімі мүлде аталған жоқ. Бапкердің көзін көрген қауым «Тарғын Нұралиевті еске алып турнир ұйымдастырылса, қажетті шығынды өзіміз табар едік» деді.

Турнир республикалық дәрежеде өтті. Жарысқа Қызыл­орда, Байқоңыр қаласы мен аудандарға қоса Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысынан командалар қатысып, бір аптаға жуық бақ сынасты. Қажетті қаражатты шәкірттері, достары, кластастары, туыстары мен Өркендеу, Қожабақы ауылындағы жерлестері көтерді.

Турнир барысында белгілі спортшы Бақытбек Қазыбаев «Мұндай ауқымды жарыстың Қазалыда өткеніне қатты риза болдым. Ұйымдастырушыларға ризашылығым шексіз» деген пікірін білдірді.

Қазалыға алғаш рет қадам басқан Шығыс Қазақстан облысы мен Қарағандыдан келген меймандар өздері бұрын-соңды атын да көп естімеген шалғай аудандағы көркі келіскен заманауи үлгідегі спорт кешендеріне, олардың жабдықталуына, әсіресе жарысқа арнап құрылған су жаңа рингке сүйсінгендерін жеткізді. Туған жерімізді мақтағанға мерейіміз тасып қалды. Баршаның басын қосқан спорт додасын өткізгеннен рухани тұрғыда ұтпасақ, ұтылмағанымызды терең түйсіндік.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<