Жеңісті Берлинде қарсы алған

501

0

Аламан соғыстың төткүл әлемді жалмап жанған өрті өшкеніне 75 жыл уақыт өтсе де жүрекке түскен жарақат жазылар емес. Мұны халық ұмыта алмайды. Өйткені, соғыс қасіреті барлық отбасын шарпыды. Сол қан майданда от кешкендердің қатарында жерелесіміз Қани Медетбаев та болды. Жеңіс көктемін Берлинде қарсы алған майдангер тағы екі жыл әскери қызметте болды.

Қазалы ауданына қарасты №3 ауылда шаруа отбасында дүниеге келген Қ.Медетбаев соғыс өрті тұтанғанда Қазалы қаласындағы ауылшаруашылығы техникумында оқып жүрген-ді. Бұл елдегі ер-азаматтардың бәрі жаппай Отан қорғауға аттанып жатқан қиын-қыстау кез. Ол 1942 жылдың 1 қаңтары күні әскерге шақырылып, Қызылордадан Отан қорғауға аттанды. Бағыт – Батыс емес, оңтүстік еді. Осы тұста Мәскеу мен оның түбіндегі қалаларды дұшпаннан қорғау үшін қанды шайқастар жүріп жатқан. Бұларды Ташкенттке әкеп, әуелі бір айлық дайындықтан өткізеді.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап байтақ Отанымыздың барлық жерінде әскери құрамалар мен бөлімдер құрылды. Өзбекстанда жасақталған атқыштар полкі 1942 жылдың ақпанында батысқа жол тартты. Өрімдей жас жігіттерді Мәскеу түбінде жүріп жатқан алапат ұрысқа әкеп салды. Өлім мен өмір арпалысқан қатерлі күндерді бастан кешкен жас жауынгер алғаш рет қанды шайқасқа куә болды. Кейін Смоленскіні жаудан тазартудағы ұрысты басынан кешіреді. Осы тұста қатарында мыңдаған қазақстандықтар болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізгенін арнайылап айта кеткеніміз жөн. Қазақстанда жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасқаны қалың жұртқа белгілі. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Ең ірі шайқас орын алған Ржев және Сталинград қалаларын қорғауда біздің жерлестеріміз ерекше ерлік көрсетеді.

Жас жауынгер кейін әйгілі Ленинградты азат етуге қатысады. Кейіннен Белоруссия майданыныда болып, көптеген қалаларды фашистерден тазартудағы ұрыстарға қатысты. Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарының ортасында жүріп, жеңіс мерекесін Берлинде қарсы алды.

Сол сұрапыл соғыста шығын да аз болмады. Командирге қарағанда солдат шығыны анағұрлым көп болатыны белгілі. Взводтағы солдаттар бірнеше қайта жаңарды, солармен жүрген қатардағы жауынгер Қ.Медетбаев тағдырдың жазуы шығар, 1947 жылы елге есен-аман оралды. Отан алдындағы парызын өтеп келген жауынгер бейбіт өмірде арнайы форма киіп, тағы әскери жұмыс атқарыпты. Бұл кезде соғыстан қайтқан ауыр техникаларды Орта Азия мен Қазақстанға темір жол арқылы тасымалдау жүріп жатты. Яғни, бұл осы өңірлердегі әскери округтерді жабдықтау кезеңі болатын.  Қазалы әскерилендірілген күзет мекемесіне жұмысқа орналасқан майдангер осындай күрделі жұмыстың басы-қасында жүрді. Сол тұста станциядан тәулігіне 80-90-ға дейін ауыр жүк поездары өтетін. Бұл соларды түпкілікті орнына жеткізілуіне әскериленген кондуктор есебінде тікелей жауапты еді. Күні-түні жүріп, Шалқар мен Түркістан аралығын жол қылды. Тіпті осы жауапты жұмыста жүріп жарақат та алды. Екі тілде сауатты, алғыр маман аталған мекеме басшысынан бірнеше мәрте алғыс хат алып, абыроймен еңбек етті.

Қ.Медетбаев Берлин қаласын жаудан тазартудағы ерлігі үшін «Берлинді алғаны үшін», 1954 жылы, бейбіт заманда «Ерлігі үшін» медалдарымен, ал 1969 жылы «Жеңістің 20 жылдығы» және «КСРО әскери күшінің 50 жылдығы» медалдарымен марапатталған.

 Елге оралысымен шаңырақ көтерген майдангер жұбайы Орынбасар екеуі отбасында 5 ұл және 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда олардың  ұл-қыздары елдің түкпір-түкпірінде Отыннның дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүр. Қазіргі күні осы әулеттен тараған ұрпақтан бүгінде 23 немере мен 21 шөбере бар. Олар майдангер атасы мен батыр әжесін мақтаныш етеді.  

Ширек ғасырға жуық Қазалы әскерилендірілген күзет мекемесінде қызмет істеген Қ.Медетбаев соғыстан алған жарақаты, яки ІІ топтағы мүгедектігіне байланысты 1971 жылы зейнеткерлікке шықты. Үш жылдан кейін жұмыс бабында алған жарақаты асқынып, ауыр науқастан қайтыс болады. Отанымызды жаудан қорғап, сұм соғысты Берлинде аяқтаған ардагер атаның ұрпақтары жеңіс көктемін жыл сайын асыға күтеді. 

– Әкем соғыста көрген қиындықтары туралы айтқан емес. Майданнан оралған соң қоғамға адал еңбек етті. Айналасына сыйлы болды. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат деген рас. Ұрпақтары аталарының өнегелі ғұмыр кешкенін мақтаныш етеді.

Әкем атадан үш ағайынды болатын: Нұржамал, Молдағағали және Қани. Медетбаев Молдағали әкеміз де 1941 жылы майданға алынып, Жеңісті Берлинде қарсы алған. Кейін Польшада, Алматыда әскери қызметте болған. Елге 1955 жылы оралып, апасы мен інісі Қанимен табысады. Ол кісі 1981 жылы қайтыс болды. Бауырлар өмірлерінің соңына дейін аудан орталығында бірге тұрды. Қазір олардың ұл-қыздары, немере-шөберелері сол кісілердің атына жазылып, елге қызмет етуде. 9 мамыр – Отан қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгі жазылып қалған ең айтулы мереке. Бұл күні жас ұрпақ, майдангер немерелері ерлікке бас иіп, қан майданда от кешкен батырларға тағзым етеді, – дейді майдангердің кенже ұлы Әділбай Медетбаев.

Р.АРЫСТАНБАЙ.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<