Көлік иелері нақты ақпаратқа қанықты

270

0

Кеше халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қызылорда облысы полиция департаменті мамандарының қатысуымен  «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Шараға түрлі өтініш-тілектермен келгендердің қатары көп болды. Оның ішінде тұрғындардың дені шетелдік нөмірлі көліктер бойынша сұрақтар қойды.

Естеріңізде болса, жуырда Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірлі көліктерге байланысты, нақтырақ айтсақ, «Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді тізгін­деген жүргізушілер өз темір тұлпарларын кедендік рәсім­деуден өткізуі керек немесе сол елге апарып қайтадан сатуы тиіс. Бұл көліктер Қазақстанда заңсыз жүр» деген мәлімдеме жасаған болатын. Осыған орай тұрғындар арасында түрлі қауесет тарады. Тіпті, «көлікті қамайды» деген әңгіме айтылып жүр. Осыған орай акцияда сала мамандары көпшілікке нақты ақпараттар беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– Қазіргі күні Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді қалай тіркеу керек, кедендік төлемдерді қалай төлейміз деген сауал көптеп қойылуда. Бұл елдерден келген көліктердің құжаттары толық болмағандықтан, дәл қазір ке­дендік рәсімдеу бойынша айыр­машылықты есептеу қиын. Осыған сәйкес тауардың ке­дендік декларациясын алуға ұсыныс жасалуда. Құжаттар қалай келеді, сол бойынша рәсімдеу жұмыстары жүргізіле бастайды, – дейді Қызылорда-кедендік рәсімдеу орталығы басшысының орынбасары Талғат Меңлібаев.

Мамандар әзірге тексеру жүр­гізілмейтінін, тү­сін­дірме жұ­мыс­тары жалғасатынын жеткізді.

Айта кету керек, өткен жылы өңірде шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен 8 мыңнан аса жол жүру ережесі бұзылса, 80 жол-көлік оқиғасы орын алған.

“СБ” ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<