Инфрақұрылымдық жобалар – жұмыссыздар игілігіне

1231

0

Төтенше жағдай зардаптарын жоюға бағытталған шараларды орындау үшін ел бюджетінен 1 триллион теңге бөлінді. Президент тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы қабылданып, аймақтарда оны жүзеге асыру амалдары нақтыланды.

«Қомақты қаражат құзырлы орын­дардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуы тиіс. Күрделі кезеңде қар­жы­лан­ды­рылатын жобалар арқы­лы, ең алды­мен, жаңа жұмыс орында­рын ашу қажет. Бұған жұмыс­шы­­ларды барынша көптеп тарту керек. Экономикалық табыс әке­­летін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынады» деді Мемлекет басшысы карантин шектеулеріне қатысты мәлімдемесінде.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы жұмыс орындарын құру көзделген бағдарлама 2020, 2021 жылдарға арналып отыр. Облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жол картасы 276 жобаны қамтиды. Ол үшін өңірге 36 млрд 957 млн теңге бөлінді. Осылайша 9299 жұмыс орны ашылып, оның 452-сі тұрақты болады. Бүгінгі күні 175 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, мердігерлер анықталды. 25 жоба негізінде келісімшарттар жасалып, оған 74 адам тартылды.

Инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда немесе қалада уақытша тіркелгендерді қоса ал­ған­да, жұмыссыздарға құрылатын жұмыс орындарының кем дегенде 50 проценті ұсынылады. Жалақы эко­логиялық үстемеақысыз ең тө­менгі жалақының кемінде екі мөлшері болып белгіленеді. Бұл дегеніміз – 85 мың теңге. Инфра­құрылымдық жобалар үшін бөлін­ген қаражаттың шамамен 90 про­центі отандық өндірушілерге бағыт­та­ла­ды. Ақпараттық түсіндіру, ме­­ди­­­­циналық тексеру жұмысын жүр­­­гізу, жұмысшыларды жинап, тиісті орынға жеткізу үшін мо­бильді рекруттік пункттер ұйым­дастырылады.

– Оларға арнап орын-жай, ас-ауқат дайындау, тамақтану орындарын тұрақты түрде залалсыздандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты назарда. Бағдарламаға, әсіресе, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар көптеп тартылады. Денсаулығына зиян, оқуына кедергі келмейтін жағдайда студенттерге басымдық беріледі, – деп атап өтті брифингте басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Инфрақұрылымдық жобалар аясында 26 нысан салынады. Олар­дың арасында 2 мектеп (Арал ауданының Сексеуіл кенті, Қы­зылорда қаласы), 2 ауылдық клуб (Қазалы ауданының Ақсуат, Шиелі ауданының Жи­деліарық ауылдық округтері), мұражай (Шиелі ауданы) мен филармония (Қызылорда қаласы), 8 тренажерлық стритбол ауласы, байдарка мен каноэ базасы (Қызылорда қаласы мен Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандары) бар.

Сонымен қатар, Тереңөзекте 18 пә­­терлік екі үйдің құрылысы жүр­­­гізіледі. Облыс орталығы мен Қа­залыда су және кәріз жүйесі ны­­­сандары салынады. Ал Қа­за­лы, Шиелі аудандарын газ­дан­­­­­дыру жұмысы жалғасады. Қы­­зыл­­­­ор­даның Шанхай, Титов, Гагарин, КБИ, әл-Фараби бөліктерінде инфра­­құрылым желілері жүргізілуі тиіс.

24 нысан қайта жаңғыртылып, 41 нысан толық жөнделеді деп күтіліп отыр. Коммуналдық нысандар ағымдағы жөндеуден өткізіліп, бірқатар көше мен елді мекеннің кіреберістері абаттандырылады. 23 көшеге жарық шамдарын орнату, 70 аялдама, 34 ойын алаңын орнату жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, Қы­зыл­орда қаласында Жез­қазған трассасы бойынан 600 орындық мектеп салынады. Сол кезде «Бәйтерек» шағын ауданында тұратын 6600 отбасының  оқушы балалары үшін жақын жерде білім алу мүмкіндігі туады. Алдағы үш жылдағы жоспар бойынша осында 700 отбасы қоныстанады. Сөйтіп, оқушылар саны 1500-ге жуықтайды. Қазіргі уақытта 150-дей бала «Бәй­терек­тен» қала орталығына қатынап оқып жүр.

Арал ауданының Сексеуіл кентінде Президент тапсырмасына байланысты білім ошағы салынатын болды. Бұл теміржол жағалап мектепке барып жүрген балалар мен олардың ата-аналары үшін қуанышты жаңалық екені рас. Айта кетейік, кентте 13 мыңға жуық адам қоныстанған. «Сексеуіл-Бейнеу-Жезқазған» жүрдек пойызы жолға шыққалы бері елді мекен үлкен торапты желілік теміржол бекетіне айналды. Осылайша Сексеуіл Арал қаласынан кейінгі халқы тығыз орналасқан аймақ болып отыр.

– Кенттегі 3 мектеп те темір­жолдың бір жақ бетінде. Келесі бетінде тұратын 360 оқушы теміржолдың сан тарау жолын кесіп өтуге мәж­­бүр. Балалардың қауіп­сізді­гін қамтамасыз ету мақса­тын­да тұрақты кезекшілік ұйым­дастырылған. Жаңа білім ошағы іске қосылған жағдайда балалар әуре-сарсаңға түспейді, – дейді Талғат Дүйсебаев.

Бағдарламада бақша суаруға мүмкіндік беретін «Жиделі» су қоймасын, Сырдария, Жалағаш ау­дандарындағы аумағы 16 мың гектар болатын күріш алқабын аяқсумен қамтуға ықпал ететін «Әйтек» су торабын қайта жаңғырту көзделіп отыр. Еске салсақ, былтыр «Әйтек» су торабының төменгі бөлігіндегі қабырғасын су шайып кеткен еді. Бұл жоспар 7 елді мекеннің 31 мыңнан астам халқын су тасқыны қаупінен құтқармақ.

Төтенше жағдай кезінде тұ­ралап қалған кәсіпорындардың қайта жандануына уақыт керек. «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаржының бір бөлігі шағын және орта бизнесті дамытуға жұмсалады. Негізгі мақсат – жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<