АЛМА – ТОЛАЙЫМ ТАБЫС КӨЗІ немесе бұл кәсіпті дамытуға не кедергі?

1137

0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады.

Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды» делінген.

Елімізде жеміс-жидек өсіріп, оны экспортқа шығаруға барлық мүмкіндік бар. Кең байтақ жерімізде қандай жеміс түрін өсіруге де әбден болады. Оған қажетті су көздері де жоқ емес. Бастысы – ниет. Десе де жеміс-жидекті әлі күнге дейін шетелден тасып жүрміз. Бұл ойландырады. Дала төсін жасыл желекке бөлей отырып, оған қоса сол жеміс түрлерінен қазына қазанына қыруар қаржы құйған мемлекеттер тіршілігіне қызыға қараймыз. Олардан алға озып етуге негіз бар. Басқасын былай қойғанның өзінде, онша көп жағдайды қажет ете қоймайтын алма өсіруді қаншалықты жолға қоя алдық? Көбіміздің көкейімізде жүрген бұл сауалдың кілтін табу қиынға соға қоймас. Негізгі себебін оған селқос қарайтын немкетті көзқарастан іздесек те жетіп жатыр.

Бұрынғы шаруашылықтар қайда кетті?

Рас, елімізде алма өсіруге қолайлы аймақ ретінде Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары секілді жер ыңғайы қолайлы өңірлер алдымен айтылады. Кейбір дерек көздерінде қазір әлемнің барлық елінде егілетін аталған жеміс түрінің түпкі отаны ретінде Қазақстан алдымен тіл ұшына оралады. Әрине, жері шөлейтті өңірге жататын Қызылорда облысында да оны өсіруге болады. Әсіресе, алма шаруашылығын облыстың оңтүстігінде орын тепкен Жаңақорған, Шиелі аудандарында көбейтуге негіз бар.


Кешегі жылдарда сол екі ауданда алма мен жүзім өсірген арнайы шаруашылықтар болғанын көпшілік әлі күнге дейін есінен шығара қойған жоқ. Жаңақорғаннның «Юбилейный», Шиелінің «Алмалы» ауылдарында жайқала өскен жеміс алқабына көңіл сүйсініп жататын. Оған қоса күріш шаруашылығымен айналысқан барлық елді мекенде шағын көлемде болса да осындай жасыл желекті аумақты көзіміз шалып жататын еді. Өкініштісі, беріде соның бәрі көзімізден ғайып болды. Бұл – ертеңді ойламағанның салдары. Осылайша қолда барды ұқсатудың орнына оны құртып алған жайымыз бар.

– Алма өсіру жөнінен Аргентина, Нидерланды, Қытай және өзге де мемлекеттер өзгеге өнеге көрсетіп келеді. Біздің еліміз оны жартылай өзімізде өндірілгенмен, қалғанын сырттан алуға мәжбүр. Бұл жөнінде қазақстандық ғалымдар ілкімді ізденіс жасап жүр. Соған қарамастан әлі де көңіл көншітерлік деңгейге жете қойған жоқпыз. Мұндай жобаларды біздің облыста да жүзеге асыруға әбден болады. Оны тың жоба деп айтудан аулақпыз. Бұрыннан келе жатқан ізі бар емес пе? Кезінде сол жеміс-жидек алқабын жайқалта өсіруге ұйытқы болған ғалымдар мен мамандар әлі де ортамызда жүр. Осындай мамандардың біліктігі мен білімін кәдемізге жаратуға тиіспіз, – деді Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бақытжан Дүйсембеков.


Жалпы, алма шаруашылығы – бірден пайда алып келетін кіріс көзі емес. Оны мамандар да жиі қозғап жүр. Еккеннен кейін жемісін жеу үшін бірнеше жыл күтуге тура келеді. Алма ағашын күтіп-баптау да көп уақытты қажет етеді. Елдегі ағайындар осындай себептерді алға тартып жатады. Сондықтан бұл істі ірі шаруашылықтар жанынан қолға алуға болады.

Бақша көлемі артып келеді

Сыр өңірінде соңғы жылдарда су тапшылығы жиі орын алуда. Басты дақыл – күріш суды көп қажет ететінін жақсы білеміз. Су жетпеген кезде диқандар қыруар шығынға батып жататыны тағы бар. Сол себепті ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесі әрдайым күн тәртібінен түскен емес. Осыған орай алдағы уақытта жергілікті еңбекші қауым басқа дақылдарға да көңіл бөлуі тиіс.


Бұл бағытта мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалып отыр. Әрине, оған қойылатын тиісті талаптар баршылық. Алма бағын отырғызу бойынша сол талаптардың сақталуына баса назар аударылады. Мәселен, аласа бойлы және жартылай аласа бойлы көшеттерін, оның ішінде книпбаум көшеттерін пайдалана отырып егілген ағаш аурулар мен зиянкестерден таза болуы тиіс. Сондай-ақ, бір гектарға орналастырылған көшеттер саны 2000 данадан 5714 данаға дейін жеткені абзал. Осы жоба негізінде жүзеге асқан істерге арнайы субсидия қарастырылған.


– Қуанарлығы, соңғы жылдарда облыста алма өсіруге ниет білдірген азаматтар қатары артып келеді. Мәселен, қазір Жалағаш ауданындағы «Құрманбай ата» шаруа қожалығы 6, Сырдария ауданындағы «Бесарық» шаруа қожалығы мен Жаңақорған ауданындағы «7

KZ «Сыр табиғаты» ЖШС-не қарасты алқаптарда бес-бест гектардан алма бағы бар. Бұл шаруашылықтарда жергілікті аймаққа бейімделген «Голден Делишес» «Джонатан», «Ренет», «Семиренко» сорттары өсіріледі. Айта кетерлігі, «7 KZ «Сыр табиғаты» ЖШС иелігіндегі 3 гектар питомникте қазір алма, өрік, шабдалы, алмұрт ағаштарының 60 мыңға жуық элиталық көшеттері өсірілуде. Серіктестік – облыста көшет өндіріп және өсірумен айналысатын бірден-бір шаруашылық, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Сейдуалиев.


Сондай-ақ, соңғы уақытта «Жан-Арай» ЖШС Жаңақорған ауданында 10 гектар алқапқа алма ағашын екті. Онда 20 мыңнан астам көшет бүгінде жайқалған жасыл желекке айналып келеді. Осындай игілікті істі Шиелі ауданындағы «Дәулет» жеке кәсіпкерлігі де қолға алып отыр. Мұнда 10 гектардан астам алма бағы бар. Былтырға дейін облыс бойынша 325 мың гектардан астам алқапқа жеміс-жидек ағаштары мен көпжылдық екпелер отырғызылған.

Экспорт – қыруар пайда көзі

Бүгінде әлемде алмаға сұраныс артып келеді. Бұл – қазақстандық шаруаларға өте қолайлы. Шетелдік сарапшылар еліміздің мүмкіндігі зор екенін айтады. Республикалық мерзімдік басылым беттерінде жарияланған мына мәселеге көз жүгірте кеткеніміздің артықтығы болмас. Қазақстанның қасында алма тұтынатын Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттері және Оңтүстік-Шығыс Азия секілді үлкен нарық бар. Сондықтан елімізде алма шаруашылығын дамыта отырып, аталған жемісті экспортқа шығаруға әбден болады.


– Бұл іс сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Дегенмен, онда көптеген проблема бар екенін жасыра алмаймыз. Алдымен сала бойынша дайындалатын мамандар мәселесіне көңіл бөлгеніміз жөн. Елімізде ьақша дақылдарымен айналысатын инфрақұрылым мен кадрлардың жетіспеушілігі аңғарылады. Сол себепті білім мен тәжірибені арттыру жолын қарастырған артық емес, – деді Бақытжан Дүйсембеков.


Бізде кейбір кәсіпкерлер алма бағынан 3-4 жылдан кейін өнім жинауға асығып жатады. Бұл – қате түсінік. Жалпы, өнімнің мол шығуы үшін тәжірибелі маманның қажет екені белгілі. Онсыз ойлаған ісіңді ілгері жүргізу мүмкін емес. Қысқа уақытта бір гектардан 40-60 тонна өнім жинау ақылға сыймайды. Одан қалды, оны өткізетін рынок мәселесін де ескеру керек.

Сондай-ақ, маркетинг, логистика бойынша да үлкен міндеттер бар. Бұл бизнесті дамытуға ниет білдірген адам осындай ұсақ-түйектің барлығын ескергені жөн.


Мамандар алма бағын отбасылық бизнес ретінде дамыту жолын да қарастырады. Өйткені, кейбір мемлекеттерде дәл осындай жолмен игілікті істі жолға қойғандар бар. Еуропада бұл жоба кеңінен таралған. Кәріқұрлықтың көптеген елдерінде жер аумағы шектеулі. Соған байланысты мұнда жеміс-жидектер шағын аумақтарда өсіріледі. Олардың жалпы аумағы 1-10 гектарға дейін созылады. Бұл әдісті бізде де жүзеге асыруға негіз бар. Нәтижесінде бізге сырттан келетін алма өнімдерінен тәуелсіз болуға жол ашылар еді.


Аграрлық салада жеміс-жидек шаруашылығының өз орны бар. Көзін тапқанға одан көп-көрім кіріс кіргізуге болады. Бұл мәселе ұзақ жылдан бері қозғалып келеді. Алма және басқа жеміс-жидек өндірісін дамыту су тапшылығы мәселесі алға шыққан уақытта агробизнес саласындағы азаматтарға ой салса дейміз.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<