«Күмісай» әнінің тарихы

1928

0

– Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі, сан қырлы өнер иесі, атақты жырау, ақын әрі сазгер Тұрымбет Салқынбайұлын өзінің сенімді ізбасарларының бірі Балқашбай Жүсіпов кезінде халыққа кең тараған атақты бір термесінде: «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүздің, тоғытқан әннің кесте көп өрнегін» деп ерекше бағалаған. Өз басым талайды таңғалдырған Тұрымбет жыраудың мақамдарын, әсіресе, өзгеше мәнермен орындалатын «Күміс­ай» әнін жыраулық, әншілік репертуарымның басты арқауы санаймын.


Бұл кісінің әндерін бала жастан жаттап өстік. Шіркін, керемет дүние ғой! – деген Қармақшыда өткен өнер кешінде Алмас жырау Алматов. – Бұл әннің шығу тарихының өзі қызық. Жас кезінде Тұрекең, менің жарықтық нағашым өзбек елінің Тау-Елібай жерінде (Тамды ауданы) серілік құрып жүріп: «Күмісайжан, қош аман бол, жолыққанша, мал-перзентке ер тоймас молыққанша, жарқыным, еңбегіңді ескерерміз, елуге жасың жетіп толыққанша», – деп бір байдың қызына ғашық болған ғой. Соны біреу «Тұрымбет байдың қызымен әуей болып жүр» деп, Сырдағы туыстарына жеткізеді. Бұл жақтағы жақын ағайындары мен ауылдың жасы үлкен ақсақалдары Тұрымбет жыраудың елге оралғанын жөн санайды. Сонда түйеге мініп Сырға қарай көш басын бұрған беттегі атақты жыраудың ғашық жарымен қимай қоштасқанда айтқаны осы ән екен.


– Бұл әңгімеге мен ертеректе Қармақшы өңіріне белгілі шебер етікші, көне сөзге де жүйрік кісі Қисықтың Оспанынан қаныққан едім, – деп Алмас жырау сөзін одан әрі сабақтады. – Ол былай болған. Әскер қатарынан оралған кезім болатын. Оcпан ағаның өзі домбыраны солақай тартады, мәсіні де солай тігеді. Бастапқыда біреуден «Қисықтың Оспаны Тұрымбет жырау­дың «Күмісай» әнін жақсы біледі екен» дегенді естігем. Тұрымбеттің көзін көрген кісі ғой. Оған қалай барудың жолын қарастырған болдым. Құр қол барсам, өзім де құр қайтуым мүмкін. Содан әуелі жөн білетін елдің беделді азаматы Сұлтан Сармолдин ағайыма баруды жөн көрдім. Ол кезде Сұлтекең – Қармақшы аудандық мәдениет үйі­нің директоры. Кеңсесіне барсам, қабырғада тізіліп тұрған су жаңа домбыраларға көзім бірден түсті. Іздегенім алдымнан табылғандай көз айырмай қарап қалыппын. Сұлтекең соны сезгендей:


– Райком шақыртып жатыр еді… Қожеке, жәй жүрсің бе? – деді қулана жымиып.


– Сұлтеке, мына домбыраның біреуін маған беріңізші.

– Оны қайтесің?


– Бір Қаратамырға ат ғып мінгізем, жақсы көретін нағашым еді… (Ол кезде домбыра ескі ақшамен 22 сом тұрады).

– Кімге?!


– Қисықтың Оспанына…


– Немене, мәсі тіктірейін деп пе едің?


– Жо-ға… Осекеңде Тұрымбеттің «Күмісай» әні бар екен. Соны үйренейін деп…


Байқаймын, Сұлтекең ойланып қалды. Бір кезде ол күлді. Содан соң:


– Әй, қожам-ау, бұл дегенің үкіметтің мүлкі емес пе?

– Үкіметтің мүлкі болса, сендерге беріп жатыр ғой. Сендерге бергені бізге бергені емес пе?!


Ақыры болмай, бір домбыраны қалап, өзіммен бірге алып кеттім. Айдап отырып Жосалының бір бұрышындағы Қисықтың Оспанының үйіне келдім. Аласалау үйдің құрқылтайдың ұясыңдай бір бөлмесінде өзінің үйреншікті кәсібімен айналысып отыр екен. Тозығы жетіп, әр жері жұлым-жұлым болған аяқ киімдер жан-жағында үйіліп жатыр. Жөндеп-жамағандарын биіктеу жерге іліп қойыпты.


– Ассалаумағалейкүм! – деп кіріп барған менің сәлеміме басын көтеріп, аузын жыбырлата ажырая қараған етікші қарт:


– Уа, қай баласың? Сәлемші болсаң, төрге шық! – деді тігіп отыр­ған мәсісін былай ысырып қойып.


Мен жөнімді айттым.


– Е-е, айналайын, сен екенсің ғой. Әскерден аман-есен оралғаның дұрыс болған. Менің тірлігім осы ғой… Қатын жоқ. Қорадағы малдың біреуі Қожаныкі. Қонақ­асыңды жеп кет…


– Рахмет! Алла разы болсын, Осеке! Нағашымсың ғой… Сізге ат мінгізейін десем, оның реті жоқ. Мына домбыраны сыйлайын деп келдім…


– Ойбу, неғыл дейді?!


Домбыраны қолына алып, құла­ғын бұрап тартып көрді.


– Тәуір домбыра ғой мынау… Ой, айналайын, талап оң болсын! Ал енді менде нендей бұйымтайың бар?


– Тұрымбет жыраудың әні «Күмісайды» сұрап келіп отырмын…


Содан Осекең ерекше көңілденіп, домбыраны қолына қайта алды. Жіңішке мойын домбыраны ыңғайына тез бағындырып, сола­қай шертіп, біраз уақыт ыңылдап отырды да, әнді бастап кетті. Нет­кен үн, сұлу ырғақ! Тыңдаған са­йын елітіп барамын. Әп-сәтте әннің әуезін де, сөзін де жаттап үлгердім. Осыны сезген етікші қарт енді мені тыңдауға пейіл білдірді. Оның солақайын оңқайға тез келтіріп алып, пернемді дөп басқаннан кейін мен де бар ынтамды салып, тұңғыш рет «Күмісай» әнін шама-шарқымша орындаған болдым. Қарасам, Қисықтың Оспаны екі көзінен жас парлап, жылап отыр екен.


– Аға, неге жылайсыз? – дедім бір жағынан қуыстанып.


– Алда, айналайын-ай, көсегең көгерсің! Айнытпай орындадың… Тұрымбеттің әні өлмейді екен, алысқа самғайды әлі. Сол бақытты сен көресің! Соған енді көзім жетті. Артыңда ұрпағы өсіп, жетіле берсін! Менің беретін батам – осы, қарағым!


Қайран дуалы ауыз қарттарым-ай! Қисықтың Оспанының айтқаны келді. 1982 жылы сол Оспан қарттан үйренген бала жырау атағы күллі Сыр бойына, Арқа, Ырғыз өңірлеріне, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан жерлеріне кең тараған Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының «Күмісай» әнін, қазақ өнерін шетел жұртына ұлттық нақышта таныстырып, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ауқымды мәдени шара аясында Парижде орындау құрметіне ие болдым. Жалғыз Тұрымбет емес, Тұрмағамбет ақын, Базар жырау шығармаларының бал-шырынына, бір сөзбен айтқанда, Сырдың сұлу мақамдарына париждіктердің құмары әбден қанғандай болды. Мұны мен даңғайыр бабаларымның мейір, шапағаты, аруақтарының қолдағаны деп әрдайым перзенттік шынайы көңілмен тебірене еске алып жүремін…

Алты Алашқа танымал жақсы-жайсаңдарымызға, оның ішінде өнердегі дарабоздарға мейлінше құрмет көрсету тәуелсіздік алғалы бері ерекше жанданып, рухани жаңару ретінде жаңа мазмұн мен жарасымды сипатқа ие бола бастағаны көңілге қуаныш нұрын ұялатады. Мұны Сыр елі – жыр елінің өмірінен жиі көруге болады. Осындай игі шара 2013 жылы жыраулар отаны саналатын Қармақшы ауданында «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде» атты аймақтық жыраулар фестиваліне ұласқаны әлі есімізде. Мұндай маңызды шараның жиі ұйымдастырылуы асыл өнердің одан сайын жандануына, болашақ ұрпақтың бастау бұлақ тәрбиесіне айнала түсуіне игі ықпал етері сөзсіз.


Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1868 жылы бұрынғы Қазалы уезінің (қазіргі Қармақшы ауданы) Жамансыр болысы, 3-ші ауылында дүниеге келген. Сонда (қазіргі Ақтөбе ауылы) 1946 жылы қайтыс болған.


Белгілі әдебиет жанашыры, шежіреші қарт Әлқуат Қайнар­баев жырау жайлы естеліктерінде (Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газеті, 1970 жылғы 7 сәуір): «Ол бала жастан өлең-жыр­ға әуестеніп, оларды жиын-тойда домбыраға қосып мәпелеп айтатын болғандықтан «Бала жырау» атанған. Содан кейін жиырма жасының шамасында-ақ суырып айтатын сандуғаш дарынды жыраудың бірі болған» деп жазады.

Тұрымбет жырау кезінде Сыр, Арқа, Батыс, тағы басқа өңірлерді аралап, қисса-дастан, терме-тол­ғау­ларды мәнеріне, нақышына келтіре орындайтын кәтекі жырау­лығымен, ақындығымен әрі сазгерлігімен көрінген. Өзбекстанның Тау-Елібай жерінде (Тамды ауданы), Қарақалпақстан, Түркіменстан елдерінде де өнер көрсетіп, талайды таңдай қақтырған. «Күміс­ай» әні сал-сері, жырау атаның жастау кезінде қосыла алмай кеткен бай қызына деген ынтызар әрі қимастық көңілінен шыққан, назы да, сазы да бөлек, жүрегін жарып шыққан төл әні болатын.


Сондағы:
– Күмісайжан, біздер көштік Сырға таман,


Армансың қолды бұлғап құмда қалған.


Дүнияда бай болғанмен пайдасы не,


Айырылсаң жаның сүйген ғашық жардан? –

деп шығарған әнінің соңғы шумағынан өзіміз жиі айтатын зорлықшыл тар заманның, зар заманның шырқыраған шындығы – теңсіздік мәселесі елес бергендей әсер аласың. Тұрымбет жыраудың бұл әні 1898 жылы жазылған.

Өнер – халықтікі. «Күмісай» әні Сыр өңірінде, әсіресе, Қорқыт ата елінде жиі айтылады. Бұл әннің басқа да өңірлерге кеңінен тарағанына не жетсін?!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,


Тұрымбет жыраудың немересі,


Қазақстан Жазушылар, одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<