Арпалыс (әңгіме)

937

0

Сәтін салған күні Өмір мен Өлім кездесіп қалыпты. Өмірде өң жоқ, жүдеп-жадаған, киімінің де репеті кеткен. Өлім болса бетінің нұры тасып, гүл жайнап, құлпырып жүр. Етінен ет қалмаған, ілмиген қу сүйек Өмірді көріп, айран-асыр қалған Өлім бір қызық ұсыныс айтады.

– Сен ендігі жерде менің киі­мімді киіп, Өлім кейпіне келіп жүр. Ал, мен болсам аз ғана уақыт Өмір болып тірлік етейін. Сонда қайсымыз қалай болар екенбіз?

– Жарайды, – деп Өмір бұған қуана келіседі.

Сонымен Өмір Өлім болып, Өлім Өмір болып, екеуара киім ауыстырады да жөн-жөнімен ел аралап кетеді екен. Арада бар-жоғы ай өтеді. Белгілі уақытта межелі жерде кездеспек уәделері бар. Өмірдің Өлім болып қадам басқалы тіршілігі құлпырып сала береді. Өлімнің кәрінен қорыққан көпшілік қолдарын қусырып, қойларын сояды. Жайылып жас­тық, иіліп төсек болып, үлкен-кіші алдында тәжім етіп тұрады. Аз уақытта мәртебесі өскен Өлім кейпіндегі Өмір құлпырып сала береді. Өңіне қан, жілігіне май жүгіреді. Жамағат жасап жатқан ізгілікке риза болады. Ал, бұл күндері Өмір кейпінде ел жағалап кеткен Өлімнің халі аса мүшкіл еді. Оны ауыл итінен басқа ешкім де қарсы алмайды. Көзі түскен бірді-екілі ауыл адамдары болса:

– Е-е, құдай-ай, кәдімгі Өмір ме еді, – деп келген-кеткенімен шаруа­сы болмайды.

Бұрындары шалқып басып жүрген ол бар-жоғы бір ай ішінде аштан өлуге қарап, қайыр сұрап, үнем айырып, жан тәсілім жасар мерзімде баяғы Өлім кейпіндегі Өмірге әрең жеткен екен дейді. Сонымен Өмір мен Өлім бір-бірін көргенде танымай қалады. Өмір болып кеткен Өлім ажал аузында екен де, Өлім болып аттанған Өмірдің мейманасы тасып тұрса керек.

Біздің тіршілік те солай ғой, адамға өмір сыйлап, бар ғұмырын жақсылық жасауға арнаған Өмірді жайлы көреміз де, құрметіміз кем түсіп жатады. Егер, Өлім секілді аузынан ажал шашып келе жатса, қорыққаннан қол қусырып, алдынан иіле шығарымыз анық.

Еркін ӘБІЛ.

Жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<