Еріктілердің еңбегі: 200-ден аса дәрі-дәрмек таратылды

1122

0

Қысылтаяң шақта тұрғындарға қол созып, індетке қарсы тұруға бағытталған шараларға атсалысып жүрген жастар көп. Қазіргі күнге дейін қала аумағында, барлық аудан көлемін қамти отырып, тұрғындарға шамамен 41736 дана бетперде, 10 000 үнпарақ пен 1000-нан астам антисептикалық құрал таратылған. Елге көмек көрсетуді азаматтық парыз санаған ерікті жастар бұл игі ісін тоқтатқан жоқ.

Жуырда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан әлеуметтік дүкен жұмысын жаңаша бағытта жандандырды. Ондағы қор қаладағы қолы ашық тұрғындардың көмегімен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен толықты. Оның ішінде қала дәріхаларында бастапқы уақытта тапшы болған парацетамол, С витамині, дексаметазон, дисоль, натрий хлорид, эуфиллин, тағы да басқа препараттар болды. 2 апта көлемінде жалғасқан қайырымдылық акциясында 200-ден аса дәрі-дәрмек үлестірілген. Ал, оны таратуда автоволонтерлар қозғалысының септігі зор.

– Пандемиямен күрес кезінде орталық тарапынан қажетті шаралар қолға алынды. Игі істерде Сыр еріктілері фронт-офисінің үлесі бар. Олар тегін дәрі-дәрмектерді жеткізіп, 55 оттегі баллонын толтырып, ауруханаларға тасымалдады. Қуантарлығы, өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары артып келеді. Қала тұрғындары автоволонтерлыққа шақырылып, олардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда 20-ға жуық автоволонтер белсенділік танытып, көмек көрсетуде. Олардың ішінде Темірлан Жұбан, Данияр Шеров, Сағатбек Сиюов, Бақытжан Жақсылық секілді жақсылыққа ұмтылған жастарға алғыс білдіреміз. Олар инфекция тарала бастағанда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бетперде мен антисептик құралдарын, азық-түлік пакеттерін таратуға атсалысқан болатын, – деді орталық директоры Бауыржан Мастеков.

Әңгіме барысында орталықта психологиялық қызу желі де іске қосылғанын білдік. Ахуалдан қажыған кез келген тұрғын хабарласып, психологтың көмегіне тегін жүгінуіне мүмкіндік бар. Анонимділік сақталады. Жақында Біріккен ұлттар ұйымының ұлттық тренері, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» волонтері Жұлдыз Төреәліқызының жетекшілігімен де карантин уақытында қажымаудың, үрей мен уайымға салынбаудың жолын қамтыған онлайн вебинар жүргізіліп, оған 60-қа жуық тұрғын қатысқан. Шынында, қазір еріксіз үйіне қамалғандардың бірі жалғыздықтан жабырқаса, енді бірі ұйқысы қашып, алдағы уақытта не болады деп уайымға салынады. Ал, жағымсыз жаңалықтарды жүрегіне жақын қабылдайтын адамдарға психолог ақпарат ағынын барынша азайтуға кеңес беруде.

– Қоғамда қауіпті індет жайлы қорқынышты ақпар көп. Бұл тұрғындардың психологиясына әсер етпей қоймайды. Сондықтан біз үрейді сабырға жеңдіруді кеңінен насихаттауға күш салудамыз.Вебинар барысында басымдық отбасындағы тұрақтылыққа берілді. Еркін форматта, ақысыз өткізілген вебинар жастардың сұранысын қанағаттандырды, – дейді маман.

Бұдан бөлек, орталық жанындағы еріктілердің фронт-офис өкілдері екі күн бұрын судағы қауіпсіздік бойынша рейдтік бақылауға шыққан екен. Түс ауа ХҚКО жанындағы сол жағалауға өтетін көпірдің арғы бетінде белгісіз азаматшаның өз еркімен суға түсіп, қимылсыз қалғаны анықталған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Бексұлтан Бижігіт пен ерікті Ақбаян Бүркітбай сол маңайда балық аулап отырған Дастан Қадыров дереу әрекет етіп, оны судан шығарыпты. Қазір азаматша дін аман, ОМО-да қажетті емін жалғастырып жатыр. Осы дүниелерге қарап-ақ, еріктілердің қандай жағдайда да өз басын қатерге тігіп, өзгеге қол ұшын соза алатыны білінеді. Қаршадай қыздың кешегі ерлігі соның бір дәлелі.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<