Волонтерлар басын біріктірген орталық

996

0

Қызылордада «Сыр волонтерлары» орталығы ашылды. Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде орналасқан орталықтың онлайн бағытта басталған жұмысымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова танысты.


– Волонтер жылында азаматтық қоғам институттары мен белсенділері, еріктілер, меценаттар мұқтаж жандарға көптеп көмектесіп, елмен бірге екендіктерін көрсетіп жүр. Осы орайда аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес басқарма жанынан волонтерлардың басын біріктіретін орталық құрылып отыр. Ол «Үміт», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқорлық», «Білім», «Таза әлем» бағыттарын қамтиды, – деді М.Қазбекова.


Жергілікті қайырымды жандар, еріктілер орталық арқылы тиісті басқармалармен, қолдауға зәру азаматтармен байланыса алады. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мамандар әзірге онлайн түрде қызмет көрсетеді. Ол үшін 40-11-10 (1031, 1032) нөмірлі телефондарға қоңырау шалуға болады.


– Азық-түлік түріндегі жәрдемді кейбір кісілер екі-үш жерден алуы мүмкін. Ал кейбіреулер мүлдем алмайды. Өйткені қайда хабарласу керегін білмейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін орталықта тізім жасалды. Қайырымдылық көмегінің бәріне бірдей қолжетімді болуына ықпал етеміз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы волонтерлар фронт офисінің жетекшісі Болат Айтбенбетов.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<