Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: «Емделушілер ештеңеден тапшылық көрмеуі керек»

775

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарының эпидемиологиялық ахуалына қатысты мәжіліс өтті.

Жиында Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің індеттің алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Ауданда COVID-19 инфекциясымен 156 науқас тіркеліп, 65 адам емделіп шықты. Қазір инфекциялық стационарда 27, үй жағдайында 1 науқас ем алуда. Пневмониямен 155 адам ауырып, 98 жазылып шықты.


Ауданда 80 төсек-орын бар. Ахуал күрделенсе, Шаған ауылдық ауруханасынан инфекциялық стационарға резервтік 30 орын, Аманкелді ауылдық ауруханасынан 20 орын, «Жалын» тынығу лагерінен 100 провизорлық төсек-орын ашу жолдары қарастырылуда.


Науқастарға ем алу үшін барлық жағдай жасалған. Ауданда өкпені жасанды желдететін 2 аппарат, 4 оттегі концентраторы, 50 оттегі баллоны бар. Демеушілер есебінен қосымша 50 оттегі баллонын алу жоспарланып отыр.
Жалпы карантин жарияланған кезеңнен бастап аудан бойынша демеушілер мен еріктілер тара­пынан аудандық аурухана мен елді мекендерге медициналық құралдар, дәрі-дәрмектер, азық-түлік түрінде 13,4 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Аурудың таралуын шектеу үшін 12 мобильді, 3 мониторингтік топ құрылып, күнделікті кә­сіпкерлік нысандарын және арнайы белгіленген аймақтарды аралап, санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жасауда. Тұрғындар арасында отбасылық жиындардан бас тарту туралы түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.


Облыс әкімі инфекциялық орындарды көбейтуді және медицина мекемелерін қажетті аппараттар, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді тапсырды.


– Инфекциялық стацио­нар­­­­­­лар­ды көбейтіңіздер. Ем­­­деу ме­кемелерін оттегі кон­­­­центраторы және оттегі бал­­лон­­дар­ымен қамтамасыз етіңіз­дер. Дәрі-дәрмек қоры бақылауда болсын. Тұрғындарға қажетті дәрілік заттар дәріханаларда қол­жетімді бағада болуы керек. Кәсіпкерлермен келісім жүр­гізіп, жеткізілу мәселесін қарас­тырыңыздар, – деді облыс әкімі.


Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараковтың айтуын­ша, ауданда 217 жағдай тір­келіп, 134 адам емделіп шық­қан. Пневмониямен 555 адам ауырып, 189-ы жазылды. Қазір 40 инфекциялық, 100 про­ви­зорлық төсек-орын бар. Ахуал күр­деленген жағдайда пай­далану үшін ескі аурухана ғи­ма­ра­тынан 50 төсек-орын дайын­­далған. Сонымен қатар, аграр­лық колледж бен «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жатақ­ханаларынан 200 төсек-орын ашуға мүмкіндік бар. Ау­данда өкпені жасанды жел­дете­тін 12 аппарат, 3 оттегі кон­центраторы, 159 оттегі баллоны бар. Демеушілер мен еріктілер ауру­хана мен елді мекендерге 4 млн 100 мың теңгенің көмегін көрсетті.


Одан бөлек, аудан әкімдігінің 5 қызметтік автокөлігі күнделікті жанар-жағар майымен қамта­масыз етіліп, аудандық ауру­ханаға көмек ретінде пайдалануға берілді.


Ауданда 22 дәріхана бар. Бар­лығына күнделікті мони­торинг жүргізілуде. Корона­вирустың таралуын шектеу мақ­сатында әр елді мекеннен біреуден, кент орталығынан 5 мобильді топ құрылған. Мони­торингтік топтар кәсіп­керлік нысандарын және арнайы белгіленген аймақ­тарды күн­делікті аралайды. Сани­тарлық талаптардың сақталуын бақылап, жұртшылыққа түсіндірме жұ­мыс­тарын жүргізеді.
Өңір басшысы дәрі-дәрмек қорын уақытылы толықтырып, қажет болған жағдайда пайда­ланылатын стационарларда емде­луге қолайлы жағдай жасауды тапсырды.


– Инфекциялық, провизорлық орындарда емделушілерге дұ­рыс жағдай жасалу керек. Қо­сымша рентген, өкпені жасанды желдету аппараттарын алуға жұмыс жасаңыздар. Оттегі кон­­центраторын да көбейту керек. Дәрілік заттардың қоры жет­кілікті болсын. Тұрғындар көп­ші­лік орындарда жиналмау керек, – деді облыс әкімі.


Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашов індеттің алдын алу, таралуын болдырмауда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, коронавирус инфекция­сымен барлығы 368 жағдай тір­келгенін айтты. Оның 285-і толық емделіп, жазылған. Осы кездегі жағдай бойынша ау­дандық стационарда 14, үй жағдайында 64 адам ем алуда. Ал пневмониядан 1420 адам ауырып, 1194 адам жазылып шықты.


Аудандағы емдеу мекемелері бүгінде 11 дана ИВЛ аппараты, 9 дана оттегі концентраторы, 26 дана пульсоксиметр, 13 дана мо­нитор құрылғысы және 110 оттегі баллонымен қамтамасыз етіл­ген. Сонымен қатар, жергі­лікті кәсіпорын басшылары 740 дана кислород баллонын сатып алған.


Карантин жарияланғаннан бастап аудан бойынша демеу­ші­лер мен еріктілер тарапынан аудандық аурухана мен елді мекендерге 50 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Оған медициналық құрал-жабдықтар, азық-түліктер мен 2 дана ИВЛ аппараты, 9 дана оттегі концентраторы алынған.
Мәжілісте аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудан­дағы дәріханалардың жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты.


– Аудандағы барлық дәріха­налардың жұмысын бақылауға алыңыздар. Дәрі-дәрмек тап­шы­лығын болдырмау мақсатында дәріхана иелерінің де жауап­кершілігін күшейту қажет. Олар жеке кәсіпкер болғанымен, пандемия кезінде өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруы тиіс. Қажет болған жағдайда дәріхана иелерімен бірлесіп, ең керекті дәрілерді бірге тауып, ауданға жеткізіңіздер. Сондай-ақ, рентген аппараттары істен шығып жатса, жедел жөндеуді қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімі.


Жиында аймақ басшысы Жаңа­қорған ауданындағы про­ви­зор­лық орталықтардың да қа­тарын арттыру керектігін айтты. Қазіргі таңда аудандағы провизорлық орталықтарда 160 орын бос тұр. Ахуал күрделенген жағдайда аудан орталығындағы денешынықтыру, спорт кешені ғимаратынан 100 орындық провизорлық орталық ашу көзделген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<