Атыраумен арадағы алғашқы рейс

967

0

Қызылорда мен Атырау арасы жақындады. Жұма күні «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайынан «Қызылорда –Атырау» бағытындағы жаңа тұрақты әуе рейсі ашылды. Бірінші кезекте мұнайлы өлкеден ұшақ ұшып келді. Жарты сағат өткен соң Қызылордадан Атырауға алғашқы ұшақ көкке көтерілді.

Бұл облыс тұрғындарына үлкен жаңалық болып отыр. Екі қала арасындағы әуе қаты­на­сын «FlyArystan»  компаниясы жүзеге асырады. Бұрын екі араға темір жол арқылы 2-3 тәулік уақыт кететін. Енді 1 жарым сағатта баруға мүмкіндік туды. Ұшақ аптасына екі рет бейсенбі және жұма күндері қатынайды.  Бағасы – қолжетімді. Әуе қатынасы бизнестің дамуына да септігін тигізеді.

Қызылордадан Атырауға ұшқалы отырған қала тұрғыны Раиса Камиева:

– Бұл біз үшін тиімді болды. Қанша уақы­ты­­мыз үнемделеді. Жолақысын да қалта көтереді. Бұрын пойызбен қатынап, бірнеше күнде жететінбіз. Енді жол қысқарды. Жаңа­лықты естігенде қуанып қалдым. Бір ай бұрын билет сатып алдым. Билет құны – 6990 теңге. Ертерек алсаң, бағасы да көңілге қонымды. Негізінен өзім Атыраудың тумасымын. Тұңғыш немеремді туған жеріме алып бара жатырмын, – дейді ол.

Ал, Гүлзада Үмбетаева Атыраудан Қызыл­ордаға алғашқылардың бірі болып ұшып келді.

– Жақсы ұшып жеттік. Бұрын Қызылордаға келу үшін 2-3 күніміз жолда өтетін. Әсіресе, балалармен жол жүру қиынға соғатын. Енді мұндай күндер артта қалды. Бір сағат  жиырма минутта Қызылорда әуежайына қондық. Сонымен қатар «FlyArystan» әуе  компаниясының қызметі ұнады, – дейді ол.

Ал, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеуімбетов бұған дейін өзге облыстарға әуе қатынасын орнату үшін бірнеше әуе компаниясына ұсыныс білдіргенін айтты. «FlyArystan»  әуе компаниясы бірлесіп жұмыс жасауға келіскен.

Қазір індетке байланысты кейбір әуе қатынасы тоқтап тұр. Жалпы, «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан, Қара­ғанды және Алматы қалаларына аптасына 37 рейс  тұрақты қатынайды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы«

Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<