Тәулігіне 60 тонна ұн

1592

0

Өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарына шағын және орта кәсіпкерлік саласында іске қосылатын 265 жоба енгізілген. Нақты кезеңде облыста құны 24 млрд теңгені құрайтын 95 жоба жүзеге асуда.

Солардың бірі – Сырдария ауданы орталығы Тереңөзек кентіндегі «Ұн өндіру комбинатын іске қосу» жаңа инвестициялық жобасы. Жоба инвесторы – «Аққұм Жер» ЖШС. Құны 80 млн теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы – тәулігіне 60 тонна ұн өндіру.

Комбинаттың бас технологы Айбек Бейсенбайға хабарласқанымызда, ол ұн зауытына қажетті құрал-жабдықтар Түркиядан алынып, толықтай орнатылып болғанын жеткізді. Серіктестік директоры Алмасбек Алдоңғаров күзгі егін ору науқаны аяқталысымен бидайды Қостанай облысынан алдыруды көздеп отыр. Зауыт осы күзде жұмысын бастамақшы. Тың жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Мұнан бөлек, Сырдария ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған, тағы бірнеше жоба қолға алынған. Мәселен, «Ақжарма-2» шаруа қожалығы күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауытын, сондай-ақ, жылыжай және көкөніс қоймасын салу жобаларын кезең-кезеңімен іске асыруды қолға алды. Бүгінде күріш тазалау цехының құрылысы жүргізілуде. Цехқа Чехиядан жеткізілген «VibroMAX» агрегатының құны 52 млн теңге. Бұл аппарат тәулігіне 50 тонна астық тазартады. Шаруашылық төрағасы Марат Бисенов кіші пастерленген сүт зауыты және жылыжай мен көкөніс қоймасын салу жұмыстары 2023 жылға дейін жүргізілетінін айтты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<