Білім ордасының белесі

1272

0

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне биыл 90 жыл. Мерейлі мереке қарсаңында оқу орны күрделі жөндеуден өтіп, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері И.Әбдікәрімовтің ескерткіш-бюсті ашылды. Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.

– Тарихы терең бұл оқу ордасы кезінде республикаға ғана емес Кеңес Одағына қажетті техникалық мамандарды даярлады. Бүгінде 12 мыңнан аса түлек түлеткен іргелі оқу орнында материалдық-техникалық база жаңарып, білікті педагогтар жүйесі қалыптасқан. Сондай-ақ, ин­но­вациялық бағдарламалар енгі­зіліп, студенттердің кәсіби білім алуына барлық мүмкіндіктер жасал­ған. Оның айқын дәлелі білім ошағы 2015-2019 жылдарға арналған ин­дус­триалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының сұ­ра­нысына сай ҚР Білім және ғылым министрлігі мен “Кәсіпқор” хол­дин­гі АҚ анықтаған еліміз бойын­ша білікті маман даярлайтын үздік он колледждің қатарына енді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылында қолға алынған “Жас маман” жобасы биылдан бастап жүзеге асуда. Өңірімізде оны жүзеге асыратын 9 колледждің қатарына енгізілген бұл оқу орнының материалдық-тех­никалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін  республикалық бюджеттен 323 млн теңге қаржы бөлініп, қажетті дү­ниелер алынды. Аталған шаралардың барлығы – ұжымның сан жылдардағы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан білім ошағына бұдан да зор жетістіктер мен табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орын­басары.

Жиын барысында ғалым, про­фессор Қазыбай Құдайбергенов И.Әбдікәрімов туралы естелік айтса, қызы Шәмшия Исатайқызы ұжым басшылығына өз алғысын жеткізді. Мұнан кейін жиналған көпшілік “Жас маман” жобасы бойынша жаб­дық­талған зертханалармен таны­сып, “Шежірелі білім ордасы” атты салтанатты кештің куәсі болды. Шара соңында ардагер ұстаз­дар, үздік түлектер, колледж демеу­ші­лері 90 жылдық арнайы мерекелік медальмен марапатталып, оқу орны тарихындағы оқиғалар тізбегі мен білім саласында есімдері елеулі ұстаздар жайын сөз еткен “Шежірелі білім ордасы” атты естелік кітапты сыйға алды.

Бүгінде  мұнда 2000-ға тарта студент 30 мамандық негізінде білім алады. Айта кету керек, бұл жерден мемлекет және қоғам қайраткерлері И.Әбдікәрімов, Ұ.Еспанов, О.Бәйім­бетов, А.Бисенов, ғылым доктор­лары Ғ.Мүсілімов, А.Шәменов, Р.Тайманов, С.Қошқаров, М.Жайым­бетов секілді тұлғалар білім алған. Осындай қайраткерлерді өсірген оқу ордасының облыс экономикасының дамуы мен инновациялық жобалар­ды жүзеге асыруға қажетті кадр­ларды даярлауда, жастардың кәсіп­тік білім алып, сұранысқа ие маман болуында алар орны ерекше.

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<