Қыпшақ қағанаты

1825

0

Біз кімбіз?

… Ел отыр –

Ескібөген көл жағалай,

Емпілдеп келеміз біз қолбаладай.

Тарихын туған жердің түгендеуге,

Аулаққа алып шықты Орман ағай.

Бозамық шаңға бөлеп, шұбап қырды,

Топ бала төбешіктен құлап гүлді.

Домалап келе жатқан баршасының

Қап-қара көздерінде сұрақ тұрды…

Сабақтап тарихты талай-талай,

Бүк түсіп жатқан құмға қарайды аға.

– Біз кімбіз?

Кімдерміз біз?

…Жан жарасын,

Ағайдың тырнап алдық абайламай.

«Біз кімбіз»…

Кеудеміз күй күмбірлеген,

Тегімді маубаспын ба, дым білмеген.

Дағдарып аяқ асты қалған ағай,

– Түбім кім?

– Тегім кімдер?

– Кіммін дегем?!

…Танауды тартып қойдым

сыртқа қарап,

Егеске құлақ асқан жұрт шамалы-ақ.

Әуелі бұрқ-сарқ етіп қайнады ағай,

– Басыңнан мұндай ойды құрт,

домалақ!

– Тәйт әрі!

Шатып тұрсың нені маған?!

Тегің бе,

Кәдуілгі тегің – Адам.

…Жұмсарып біраздан соң: –

білгенің жөн

Тегіңді арғы-бергі, – деді – балам.

Оты бар кеудесінде жылтыраған,

Көп болса сендей тентек,

Ұлтым аман.

Әумесер әлдекімдер көкігендей,

Қазақтың болған емес жұрты надан.

…Аулақта жылтырайды от.

Еңісте ауыл.

Тарихы тоқсан тарау, кенішті ауыл.

– Тараған Адам-Ата, Хауа-Анадан,

Баршасы адамзаттың тегіс бауыр.

Болғанмен арғы-бергі біл, тегіңді,

Білімсіз біле алмайсың «Күлтегінді».

…Білгенін бүкпей ағай тарам-тарам,

Тарихты – жықпылы мол түртеді інді.

Сыйғызып әр сөзіне мағына мол,

Тасынып, тау суындай ағылады ол.

Ақ орда… Алтын орда айшықтанып,

Шаң басқан шежіресін сағынады ел.

Өткенді небір көне шолып ағай,

Бағасын әр заманның беріп ағай.

Бір кезде Алтын Орда тарихын,

Таратты…

Түсінеміз оны қалай?!

Берке хан мен Бейбарыс сұлтан

Берке хан кезінде Алтын орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. 1262 жылы Бейбарыс Алтын Орда ханы Беркемен өзара достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін екі ел арасында әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнады. Берке хан тұсында Алтын ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды.

Тарихи деректерден

… Ол жайлы әңгіме-аңыз, ертегі әрі,

Тарқатып тарих сырын шертеді әлі.

Ақтарсаң Алтын Орда шежіресін,

Төртінші таққа отырған Берке ханы.

Қолына дербес хандық қонды бағы,

Сәулетті Сарай-Берке салдырады.

Қол үзіп Қарақорым хандығынан,

Тәуелсіз Алтын Орда болды ханы.

Санаға сәуле шашып теңдік ұғым,

Естіртті алыстарға елдік үнін.

Беркенің Ордасына осы тұста,

Біртіндеп мұсылмандық енді дінім.

Не жұмбақ?!

Жан түсінбей дара жолын,

Беркеден сырт айналды Қарақорым.

Еңсесін тіктеді ептеп бірте-бірте,

Бұйығы, бұған дейін дала момын.

Аузына исі түркі Алланы алып,

Жығылды жайнамазға сонда халық.

Христиан дініндегі шүршіт, грек,

Орыстай отырықшы бар қалалық.

Болғанмен түсі бөлек, бөлек діні,

Ойы бір,

Отаны ортақ,

Демек мұны

Сіңірді санасына Сарай халқы,

Бәрінен осы мақсат керек-ті ұлы.

Берке хан бір заманда көздепті алдын,

Әскері әзірлігін тездетті әр күн.

Мұсылман діні Ордаға орнықты әбден,

Тұсында туырлықты Өзбек ханның.

Болса да тым жаңашыл дала ханы,

Берке елін онан сайын қанады әрі.

Күшейді Алтын Орда хандығына,

Қарсылық Бұқара мен Камадағы.

Ант еткен Орда туын құлатпасқа,

Қылышын шапқан жоқ хан бірақ тасқа.

Көтеріліс өрті әнекей, өрши түсті,

Суздальда… Новгород… Ростовта…

Бұл Орда біржолата күнге бетін,

Бұрған көш.

Жер-су асып ғұнға еретін,

Өршітпей Алтын Орда тұс-тұстағы,

Өшірді қарсылықтың бірден отын.

Қанатын, кеңге жайған керегесін,

Еңселі Алтын Орда деген осы.

Орданың шаңырағын шайқалтпады,

Шыңғыстың хан Беркедей немересі.

Сарабдал саясаткер тілге шебер,

Сайын қыр. Қайтіп жалғыз күн

кешеді ел.

Үндіңдей, Мысырыңдай

ұлы елдермен,

Орнатты ортақ қатынас бірнешеме ол.

Қандастың жеткен қандай пейілі

алыстан,

Кезінде моңғолдармен кейде алысқан.

Асығыс арып-ашып Берке ханға,

Ентелеп елші келді Бейбарыстан.

Алыс пен жақын елге аты басым,

Бейбарыс!

Мақтаныш қып тасынасың.

Мүдделі жақсартуға Мысыр елі,

Екі елдің сауда-саттық қатынасын.

Бейбарыс нәті – қыпшақ, дала – анасы,

Қайда да сыяды ердің қара басы.

Даласын сағынбайды деймісің сен,

Сорғалап оңашада о да жасы.

Құлдықтың қыл тұзағын көрді жаста,

Мәмүлік қонысында болды басқа.

Жасқанбай Кутуз сұлтан сияқтанған.

Жауының табанынан өрді таспа.

Емес ол елес өшіп, ескіретін,

Тозақты Египетте кешті жетім.

Ертегі Египеттің егесі енді.

Екі елдің лаулатпақшы достық отын.

Жусаны жаһан дала түске енеді,

Түске енсе бойға қуат-күш береді.

Қынадай қырған жауын қыпшақ ұлы,

Баяғы Аттиладай сұсты ер еді.

Батыста ат тұяғын дүсірлеткен,

Бейбарыс сұлтан қайрап тісін кекпен.

Кіндігін кессе қыпшақ даласында,

Ғұмыры мың сан аңыз Мысырда өткен.

Қыпшақтың бойында

ойнап қаны тіптен,

Даласын кетті кейде сағынып кең.

Әдемі Әл-Мансұр қаласының,

Түбінде түсті басым мәмүліктен

Басқарған Египеттей елі мықты,

Тас-талқан кресшілер жеңіліпті.

Атақты Антиохия қамалы да,

Бейбарыс билігіне беріліпті…

Қарапты Ливия, Палестина,

Бір заман Бейбарыстың қол астына.

Мысыр мен Алтын Орда тіл табысты,

Мінекей, татулыққа жол ашты да.

Қыпшақтар қағанаты қайда алыста,

Не жетсін бауырластық байланысқа.

Бауырға барыс-келіс бақыт нағыз,

Алғысын айтты Берке Бейбарысқа.

Дамытып Каирменен Дамаскіні,

Білімге Бейбарыс бұл жол ашты ірі.

Биліктің тұрған кезде тұғырында,

Талантқа бай болыпты қол асты ұлы.

Бейтарап қалмайтұғын өнер десе,

Бейбарыс күн кешкен жоқ көлеңкеше.

Ұлысын Алтын Орда уысында,

Ұстаған Берке болса ол ерекше.

Өрнектеп өркениет өркені әрі,

Өрбіді өзінше бір өлке заңы.

Қолөнер, кәсіп түрін тез дамытты,

Тұсында Алтын Орда Берке ханы.

Алысты ат үстінде болжаған хан,

Жорықта жеңіс құсы қолға қонған.

Өтсе де жеті жарым ғасыр сонан,

Айбатты Сарай-Берке… қорған ол маң.

Аз емес ашылмаған дала сыры,

Беркенің бейне көзі, қарашығы.

Кенеттен жалғыз қызы

жұмбақ дерттен,

Көз жұмып…

Кетті қызбен бар асылы.

Ажалдың шыдатпайды лаңы жан,

Қайғырып, құса болып жылады хан.

Сонан соң алтын қайық жасатады,

Құлаған қызына өмір пырағынан.

Машқарда жұмақ бөлек, тозақ бөлек,

Қиялын Берке ханның ғажап дер ек.

Жасатып алтын қайық көмді бірге,

Жалғызым жүзіп жүрсін о жақта деп.

Көп жылқы айдатады көр үстінен,

Тып-типыл қыз қабірі.

Тегіс мүлдем.

Жояды көмгендерді

Жан білмесін,

Деп ойлап жай тапқан соң

періште үрден.

… Жер – Ана жатыр демін алып

тыныш,

Түбіне түспейді түк жарық… дыбыс.

Тозған хан табанынан өле-өлгенше,

Таба алмай қыз қабірін қалыпты-мыс…

Қарулы арқа сүйеп қыпшақтарға,

Ақ туын хан соларға ұстатты Орда.

Ержүрек Алшын, Тама, Найман,

Керей,

Өзінен бұрын орға, түсті оттарға…

Көңілмен көсілген кең далаға тән,

Баршасы сол даланы санады Отан.

Өсті-өнді Алтын Орда аясында,

Орыстың мұжығы да қара табан.

Берке хан берік ұстап төңірегін,

Дүниеге жайды атағын сенімі елдің.

Сонан ба Дунайменен Днестрге,

Ұласты ұлан байтақ шебі де оның.

Бұйрығы бұлжымайды,

Сол болады!

Билеген емін-еркін ен даланы.

Еркекті тандыратын естен мүлде,

Жүз қатын сүйіпті-мыс Орда ханы.

Алма төс… оймақ ауыз… қыпша белі,

Ордадан оқшау, соның тыста көбі.

Жұмарлап ақ төсекте жұпар исі,

Қыпшақтың ару қызын құшқан еді.

Ол ол ма, хас сұлудың қас қияқтай,

Бауырына алма төсін басты шоқтай.

Әйгілі Ярослав князь жары,

Күйдірді тұла бойын Настя оттай.

Тоймайтын еркелесе назды ойынға,

Көз түссе алма төске… қаз мойынға.

Құмарлық құшағында күйіп-жанып,

Берке хан ұмытатын өз жайын да.

Әсем жар әр жігіттің мықты арманы,

Шайқасқа шашын түйіп шықты

ол дағы.

Мона Лиза сияқты моңғол қызы,

Мағұлым Бейбарысқа жұп болғаны.

Еш ессіз хан қосағы емес кісі,

Ел туын желбіреткен егесте ісі.

Басқасын айтпағанда Бөрте әжесі,

Болыпты Шыңғыс қаған кеңесшісі.

Оймақтай ойдан өріп өрнекті сөз,

Ханшайым қарасына бермепті сөз.

Баулыған Бөрте анасы Жошы хан да,

Ел қамын ойлап ерте ержетті тез.

Кеңейткен әйелмен ер керегесін,

Керексе құшағында сен өлесің…

Баршынкент,

Баянауыл,

Қатын қамал,

Аягөз…

Қазақ үшін ерек есім.

Алаштың арулары асыл арман,

Сақ қызы Тұмар ханым – жасын

ол жан.

Даланың Азаттығы үшін парсы,

Патшасы Кирдың Тұмар басын алған.

Ойласам өткенімді жанам оттай,

Аруағы ақша бұлттай, жанары оқтай.

Аналар өткен адам баласына,

Жолатпай жамандықты Домалақтай.

Ерлігін аңыз етіп жұртқа дәйім,

Баулыған бойжеткеннің ұлт талайын.

Қазақпыз қыз өсірген қырмызыдай,

Баяндай,

Қыз Жібектей,

Құртқадайын.

…Өткенді, шолсам ойлап кейде

алысты,

Бауырмал еткен Берке – Бейбарысты.

Түбі бір туысқандық қатынас қой,

Түркілік тектеріне байланысты.

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<